Жыр алыбының шөбересімен жүздесті

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жамбыл Жабаевтың шөбересі Мұратхан Жамбыловты қабылдады. Кездесуде біршама уақыттан бері дау болып жүрген жыр жампозының ескерткіші әңгіме арқауына айналды.

«Біткен іске сыншы көп» дейді дана халқымыз. Жарты ғасырға жуық ескі көк базардың алдында тұрған Жамбыл Жабаевтың еңселі ескерткіші өткен жылы қала күні қарсаңында облыс әкімдігінің ғимаратының алдына орналастырылды. Қазір облыс орталығының ең көрнекті жерінде тұрған жыр алыбының ескерткіші қала тұрғындарымен қоса, туристердің де назарын өзіне еріксіз аударуда. Сондай-ақ исі қазаққа ортақ алып ақынның ескерткіші өңірдің әдебиеті мен өнегелі өткенінен сыр шертіп тұрғаны тағы ақиқат. Алайда қандай пиғылы барын кім білсін, тырнақ астынан кір іздеушілер де табылып, әсіресе әлеуметтік желіде ескерткішке қатысты түрлі сыни пікірлер қалыптасты. Байыбына бармай байбалам салып, жыр алыбының ескерткішін өз орнында қалдыруын талап еткен әлеуметтік желі белсенділері осы уақытқа дейін жиі-жиі шу шығарды. Сондықтан да Мұратхан Жамбылов облысымызға арнайы келіп, даулы мәселенің түйіні қойылғандай болды. Кездесуде Асқар Исабекұлына жыр алыбы ұрпақтарының атынан ризашылығын білдіріп, ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмысына табыс тіледі.
– Қасиетті Әулиеата өңірі маған ерекше ыстық. Сондықтан да қарбалас тірліктен қолым қалт еткенде келіп кетуге тырысамын. Дегенмен кейінгі уақытта жолым түспей жүр еді. Әйтеуір таяуда сәті түсіп бабамыздың атын иемденген облысқа арнайы келіп, қуанып жатырмыз. Шыны керек, аз уақыт аралығында облыс орталығында атқарылған жұмыстарды көзбен көріп, жанарыма жас үйірілді. Алып шаһар Алматының өзінде мұндай өзгеріс жоқ. Шаһардың ажары ашылып, тотыдай тарана түсіпті. Мұндайда алғыстан басқа не айтуға болады? Сол себепті бабамыздың ұрпақтары атынан ризашылығымды білдірмек ниетпен арнайы келдім.
Ең алғаш Тараз қаласына жеті жасымда келгенмін. Әлі есімде, сонда ескерткіштің айналасының барлығы құмырсқадай құжынаған ел. Алды көк базар. Абыр-сабыр ала таңнан қара кешке дейін басылмайтын. Сонда ескерткіштің көлеңкесінде ішімдік ішіп, есінен айырылып жатқандарды да көзім көрген. Ал қазір ескерткіш өз орнын тауып, облыстың бас ғимаратының алдында менмұндалап тұр. Бізге, баба ұрпақтарына мұнан артық қандай бақыт керек! Сондықтан басымды иіп, алғысымды айтамын.
Әрине, ел аузына қақпақ қою мүмкін емес. Сан түрлі пікір айтылады. Бірақ қылдан қиқым іздеудің қажеті шамалы. Керісінше жұдырықтай жұмылып, болғанға болысу керек, – деді М.Жамбылов.
Ал аймақ басшысы Асқар Исабекұлы ескерткішке қатысты тірліктің барлығы егжей-тегжейлі зерделеніп, нәтижесіне қарай тиісті шешім қабылдағанын айтты.
– Егер ескерткіштің жағдайы жақсы болса, бүтінді бүлдіріп неміз бар. Мәселен, облыстық қазақ драма театрының алдындағы Бауыржан Момышұлының ескерткішін жарамды болғандықтан, сол күйінде «Жеңіс» саябағына қойдық. Ал Жамбыл Жабаевтың ескерткішінің тозығы жеткендіктен ауыстыруға тура келді. Бұл асығыс жасалған қадам емес. Алдымен барлығы жан-жақты зерделенді. Орнын ауыстыратынымызды айтқанда тиісті мекемелер хат жазып, ескерткішті көшіруге болмайтынын айтты. Өйткені 60 жылдан астам уақыт бір орнында тұрғандықтан жарылып кеткен. Қозғауға болмайды. Енді не істейміз? Ойлана келе дәл солай қайта жасауға шешім қабылдадық. Сонымен қатар тұрған орны да келіңкіремеді. Егер Төле би көшесі, Жамбыл даңғылында тұрған болса, әңгіме басқа. Облыс – Жамбылдың атында. Ендеше ескерткішті облыстың бас ғимаратының алдына қоймағанда қайда апарамыз?!
Ал ескі ескерткішті қоқысқа лақтырып тастаған ешкім жоқ. Егер жөндеуге жарайтын болса, қойылатын орын табылады. Сол себепті енді бұл мәселені әрмен қарай қаузай берудің түкке керегі жоқ. Бұл туралы айтқанмын да. Әлі күнге дейін не себепті дау-дамай туып жүргенін түсінбеймін.
Жалпы облысымызда Жамбыл Жабаевтың есімін ұлықтау мақсатында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Жылда дәстүрлі түрде республикалық ақындар айтысы өткізіліп келеді. Ережесі бекітілді. Сондықтан алдағы уақытта да үзіліссіз өткізіле беретін болады, – деді Асқар Исабекұлы.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *