Жанарлардың жарығын жаққан «Оптимед»

Әр мемлекеттің басты құндылығы мен байлығы халық болып саналады. Жер бетіндегі ашылып жатқан тың жаңалықтар да, жасалып жатқан жаһандық өзгерістер де адамның қолынан. Олай болса кез-келген мемлекет үшін сол елдің құнды қуат көзі – халықтың жай-күйі басты назарда. Бірінші мәселе тұрғындардың денсаулығы. Мұндайда қазақ «Денсаулық – зор байлық» деген. Демек мемлекеттің байлығы адам болса, адамның басты байлығы оның денсаулығы. Сол себепті де әр ел өзінің байлығының байлығын басты назарға ұстап бағады.
Еліміз егемендігін алған сәттен бастап-ақ, денсаулық сақтау саласына ден қойылды. Алайда, жаңадан салынған ауруханалар мен қатар жаңадан аурудың де бүгінде түрлері көбейіп келеді. Мамандардың сөзіне сенсек мұның басты себебі экологиялық зардаптар мен ішкен асымыздың қоспамен қойыртпақтануында екен. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасында да еліміздің медицина саласы мен оның қызметін ілгерілету жайы нақты көрсетілген болатын. Бүгінде дәрігерлерді алаңдатып отырған аурулардың бірі көз аурулары. Ересектермен қоса бұл дертке жасөспірімдер де жиі шалдығатын болған.

Иә, адамның табиғат берген сезім мүшелерінің ішіндегі ең құндысы көз болып табылады. Көз адамға сыртқы дүниеден алатын мәліметтердің 90 пайызын береді. Көздің жақсы көруі оқу, демалыс және күнделікті өмірде адам үшін өте қажет. Кез-келген адам көз жанарын сақтау, қорғау керек екеніндігін есінде ұстаған абзал. Сонымен қатар, ең маңыздысы әр бала ағзасының түрлі әсерлерді қабылдау қабілеті жоғары болуына байланысты баланың жас кезінде көз жанарын сақтауына ерекше көңіл бөлу қажет.
Көз аурулары – көздің көруінің нашарлауынан, оның сәуле сындыру күшінің ақауларынан, алыстан көргіштік, алыстан көрмеушілік, астигматтық, дальтонизм пайда болатын және іштен туа біткен аурулар. Кейінгі жылдары іштен туа біткен ауру – су қараңғы (глаукома) мен көз жарақаттары жиі кездеседі. Көз ауруларының пайда болуының түрлері мынадай:
Мехникалық – оның ішінде әр түрлі жарақаттар алу, физикалық – шаң-тозаң, үшнитротолуол тозаңдары мен булары, химиялық – күкіртті сутек, мышьяк, және физикалық-химиялық – ультракүлгін, инфрақызыл сәулелер, жарық тағы басқа да факторлар әсер етеді. Көз ауруларының жиі кездесетін түрлері: басыр, бленнорея, катаракта, коньюктивит, көзге ақ түсу және тағы басқалары.
Көзге ақ түсу, лейкома (leu coma corneae) – көздің қасаң қабығының ауруы. Бұл, көбінесе, жарақаттанудан, қабынудан, көзге шыққан түрлі жарадан болады. Қызылша, шешек, туберкулез ауруларының асқынуынан қасаң қабықта ақ дақ пайда болып, ол кейде беріштеніп бітуі мүмкін. Мұның салдарынан көздің көруіне нұқсан келеді. Көздің көруі қасаң қабықтың қай жеріне ақ түскеніне, оның көлеміне байланысты. Егер ақ қарашыққа түссе, адам көрмей қалады. Көзге түскен ақ дәрі-дәрмекке жазылмаса, оған хирургиялық операция жасалады. Ішкі органдар мен жүйелердің аурулары да Көз ауруларына әкеледі. Мысалы, қоян көз, бадырақ көз, Аргайлл Робертсон белгісі секілді тағы басқа да себептер. Емделмеген Көз аурулары көздің көруін нашарлатып, соқырлыққа да әкелуі мүмкін.
Осы орайда қала ішіндегі елімізге белгілі 21 жылдық тарихы бар «Оптимед» көз хирургиясы орталығы» жұмысымен танысып қайттық. 1998 жылы Қазақстан Республикасы мен жақын шетел тұрғындарына сапалы мамандандырылған, білікті офтальмологиялық көмек көрсету мақсатында құрылған бұл орталық бүгінде талай жанның дертіне шипа берген бірден-бір орын болып отыр. Клиниканың жетекшісі «Алтын дәрігер» белгісінің иегері Алимов Ержан Құдиярұлы.
Қазіргі уақытта «Оптимед» «көз хирургиясы орталығы» ЖШС заманауи жаңа ғимаратпен, соңғы буындағы медициналық техниканың жетекші өндірушілерінің мамандандырылған жоғары технологиялық жабдықтарымен жабдықталған. Бұл жерде науқастарды жедел және дәл диагноз қою және хирургиялық емдеу үшін қажет барлық нәрсе бар.
Орталық жұмысының басты басымдықтары: көз ауруларын диагностикалау мен емдеуде жаңа технологияларды уақтылы енгізу және қызмет көрсету сапасын үнемі жақсарту болып табылады.
«Оптимед» көз хирургиясы орталығының мамандары – бұл жоғары дәрежелі дәрігер мамандар командасы: басым көпшілігі ғылыми атақ-дәрежеге қол жеткізіп үлгенрген кәнігі қызметкер, өз ісінің нағыз шеберлері десе болатындай. Мұндағы жоғары санатты дәрігерлер, еуропалық катаракталды және рефракционды хирургтар қоғамының (ESCRS) мүшелері, Еуропа елдеріндегі халықаралық конференциялар мен мастер – класстардан әрдайым тәжірибе алмасып отырады. Олардың кәсібилігі мен іскерлігінің арқасында бүгінгі күні пациенттер мен әріптестер арасында клиниканың беделі де артып отыр.
Аталмыш клиникада көз ауруларын диагностикалау, терапевтік және хирургиялық емдеу: катаракта, глаукома, миопия, гипермитропия, қылилық, тор көз ауруы, көру жүйкесі, шыны тәрізді дене және қабақ операцияларын жасау және емдеу қызметтері көрсетіледі.
Клиника заманауи диагностикалық жабдықтармен: Автокераторефрактометрлермен, пневмотонометрлермен, «Периком» Автоматты периграфымен, Дистанционды педиатриялық Авторефкератометрмен, УДЗ аппаратымен, үш өлшемді оптикалық когерентті томографияға арналған аспаптармен, iolmaster оптикалық когерентті биометрмен, а-Scan биометрімен, Verion алдыңғы қатарлы диагностикалық навигациялық жүйемен жабдықталған.
Балалар мен ересектерде емдеу жұмыстары жалпы тыңғылықты түрде жүргізілетіндігін айтады мұндағы мамандар. Оның ішінде көз қылилығы да басты назарда. Көздің бұл ауру түрі консервативті емдеу Синоптофор аппаратында жүргізіледі. Жалпы алғанда жылына бұл жерде 80 нен астам бала көз қылилығы бойынша емдеу курстарынан өтеді екен.
Емханадағы келушілердің саны орта есеппен алғанда жылына 17000 адам, оның ішінде 3000 нан астамы балалар екен. Жыл сайын 2000 ға жуық микрохирургиялық операциялар жүргізіледі, оның ішінде 1200 ге жуық катаракты факоэмульсификациялау. Интраокулярлы линзалардың заманауи модельдері, соның ішінде мультифакальды линзалар имплантацияланады. Орталықтағы барлық операциялар әрбір пациент үшін жеке әзірленген жоспар бойынша жүргізіледі.
Сондай-ақ, «Оптимедке» жыл сайын тек жергілікті облыс тұрғындары ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінен дертіне шипа іздеген емделушілер көптеп келуде. Бұл да сапалы қызметтің нәтежиесі болса керек.
Орталықта ем қабылдап жатқан және кезек күтіп тұрған паценттермен арнайы барып тілдескенімде емхананың қызмет көрсету сапасының жақсы әрі жүйелі түрде ем-шара жұмыстарын жүргізіп жатқандығын айтып ризашылықтарын білдірді. Көздің барлық қаралу, тексерілу түрлерінің құны орта есеппен алғанда небәрі 3000 теңге. Және тағы бір байқағанымыз жұмыс орынында уақытын күтіп тағаты таусылып отырған адам таппайсың, барлық қабылданушыларды, әсіресе жасы егде тартқан қарт кісілерді келе салысымен-ақ әр қызметкерлер жеке қабылдау бөлмелеріне алып кетіп жатыр. Жасыратыны жоқ емханға барғанда егде тартқан кісілер тұрмақ жастардың өзі жағдайларын айтып шағанып жатады. Ал бұл жердегі берекелі қызметке қарап біздің де ішіміз бір жылып қалды.
2013 жылдан бастап «Оптимед» көз хирургиясы орталығы» Тараз қаласы мен Жамбыл облысында бірінші болып wavelight Эксимер лазер ЕХ500 рефракциялық кешенінде Фемто Ласик әдісімен және FS200 Фемтосекунд лазері арқылы көзді лазерлік түзету бойынша операциялар жүргізуде. Жыл сайын гипермитропиясы, миопиясы, астигматизмі бар адамдардың көруін қалпына келтіру бойынша 300 ден астам операция жүргізіледі.
«Оптимед» көз хирургиясы орталығының» тағы бір ерекшелгі мекеме көпұлтты ұжымнан тұрады. Олай дейтініміз бір ұжымда қазақтармен қатар орыстар, татарлар, гректер, өзбектер, дүнгендер, украиндар, кәрістер, белорустар, еврейлер, немістер, поляктар, күрдтер, түріктер және әзірбайжан секілді бірнеше ұлт өкілдері жұмыс істейді. Бұл – көпұлтты мемлекеттің көркемдігі – іскерлік, оның ішінде адам өміріне қатысты жұмыста жұмыла жұдырық болуы басқаларға үлгі болып отыр. Мұндағы әр қызметкер де аталмыш мекемеде жұмыс жасап жатқандарына қуанышты, әрі бір үйдің баласындай тату екендіктерін айтады. Хирургиялық орталық қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 170 000 теңге. «Жыл сайын мамандардың біліктіліктілігін жетілдіріп отыру мақсатында рет-ретімен дәрігерлерді шет елдің үздік оқыту орталықтарына жіберіп отырамыз» дейді мекеме басшылығы.
Көз жанардың неден бұзылатыны – барлығына өте жақсы таныс. Дегенмен, тегі жақсы, аз ауыратын және дене дамуы мықты балалардың да көз жанарының көргіштігі нашарлау жағдайлары жоқ емес. Сондықтан жоғарыда атап өткен «Оптимед» көз хирургиясы орталығының» басшысы Ержан Құдиярұлы алдағы уақытта жұмыс істеп тұрған орталықтың іргесінен тағы бір қосымша ғимат салынып жатқандығын көрсетіп, келешекте ол жер арнайы балаларға арналған көз хирургия орталығы болатынын жеткізді. Өйткені бүгінгі таңда ересектермен қатар жасөспірімдердің арасында да бұл ауру түрлеріне шалдығатындардың саны жиілеп кеткен көрінеді.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген ата-бабамыз денсаулықтың зор байлық екендігін айтып, оған ерекше күтіммен әрі сақтықпен қараған. Қай уақытта, қандай жағдайда болмасын тәңірдің тарту етіп берген тәнін сауатты түрде сақтап, саламатты өмір салтын ұстанғанымыз абзал!

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *