Табандылық жас талғамайды

Елбасы жүктеген ауқымды міндеттің бірі-Қарапайым заттар экономикасын құру. Жобаның мақсаты-бизнес жоспар дайындаудан бастап жобаны қаржыландыруға дейінгі жұмыстың барлығына қолдау көрсету. Сол арқылы өз елімізде өндірілетін өнімнің үлес салмағын арттырып, тұрғындарды жұмыспен қамту болып табылады.

Аудан әкімдігі кәсіп­керлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың ай­туынша, жоба халық күнделікті тұтынатын 250-ге жуық тауарды өндіруге және оның көлемін арттыруға жол ашады. Жаңа қаржыландыру таяу жылдары аталған тауарлардың импорттық үлесін 14 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік бермек.
Біз әңгіме еткелі отырған жеке кәсіпкер Әділхан Ордабеков те бастаманың алдағы уақытта іс жасауға ниет білдірген азаматтарға үлкен қолдау болатындығын жасырмайды.
Өзі басқаратын «Әділ GROUP» — малға және құсқа қажетті азық шығарумен айналысады. Нақтырақ, сиыр, жылқы, бордақыланатын бұқаларға, сондай-ақ, құс­қа арналған құрама жем (комбикорм) өндіруді қолға алған Әділхан аға бұл кәсіпке үлкен дайындықпен келгендігі көрініп тұр. Алғашқыда әктасты Мырзатай ауылындағы құс фабрикасына тасымалдап жүріп, құсқа қажетті азықты дайындамаққа бел буады. Тәуекел етіп, Ресейден арнайы құрал-жабдыққа тапсырыс береді. Ісін бастамаққа шындап кіріскен кәсіпкер төмен пайызбен несие алады. Бүгінде шаруасы қалыпқа түскен Әділхан аға жұмыстың оңай еместігін айтады.
-Түліктің түріне қарай құрама жемнің дайындалуы да әртүрлі. Мәселен, оның көлемі тауыққа-3 мм, ірі қараға және жылқы малына-8 мм болуы тиіс. Оның құрамында күнбағыс майы, бидай, арпа, жоңыршқа, әктас ұнтағы тағы басқа қоспалар бар. Майлы және дәнді дақылдарды қолға түсірудің өзі біраз шаруа. Соның ішінде күнжара (жмых)мен мақсарыны Жуалыдан алдырамын. Егер күнжараны өзім ексем өсімдік майын өндірумен қатар, оны әлдеқайда төмен бағаға ұсынуға болар еді,-дейді.
Үйдің ауласына орна­тылған арнайы құрал-жаб­дықтың көмегімен тәулігіне тауыққа 1,5 тонна, ал ірі қара малына 2,5 тонна құрама жем шығарады. Құрама жемнің артықшылығы-60 күнде байланатын жылқыны аз шығынмен бір жарым айда семіртуге болады. Малға берілетін азықтан басқа, балыққа арналған жем түрлері де бар. Қазіргі таңда кәсіпкер 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ә.Ордабековтің иелігінде «Әділ GROUP»-тен бөлек «Ая и КА» және «Дәулет» шаруа қожалығы бар. Атауы бөлек демесең атқаратын жұмысы бір-бірімен байланысып жатыр. Әдетте, өнім дайындалғанда табиғат жағдайы ескеріледі.
— Құрама жемді күркедегі тауыққа беріп жатырмын. Нәтиже жаман емес. Адам­дардың көбісі, жем берудің талабын сақтай бермейді. Мысалы, тауыққа күніне 150 грамм құрама жем жетіп жатыр. Таңертеңге 75, кешке 75 граммен өлшесең болады. Уақытқа қараймай алдына төге бермеу қажет. Адамға да бір тамақты қайтарып дастарханға әкеле берсе, одан да шығасың ғой. Міне, сол сияқты,-дейді өз тәжірибесін үнемі сынақтан өткізіп келе жатқан кәсіпкер.
Іскер азамат болашақта әктас ұнтағын өндіретін, мал азығын дайындайтын, мал бордақылайтын шаруашы­лықты біріктіріп, кешен құрмақшы. Қолдау болса, еңбектен қашпайтындығын айтады. Жасы жетпісті алқымдаған Әділхан ағаның жұмысқа деген табандылығы, алға қойған жоспары адамды тәнті етпей қоймайды. Жуырда баламасыз жобаны ұсынып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант иегері атанды. Бөлінген қаржыға өсімдік майын өндіретін қондырғы алмақ. Кәсіпкер ол үшін Ресей тарапымен келіскен де.
Ә.Ордабековтің ерекше жобасының бірі-қолдан бидай өсіру. Тәжірбие арқылы арнайы сөрелерге бидайды тамырландыру арқылы одан өнім алуға болатындығын дәлелдеп шығарды. Негізінен бұл Еуропалық тәжірибеде бар әдіс. Кәсіпкердің айтуынша, 2,5 келі бидайдан 10,5 келі дайын өнім алуға болады. 10-15 см сабақ бар-жоғы 8 күнде өсіп шығады. Өнім бағасын төмен бағаға ұсынуға болады. Тағы бір ерекшелігі- қолдан өсірілген дақыл протеин мен ақуызға бай. Еңбекке бейімделген аға алдағы күзде осы жобаны жүзеге асырмақшы.
Кәсіпкерге қазіргі таңда шаруашылықтың басын біріктіріп ферма ашу үшін қажетті жер алу қиындық тудырып отырған көрінеді. Жергілікті билік ісін қолдаса, алдағы уақытта жұмыс көлемін арттырмақ.
Жалпы, қимылы ширақ ағанының жасын жетпісте деп айта алмайсыз. Қалып­тасқан әдет бойынша қауырт жұмыс үстінде жүреді. 2000 жылы кәсібін бастаған Әділхан Ордабеков оған дейін қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қарапайым оқытушылықтан бастап, деканның орынбасарына дейінгі қызмет сатысынан өткен. Мәрмәр кен орнында директор, «Құрылыс-жанар» ЖШС-де атқарушы директоры сынды қызметтер атқарған. Әділхан аға жинаған мол тәжірибесін бүгінде өзі ашқан кәсібіне жұмсауда. Баласы Ерлан мен қызы Назира әке бастаған жұмысты бірге жалғастырып келеді.
Табандылық жас талғамайды. Тәуекел мен ниет біріксе, алынбайтын қамал жоқ. Бұл сөзімізге Әділхан Ордабековтің іскерлігі мен айналдырып отырған кәсібі дәлел.

Нарбол Қашаған,
Талас ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *