Жамбылда жастар театрын ашатын уақыт жеткен жоқ па?

«Өнер деген – өмір сүру, іздену,
Білмегенді білгендерден үйрену.
Жұрт назары ажырамас өнерден,
Шын ғашық боп ерекше бір күйге ену» демекші, өнер – шындығында халықтың рухани қазынасы. Ел үшін бұл саланың орны бөлек. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасында да ұлттық өнерді өрістету тапсырылды. Мен осы орайда аталған шығармашылық салада еңбек етіп, тер төккен тетар өнерінің һәм ұлттық өнердің жанашыры ретінде бір мәселе көтермекпін.
Бұқарамен бірге Шерхан Мұртазаның «Театр көбейсе, түрме азаяды» дейтін сөзі бар. Қай кезде де өнер ордасының өскелең ұрпақ үшін берері мол. Ал киелі сахна төрінен өзіне орын таппай жүрген жамбылдық жас таланттар қаншама. Себебі бізде жастар театры жоқ. Ал оқуын бітіріп, қарашаңырақ – қазақ драма театрын жағалап жүрген жас өнерпаздар Жастар жылы аясында бұл мәселе шешімін тапса деген ниетте.

Жастар театры жайлы әңгіме кеше-бүгін айтылып жүрген мәселе емес. Ол туралы ұсыныс осыдан жеті-сегіз жыл бұрын қозғалған болатын. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Неге? Аталған мәселе жастарды ғана емес, өнер жанашырларын да алаңдатып отыр. Негізінен бұл идеяны алғаш ортаға тастаған ҚР Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов пен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, Мәдениет қайраткері, профессор Айгүл Қабиева болатын. Оған негіз де жоқ емес. «Мәдениет және өнер» кафедрасы құрылғалы бері аталған білім ошағынан қаншама талантты, өнерге құштар жастар түлеп ұшып, өмірге жолдама алып кетіп жатыр. Бірақ солардың көбісі театр саласына емес, басқа бағытқа бет бұрып кетуде. Өйткені облыс орталығындағы жалғыз қазақ драма театры бітірушілердің ішіндегі талантты деген жастардың барлығын бірдей жұмысқа ала алмайтыны белгілі. Сексен жылдық тарихы бар облыстық театрдың өзіне қажетті актер құрамы қырық шақты ғана. Енді не істемек керек?
Ойлап қарасақ, іргеміздегі Түркістан облысында Жұмат Шанин атындағы академиялық театр бастаған он беске жуық театр жұмыс жасап, халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Облыс орталығы Түркістан қаласына ауысуына байланысты жаңа орталықтан тағы бір театр ашылады екен деген әңгіме желдей есіп жетіп жатқанын несін жасырайық. Бас қала Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы театр мен басқа да өнер ордаларында сахнаның сәнін келтіріп жүрген жамбылдық таланттарымыз қаншама. Олардың ішінде жоғарыда айтқан «Мәдениет және өнер» кафедрасынан білім алған жастарымыз топ жаруда. Әрине, олардың үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүргеніне мақтанамыз, марқаямыз. Бірақ сондай сахна, сондай көрермен Жамбыл жерінде де бар екені еске түскенде, ішімізден «әттеген-ай» деген бір үн шығатыны жасырын емес.
– «Мәдениет – тынығу жұмысы» мамандығын бітірген білімгерлер Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Кез келген облыс орталығына бара қалсаңыз, біздің шәкірттеріміз алдымыздан шығады. Бәрі де қасиетті өнерден қаражаяу емес. Енді сол талантты қыз-жігіттер басқа жерде емес, өзіміздің облыста еңбек етсе қандай керемет болар еді. Осыдан 7-8 жыл бұрын өзіміздің оқу орнымыздағы студент жастармен бірге қаламыздан жастар театрын ашу туралы бастама көтерген болатынбыз. Бұл бастама оған толық мүмкіндігіміз болған соң көтерілген еді. Алдымен көрермендер алдында өзіміздің қолымыздан не келетінін байқап көрдік. Орындалған Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» мелодрамасын, Қанат Жүністің «Алғашқы махаббат» лирикалық драмасын, Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтің «Беу қыздар-ай» комедиясын көпшілік өте жылы қабылдады. Бұған театр сыншылары жоғары бағаларын берді. Содан кейін сол кездегі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығына қала көлемінде жастар театрын ашайық деген ұсыныспен шықтық. Олар бұл ұсынысқа бірден қолдау көрсетті. Бірақ белгілі себептерге байланысты ұсыныс та, мәдениет басқармасының қолдауы да кейінге шегерілді. Жастар театры ашылмағанымен, қуанарлық жайт, аталған спектакльде ойнаған студенттер тобы толығымен облыстық қазақ драма театрының труппасына қабылданды. Жоғарыда айтылған, атқарылған шаралардың барлығы жастардың көңіліне «Жамбыл жерінде жастар театры керек екен» деген үміт отын жағып кеткені ақиқат еді. Және ең бастысы, өткен 2018 жылы облыс әкімі Асқар Исабекұлы мәдениет және өнер қайраткерлерімен болған кездесуде облысқа жастар театры керек екенін тілге тиек еткен болатын. Бұл ұсыныс өнер шеберлері тарапынан қызу қолдауға ие болған еді. Енді жастар жылында сол идеяны толық іске асырудың реті келіп тұрған сияқты, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Қабиева.
Қазіргідей «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып тұрған» заманда «Шаншар» театры бүгін Таразда болса, ертең Атырауда, арғы күні Семейде өнер көрсетіп жатыр. Осы мақаланы жазу барысында облыс орталығындағы білім ошақтарымен байланысып, өнерлі жастармен қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандықтары туралы азды-көпті зерделеп көрдік. Абай атындағы Жабыл гуманитарлық колледжі «Актер шеберлігі» пәнінің мұғалімі, режиссер Ұлан Абзалиев:
– Таразымызда бірлі-жарым университет, колледждердің жанынан құрылған актерлік өнерге баулитын факультеттер бар. Бірақ облыстық театрға бітірушілерден екі-үш баладан қабылданады. Ал қалған таланттар өзге облыстарға кетуге мәжбүр. Сол жас таланттарды алып қалу үшін, өзіміздің облысымыздың мәдениетін биікке көтеретін, мамандардың басын бір жерде тоқайластыратын жастар театры болса дейміз. Екі театр болатын болса, аға театр мен бала театрдың режиссерлері бір-бірімен тәжірибе алмасып, сырттан көптеген режиссерлермен жұмыс жасауға мүмкіндік туар еді. Мерекелер қарсаңында мектеп, балабақшадағы бүлдіршіндерге арналған қойылымдар қойылады. Мәселен, Алматы қаласынан Түркістанға Қазақ КСР-нің халық артисі Райымбек Сейтметов келіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы университетте өнер факультетін және театр ашты. Жергілікті Шымкент, Түркістан қалаларынан оқу бітірген жас, талантты актерлерді сол театрға қабылдады. Өнер ошағы күні бүгінге дейін ел мәдениетін көтеруде. Соның бірден-бір айғағы, қазір аты шығып жүрген Нұржан Төлендиев бауырымыз. Осындай талантты жастар бізде де бар. Оларды өзіміз оқытып, өзімізде алып қалу үшін киелі Әулиеата өңіріне жастар театры керек.
Жастар театры ашылатын болса, өлкеге жаңа бір леп келер еді. Біздің Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық коледжінде өнер мамандығын жылда оншақты бала аяқтайды. Биыл бітірген үш баламыз Жетісай театрына кетті. Жуырда олар тәуелсіздік жайлы қойған көрінісі үшін әкімнің Алғыс хатын алды. Екі қызымыз Жамбыл облыстық драма театрында, біреуі Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жұмыс істеуде. Бір баламыз халықаралық «Номад» каскадерлік тобында, біреуі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында тәжірибеден өтіп, бүгінгі таңда білгенін бізбен бөлісуде, – дейді.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің де «Мәдениет және өнер» кафедрасы бар. Ол жерде де осы сала бойынша білім беріледі. Бүгінде білімгерлердің күшімен халықтық атағы бар «Жансарай» жастар театры жұмыс істеп тұр. Университеттің проректоры Орынқыз Көпбосынқызының бастамасымен талантты жастардың өнерін дамыту мақсатында қолға алынған театр аз уақыт ішінде облысқа танымал шығармашылық ұжымға айналған. Халықтық театрға Қазақстанға еңбек сіңірген артист Майра Әлімбетова бастаған ұстаздар жетекшілік етеді.
– «Жансарай» театрының құрылғанына тоғыз жылдан асты. Театр жастардан құралған. Осы аралықтың ішінде көптеген спектакльдер қойылды, біршама жетістіктерге жеттік. Бітірген шәкірттеріміз Алматы, Астана қалаларында өнердің бел ортасында жүр, осында да өздерінің жеке өнер студиясын ашып жатқандары аз емес. Осы саланы бастағаннан соң барлығы соңына жетуге тырысады ғой, әрине. Сондықтан әрқайсысы өз қам-қарекетінше өзге аймақтардан болса да жұмыс табуға дағдыланған. Айтпағым, сол жастардың одан әрі шеберлігін шыңдап, өнерге баулитын жастар театрын ашуымыз керек. Тұрғындары миллионнан асатын киелі өлкемізге жалғыз қазақ театры аздық ететінін барлығы біліп отыр ғой. Репертуарымыздан жастарымыздың қатысуымен «Сыған серенадасы», «Ауылдан келген ару», «Тағдыр тәлкегі», «Айша бибі», «Бір түп алма ағашы» сынды спектакльдер қойылды. Қазіргі таңда «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» мен Сәкен Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдым» спектаклін дайындаудамыз. Өнерлі өрендеріміз бен жалынды жастарымыздың қарым-қабілеті жетіп тұрғанда жастар театрын ашатын кез келді, әрине, егер өнерлі жастарды қолдағымыз келсе. Тиісінше жастардың қойған спектакльдерін жас қауым қызыға тамашалайды деген ойдамын, – дейді ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Жансарай» театрының жетекшісі, қоюшы режиссері Майра Әлімбетова.
Иә, өнер жанашырларының сұрауы да, тілегі де бір. Өнерлі жастардың тағы бір парасын Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінен де көріп жүрміз. Тәуелсіздік мерекесінде Т.Дүйсебаевтың «Желтоқсан жаңғырығы» қойылымын осындағы талантты жастар сәтті қойған болатын. Оқу орнындағы өнерлі жастарға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, сазгер, облыстық қазақ драма театрының артисі Әбиірбек Тінәлі жетекшілік етеді. «Алдыңғы аға буын, өнердің жанашыры ретінде жастарды қолдап, олардың үні болғымыз келеді. Елдің болашағы да, ертеңі де жастар болғандықтан, олардың арман-тілектерін атқамінер аға буынға жеткізсек дейміз. Алдағы кезеңдерге қойған мақсаттарымыз бен жүйелі жоспарларымыз да баршылық» дейді өнер қайраткері.
Соңғы кезде облыс орталығында театр ашамыз деген топтар көбейіп тұр. Бұл біржағынан жақсы. Өлеңге әркімнің ақ бар таласы дегендей, бағын сахна өнерінде сынағысы келетіндердің алдыға қойған мақсаты бір жерде тоғысып жатса қанекей. Бас басына үй тігіп саны бар сапасы жоқ болып жатса әрине өкінішт-ақ. Енді солардың басын біріктіріп бір арнаға бұратын білікті маман керек екені түсінікті. Бізде ондай мамандар баршылық. Әріге бармай ақ ортамызда жүрген белгілі талантты республикаға танымал режиссер Қуандық Қасымовты осы жаңа жобаға ойланбай қосуға болар еді. Қазіргі кезеңде Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында Өзбек театрында бас режиссер болып қызымет атқарып келеді. Осындай білікті ұймдастырушылық қаблеті жоғары азаматты неге жастар театрын ашу жолындағы жаңа жобаға пайдаланбасқа. Оның бұл салада тәжірибесі де баршылық. Кезінде «АЙ» жекеменшік (Айгүл Иманбаеваның жеке театры) тетрын аяғынан тік тұрғызып Астанада шымылдығын ашқызған. Қолда бар алтынның қадірін білмей отырған сыяқтымыз…
Жақында жаңадан тағайындалған «Мәдениет және спорт» министірі Ақтоты Райымқұлованы еліміздің Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев қабылдап өнер мен мәдениет саласына баса назар аударып, жаңаша бағыт бағдармен жұмыс жүргізу керектігін нақтылап тапсырмалар берді. Егер осы бағытта жұмыс жүретін болса мәдениет пен өнер саласына деген оң көзқарастар жаңа жобаларға бет бұрыс болары анық. Бір ғұламаның мынадай сөзі бар еді, жобаман былай: «Мәдениет пен тілді қорғай алмасаң, шекараны ашып таста» деген. Бізде құдайға шүкір екуіне де қамқор болатын жоқтаушысы бар. Неше жылдан бері тіл үшін, өнер үшін майданға түсіп келе жатқан буын бар. Оң көзқарастағы туғандар үшін шекарамыз да, құшағымызда әрқашан ашық. Биылғы «Жастар жылының» әне міне дегенше жарты жылы зу етіп өте шықты. Әзірге жастар жылында мынадай істер тындырдық деп ауыз толтырып айтарлықтай көзге ұрып тұрған ауқымды іс бола қойған жоқ. Облыс көлеміндегі кейінгі кезде көзге түсіп жүрген жастарымыз Жамбыл ата ескерткішінің айналасынан айналшықтап шыға алмай қалғандай. Елбасымыздың бастап берген «Жастар жылын» дұрыс пайдаланап облысымыздың мәдени, әдеби өміріне жаңа серпін беретін жаңаша көзқарастағы жастарды топтастырып, діліңді, тіліңді, салт дәстүріңді, рухыңды асқақтататын ұлттық жастар театрының маңына талантты да, талапты жастарды топтастырайық дегім келеді.
Бір ғана Тараз қаласында жүздеген мейрамхана мен кафе бар. Бұған түнгі клубтарды қосып отырғанымыз жоқ. Жастар жіпсіз байланатын жер де осылар. Оның үстіне биылғы жылды Елбасымыз «Жастар жылы» деп жариялады. Ал оның қаншалықты салмақты екенін өзіңіз-ақ саралай берерсіз. Бұл орайда біздің облыстың жастарына ең қолайлы сәт дәл келгендей. Оның бірден-бір мүмкіндігі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің алдағы жылдарға жасаған ілкімді жоспарлары дер едік. Сол жоспарлардың бірегейі – «Шахристан» этномәдени кешені аумағындағы өлкетану мұражайы, көркемсурет галереясы, «Руханият» орталығы, сыйымдылығы 700-800 орындық амфитеатр орталығын салу. Жоспар бойынша бұл орталықта шығармашылықпен айналысамын деген адамдар үшін барлық жағдай жасалмақ. Осы жердегі амфитеатр кешенінің ішінен жастар театрын ашып жіберсе, облыстағы шығармашылықпен айналысатын жастарға жасалған үлкен қамқорлық болар еді. Дәл осы тұста қоғамда өзіндік орыны бар белсенді жастар басшылққа рухани қажеттіліктен туындайтын ордалар турасында ұсыныс-жоспарларын айтуы тиіс. Яғни, билік не жасайды деп қадамын бағып отыра бермей, қайта оған нақты идеялары мен жоспарларын ортаға алып жастар ұсыныстарын жеткізсе білсе құба-құп болар еді.
Жастар театрын құруға анау айтқандай көп шығын да қажет емес. Өйткені бұрында қалыптасып қалған театр репертуарлары, қойылған спектакльдері көрермендер үшін дайын тұрған қойылымдар. Жастар театры үшін алыстан маман кадрлар іздеп әуре де болмайсың. Театр ұжымына қажет мамандар – режиссер, суретші, дыбыс әрлеуші, техникалық мамандар әр орталықтан табылары анық. Тек ынта мен ықылас, өнерге деген, жастарға деген қамқорлық болса болғаны.

Асқарбек СЕЙІЛХАН,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университетінің
«Мәдениет және өнер»
кафедрасының доценті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *