Байзақтық шаруалар астық орағын бастап кетті

Жадыраған жаздың егіні дер шағында пісіп, жетілді. Қазір аймақта егін орағы қызу басталды. Алғашқы кезекте арпа егісіне орақ түссе, санаулы күндерден кейін бидай егісі де орақты күтуде.
Біз аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Қуанышевтен биылғы егін орағының барысы жөнінде сұраған едік.

— Әлібек Қаппарұлы, алдымен әңгімені ағымдағы жылға аудан көлемінде егілген егіс көлемінен бастасақ?
— Аудан бойынша биылғы дәнді дақыл егісінің көлемі 13 836 гектарды құрап отыр. Оның ішінде, 5855 гектар алқапқа бидай, 7981 гектарға арпа егілген. Бүгінгі таңда, 2900 гектар орылып, одан 6438 тонна өнім алынды.
— Қазір егіске қай шаруашылықтар орақ салды?
— Төрт шаруашылық бүгінгі күнге арпа егісін жинауды бастап кетті. Олардың қатарында, атап айтар болсақ, «Достық — 99», «Бапыш — Сейсенбай», «Жетібай», «Байназаров» шаруа қожалықтары бар. Шаруалардың берген мәліметтері бойынша гектарына орташа түсім 22,2 центнерден айналуда.
— Қалған шаруашылықтар орақ жұмысын қашан бастайды?
— Осы аптаның аяғына таман барлық шаруашылықтар да егін орағына қалмай кіріседі. Арпа пісіп тұр. Көп кешікпей бидай алқабы да жинауға келеді. Ертерек еккендердің бидайы толық пісіп те үлгерді.
— Орақ науқанына қанша техника тартылып отыр?
— Біздің ауданда да егін орағы алдындағы әзірлік толық аяқталды. Бұл кезде техниканы, оның ішінде комбайндарды жөндеудің маңызы зор.
Биылғы егін орағы науқанына аудан бойынша 40 комбайн қатысады деп жоспарланса, қазіргі күні оның 35-і ораққа тартылды. Осы комбайндар күніне орташа есеппен 17,9 гектарды оруда.
— Масақты дәнді дақылдарды жинау жұмыстары өз мерзімінде аяқтала ма?
— Баршаға мәлім жағдай егін орағының әр күні санаулы. Ол ырғалып-жырғалып жүруді көтермейді. Сондықтан біз бұл жұмысты қайткенде қысқа мерзімде аяқтаймыз дегенді алдын ала ойластырдық. Ол үшін еңбек қарқынын арттырып отырмыз.
— Рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын.

Сұхбатты жүргізген
Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ,
Байзақ ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *