Суырып салма Пірқожа ақын

Осыдан жүз жыл бұрын қазақ ішінде мұсылмандықтың әліпбесін үйретіп,оның қағидаларын халыққа таратқан қожалар әулеті сол замандағы жан-жақты білім алған белсенді әлеуметтік топ болған.Олардың арасында дін жолын ұстанып,балаларға шариғат ұстанымдарын үйреткен имам, қары, ишан,халпелермен бірге ақындар да көп болған. Мәселен,Ұлбике ақынмен жыр сайысына қатысқандардың көбісі(Мәделі қожа,Жәнкел, т.б.) қожа тұқымынан шыққан елге танымал дін мен өнер тізгінін қатар алып жүрген шайыр ақындар.

Арғы жағын былай қойғанда өткен ғасырда Талас ауданында өмір сүрген Мәлімқожа, Қасымқожа және Пірқожа ақындардың есімі елге белгілі.Бүгінгі әңгіме Пірқожа туралы болмақ.Шежірені тарқата келсек ол кісінің төртінші атасы –Боранқожа.Одан кейінгі буын –Балқожа,Төлепқожа,Иманқожаға жалғасады.Иманқожадан бес ұл: Дүрқожа, Пірқожа, Рахманқожа,Томашқожа және Егешқожа тарайды.
Төңкерістен бұрынғы Ойық болыстығын отыз үш жыл басқарған Бейбіттен кейін ел тізгінін ұстаған Тауасарұлы Бекберген №1 ауылдағы әлібектер мекенінде мешіт соғып, оның имамдығына Пірқожаны қояды.Мешіт ұстаған қожа пірадарларымен бірге бес уақыт намаз оқиды.Арасында балаларға әліпби үйретеді.Солардың бірі Тауасар бай екі рет қажылыққа барған жан.Үшінші рет жолға шықпақ болғанда балалары әзер дегенде тоқтатқан екен.
Пірқожа жарықтық осындай діни қызметімен бірге ақындық өнерге де бой ұрған.Өлең-жырларын суырып салып айта береді екен.Өкінішке орай,қағаз бетіне түскен мұрасының бар-жоғы белгісіз.Қаймана қазақ 1926 жылғы қожа-молданы қудалау,1928 жылғы тәркілеу, 1931-1932 жылғы ашаршылық,1936-1938 жылдардағы қуғын- сүргін кезінде араб қарпімен жазылған қолжазба түгіл тасқа басылған кітаптардың өзін өртегенін өртеп,көзі қимағанын жерге жасырып,көміп тастады.Олардан аман қалғаны сиррек.
Кеңес өкіметінің тұсында рабфакта білім алған,Әулиеата уездік милицияның жауапты бөлімін басқарған Пірқожаның ұлы Әбітай 1937 жылы «халық жауы» қатарына ілігіп,16 жылға сотталып кете барады.Міне,осындай кезеңде сарымайдай сақталып келген жазбалардың «ГПУ мен НКВД»жаналғыштарының қолына түсуі, немесе туысқандарының әдейі көзін жоюы бек мүмкін.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін қожаның көзін көріп,өлеңдерін өз аузынан естіген көне көз қариялар көп еді.Солармен бірге табақтас болып,сарықтығын ішкен құйма құлақ жастар да кезігіп қалатын.Қазір біз шетін көрген сол кейінгі буынның жасы — сексен мен тоқсанның ортасында келер еді.Өкінішке орай бүгінде олардың бәрі де келместің кемесіне мініп кетті.
Енді солардан шала-шарпы естіген,есімізде еміс-еміс қалған,үзік жыр жолдарын өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу бізге парыз.Шамада 1916 жылы оңтүстікті жұт лаңы шарпиды.Шаруаға бәлендей қыры жоқ Пірқожа азын-аулақ уақ малын қыстан әзер алып шығады.Қыс аяғы созылғаны соншалық наурыз түгіл сәуірдің өзінде ызғардың беті қайта қоймайды.Жерге шыққан көк қой-ешкінің аузына сәл-пәл іліккенімен жылқының тістеуіне келмейді. Астындағы жалғыз аты ашыққан қожа егіншілікті кәсіп етіп,нәпақасын айырған жатақтар ауылына барып,шөптен қысылып тұрғанын білдіреді.Ауаның райын бағып, «шықпа жаным шықпамен»малдың өз аяғымен өріске шығуын күтіп отырған шаруа адамының жағдайы белгілі.Қиналса да қожаның атына екі бау тарының сабанын өңгертеді. Сонда Пірқожа мәрттік жасаған диқанға ризашылығын бір ауыз өлеңмен білдірген екен:
Жоңышқадан артық болды сабаныңыз,
Сабан іздеп таусылды табанымыз…- Осы қыста көрген қиыншылықтан әбден опық жеген қожа жаз шыға тары екпек болады.Бір жағы үй ішінің қысқы ас-ауқатын ажыратады,екіншіден оның сабаны малға құнарлы азық. Білетіндермен ақылдасып көреді.Бұл өңірде дақылдың екі түрі өсіріледі.Ақ тарының түсімі мол болғанымен пісіп-жетілуі үшін екі ай уақыт керек.Ал қызыл тары 40 күнде ораққа ілінеді.Бірақ шығымы аздау.Қожекең,ақыр қолға алғаннан кейін қап-қап тарыға қарық болып қалуды мақұл көрді.
Шамасы жеткенінше жерді кетпенмен өңдеп,дақылды сеуіп тастайды.Суын да уақтылы
беріп тұрады.Күндер өтіп жатады.Қызыл тары еккендердің қырманы қызыл дәнге тола бастайды.Қожекеңнің танабындағы егіс әлі көк қалпы.Әңгіме уақыттың ерте-кештігінде емес,күн өткен сайын балапандарын қанаттандырған торғайлар егіс үстіне қаптап,басын шоқи бастады. Бала-шаға күні бойы танаптың басынан кетпей сақпандарын аспанға атып, «Ах-ах-ау,ай-қай!Жеп қойды-ау, торғай!»-,деп дауыстары қарлыққанша,тамақтары жыртылғанша байыз таппай айқайға басады.Оларға қолдарындағы темір ыдыстырын сартылдатқан ауылдың қыз-қырқыны қосылады.Күні бойы дамыл жоқ.Балалардың айқайынан ығып жатқан шымшық шамалы.Кісінің қарасы көрінбей қалса,егістікке қайта қонып жаңа бас жарған тарының дәнін шоқиды.
Осыдан әбден ығыр болған қожа:
Ақ тарым-ай!
Шығып едің о баста
Қоқиланып,мақтанып-ай.
Өзіңнен кейін еккен қызыл тары
Түсті қаптың түбіне
Қараланып,ақталып-ай,-деп ренішін өлеңмен білдіріпті.
1917 жылғы төңкерістен кейін билік қызылдарға өтіп,ауылдан кешегі кедей-кепшік белсенділер шығады.Сондай шолақ белсендінің бірі жағдайы жоқтығына қарамай:«Салық төле?»-деп Пірқожаға қайта-қайта келе береді.Бірде қасындағыларымен бірге үйдің ішін, айналаны тінткілеп астық іздейді.Тіптен үй мүлкін де қаттап, «опис»жасаған көрінеді.
Мына қорлыққа шыдай алмаған қожа күні кеше бір болыс елді ашса алақанында,жұмса жұдырығында ұстап келген Бекбергенге барып мұңын былайша шағады:
Құдайдың өзі пана пәндесіне,
Ырзамын не етсе де әрнесіне.
Әзелде тағдыр ісі жазғаннан соң
Пенденің лаж бар ма көнбесіне.
Жоқ еді қожалықтан қаралығым,
Білдірді Әбітайдың балалығын.
Үйімді «опис» қылып тінтетіндей
Бар еді қаншалықты арамдығым.
Бекберген!
Бұл сөзімді көрме айып,
Өкпе-наз айтуыма Сізге лайық.
Ойықтың бас иесі деп айтамын
Қой баққан шаруаны не қылайын?!
Екінші шумақтағы «Білдірді Әбітайдың балалығын»деген жолдардағы Әбітай ол кісінің Әулиеата мен Ташкенде оқып,қызметке енді араласа бастаған жеті қыздың ортасындағы жалғыз ұлы.Болысқа шолақ белсенлердің«Балам қызметке іліге қоймаған соң басынғаны»-деп мұңын шағады.
№1 ауылдағы Әлібектің ішіндегі Енем тармағына жататын Қыстаубайдың Шормақ деген баласы Пірқожаның Әбітайымен бір жылғы төл.Оның азан шақырып қойған аты-Тасқынбай.Өмірге келгенде көзі тұздай көкпеңбек болып туған екен.Ауылдың аузы дуалы бір кісісі алғаш: «Мынаның көзі шордай»-депті.Содан «Шормақ»аталып кетеді.Балалары да сол текпен жазылған.
Көктемде қос шықан кез.Шормақ бидай егіп жатқанда көк құнан мінген қожа жолығып, атына жем сұрайды.Әр түйір дән қат,әрі санаулы.Бір уыс дәннің өзінен бір-екі қадақ бидай өсіп шығады.Шормақ әбден қысылады.Ақ сүйектің тұқымы,ата-бабаларының пірі.Әрі сыртта қызмет ететін баласымен түйдей құрдас,бірге өскен.Аузынан құран,жүзінен иман төгілген қожаның бетін қайтару қара қазақ үшін күнә.Қыс бойы бала-шағаның аузынан жырып сақтаған тұқымды бере салу да оңай емес.
Осылайша,қиналып тұрған Шормақтың есіне «Пірқожа табан астында өлеңді қиыстырады деген сөз»түсе кетіп:
— Қожеке,бір ауыз өлең шығарсаңыз айтқаныңызды орындайын,-дегенін білмей қалады.
Сонда қожа:
Ауылдан шығып едім нәзір іздеп,
Жем болса алайын деп азын-аулақ.
Берер болсаң жеміңді тездетіп бер
Көк құнан тыпыршып тұр,омыраулап,- дейді де Шормаққа ердің алдыңғы қасына ілулі тұрған атдорбасын ұсынады.
Аузынан қағынып,сөзінен жаңылған жас жігіт дорбаға бір ат жемілік бидайды салып береді.
Пірқожа ақынның өлеңдерін «Ойық»кеңшарында отыз жылдай бөлімше басқарған,одан кейінгі он жылда бас зоотехник,мал шаруашылығы цехы жетекшісі лауазымын атқарған Тазабеков Түзеубек көп білетін.Дастархан басындағы әңгіме барысында,екі-үш салт атты кетіп бара жатқанда сөзге тұздық ретінде арасына қыстыра кететін.Қазір соған жете көңіл бөлмегенімізге,қағазға түсіріп алмағанымызға өкінеміз.

Қамбар ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ,
журналист.
Тараз қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *