Егіншілер еңбектерінің өнбегі мол болатынына сенімді

Мойынқұмдықтар ежелден егін егіп, мал өсіреді. Сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда сәл абдырап қалғаны болмаса, бүгінде өңір егіншілерінің еңсесі қайта көтерілген. Бұған тоғандардың мемлекет меншігіне алынып, табаны күл-қоқыстан, топырақтан аршылып, арық-атызға ағын судың келуі игі ықпалын тигізуде.

Нарық заманына бейімделген аудан жұртшылығының қазіргі таңда кәсіпкерлікке ден қойғаны байқалады. Кәсіпкерлердің есебінен дүкендер, жанармай бекеттері мен түрлі қызмет көрсету орталықтары ашылып, жұмыс істеуде.
Кәсібі дөңгелеген елдің нәсібі бар. Соның ішінде Кеңес ауылдық округінің диқандары суармалы жерді тиімді игеріп отыр. Бүгінде округте 1515 гектар егістік жерге егін өсірілуде. Биыл жүгері – 300, арпа – 100 және жоңышқа 100 гектарға себілсе, 35 гектарға картоп егілген. Одан бөлек күнбағыс – 25, бақша дақылдары 270 гектарға орналастырылған. Бұған қоса 685 гектар жоңышқа алқабы бар. Бірінші орымынан мол пішен дайындалды.
Биыл егіннің шығымы жақсы. Осы ретте Кеңес ауылдық округі әкімі Әділет Мұқашевты сөзге тартқан едік.
– Дақылдардың шығымы көңілге қуаныш ұялатады. Тоғандарға су түскелі диқандардың да еңсесі көтеріліп қалды. Ең бастысы, олардың ертеңге деген сенімі нығайды. Қазіргі таңда егіс алқаптарына ағын су уақтылы беріліп отыр. Жоңышқаның бірінші орымын жинап алдық. Бұрын көкөніс тұрмақ жоңышқаны суаруға судың өзі қат болатын. Енді дақылдардан босаған суды жоңышқалыққа салуда, – дейді ол.
Диқандар көкөніспен қатар жүгері, мақсары дақылдарының көлемін ұлғайтыпты. Егістікке берілетін ағын суға ақы төлеу мәселесі дұрыс жолға қойылған. Диқандар пайдаланған суының 30 пайыз төлемін жасаған. Ал жерін игере алмаған 6 шаруа қожалығы 45 гектарға жуық егіс алқабын мемлекет меншігіне өткізген.

Жолдыбай ДӘМЕТОВ,
Мойынқұм ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *