Маңызды жұмысқа атүсті қарауға болмайды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев облысқа арнайы сапарымен келді. Сапар барысында министр Тараз қаласын­дағы халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысып, атаулы әлеуметтік көмектің берілу барысына қанықты.

Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бауыржан Төлегенов осыдан екі жыл бұрын ашылған мекеменің ғимаратын көрсетіп, атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады.
Орталық басшысы бүгінгі күні жұмыспен қамту орталығының өкілдері 1008 отбасыны тексергенін, оның ішінде 271 отбасының жасырын табысы бар екені анықталып, 11 іс сотқа беріліп, 2 отбасы алған қаражатын өз еркімен қайтарғанын тілге тиек етті. Бердібек Машбекұлы атаулы әлеуметтік көмекті алуда облыстардан азаматтардың заң бұзушылық фактілері анықталғанын, оларға заңсыз төленген қаражатты өз еріктерімен қайтарудан бас тартқан жағдайда құқық қорғау органдарымен жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы облыс орталығындағы «Barbershop» ерлер салонына барды. Салон жетекшісі Аида Батырбекова осыдан 1 жыл бұрын «ДАМУ» қорынан «Еңбек» бағдарламасы аясында 6 пайыздық үстемемен 5 миллион теңге қаржы алған. Бұл қаржығы кәсіпкер қала орталығынан ерлер шаштаразын ашып, тұтынушылардың талғамына сай қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі таңда салонда 6 адам жұмыс істейді. Ашылғанына жыл толмаса да шаштараздың жұмысы жүйеленіп, кәсіпкердің мемлекеттен алған берешегі де бітуге шақ қалған. Көпбалалы ана алдағы уақытта кәсібін кеңейткісі келетінін жасырмады. Министр өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелентіп отырған кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың өңірге жұмыс сапары облыстық әкімдіктегі жиынмен жалғасты. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау ісінің жай-жапсары жан-жақты қаралған басқосуға жергілікті атқарушы органдардың басшылары, мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық емес ұйымдардың жетекшілері қатысты. Басқосуда алғы сөзді алған облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмысының барысы туралы баяндама жасады.
– Облыста 162,5 мың адам немесе 32,5 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Атаулы әлеуметтік көмекке 21,2 миллиард теңге қарастырылса, оның 1,2 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінеді. Көмек алушылардың 16,5 пайызы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. 12 отбасы бір реттік атаулы әлеуметтік көмек алып, жеке қосалқы шаруашылық пен кәсіпкерлікті дамытуда. Сол секілді Тараз, Жаңатас, Қаратау қалаларында баспанаға мұқтаж 612 отбасыны тұрғын үй кезегі келгенше жатақханалармен қамту жоспарлануда, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Баяндаманы мұқият тыңдап шыққан Бердібек Машбекұлы қорытынды сөзінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмекті шын мұқтаж жандарға тағайындау жұмыстарының ақсауына мемлекеттік органдар арасындағы байланыстың өз деңгейінде болмауы себеп екенін алға тартты. Сонымен бірге өңірде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау ісін әлі де ширатып, оның төңірегінде қалыптасқан мәселелерді мемлекеттік мекемелермен бірлесіп уақыт оздырмай шешуді тапсырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің облысқа жасаған жұмыс сапарының соңы Т.Рысқұлов ауданындағы халықты жұмыспен қамту орталығының тынысымен танысумен түйінделді.

Сайын ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *