Бабын тапса бақшада пайда көп

Сарысу ауданындағы Тоғызкент, Досбол ауылдық округтері бірыңғай мал шаруашылықты өңір. Егіншілікті былай қойғанда, аулаларында көкөніс өсірудің өзі ауа райының қолайсыздығына байланысты кереметтей өнім бере қоймайды. Мұнда бағбандықпен айналысатындар жоқтың қасы. Дегенмен, климаты құрғақтығына қарамастан ауласына түрлі дақыл егіп, қысқы азығын тауып жүрген азаматтар ауданымызда аз емес.

Солардың бірі ауладағы жер телімінен табыс табуға болады деген, мақсатты ұстанған Сейдан Есалиев Тоғызкент ауылдық округіне қарасты Әбілда ауылының тұрғыны. Алақандай аулада картоп егумен айналысатын Сейдан Есалиевтың бұл кәсіппен айналысқанына бес-алты жылдың көлемі болыпты. Ауыл мекетебінде қарауылдық жұмыс жасап жүріп, қолының бос уақытында осы ауласына егін егумен айналысатын ағамыз:
– Қысқы азыққа сақтауда картоп өнімінің орны бөлек. Дымқыл жер болмаса шыдамды болып келеді. Жалпы картоп өнімі тиімді, жыл он екі айға дейін сақтала беретін дақыл түрі. Дегенмен, өнім жаман емес. Бала-шағамның нәсібесі. Базарға апарып сатпасам да, ауыл тұрғындары үшін, ағайын-туысымның сұранысы үшін жарап тұр. Тұқымды сырттан әкелемін. Былтырғы жылғы еккен бір түп картобымнан 3 келіге дейін өнім алған болатынмын. Төрт қап егіп, 120 қапқа дейін өнім алдым. Биыл да солай боларына сенімдімін. Бір жолы асыл тұқымды 30 келі картоптан 20 қапқа жуық өнім алдым. Суды құдықпен шығарып суғарамын. Еңбек еткен адамға жер өз өнімін де береді, – деді.
Сондай-ақ, қосымша қызанақ, болгар бұрышы, қияр, қауын сынды көкөністерді де көптеп егеді. Ағзаға қажетті макро-микро элементке бай қияр мен қызанақтың жаз бойы дастарханымыздан үзілмегені рас. Әйтсе де, сол дәруменді өнім көктен түспейді. Бұл – жаздың ыстық аптабы мен күздің қара суығына төзе білген қолынан күрегі, иығынан кетпені түспеген бақшашы қауымның өлшеусіз еңбегі екенін айрықша атап айтуымыз керек. Алдындағы өзіне тиесілі жер телімінен табыс тауып, нәпақасын тауып жүрген Сейдан ағамыздың бақшасын өз көзімізбен көріп, қызыға қарадық.
Ауданымыздағы кейбір елді мекен тұрғындары аулаларына көкөністі қай кезде де егіп келеді. Бұл да бір – кәсіп пен қаржының көзі саналады. Бірі – көкөністен түрлі тосап, салат жауып, қысқы қорын қамдаса, енді бірі – еккен өнімін сауда дүкендері мен базарларға түсіріп, халыққа ұсынады. Қалай айтсақ та, бақша егуде ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Қазіргі уақытта аптаның әр сенбісі сайын аудан орталығы мен ауылдық жерлерде жәрмеңке ұйымдастырылып, оларға жаздың күні жеке ауласына көкөніс еккен тұрғындар түрлі өнімді нарық бағасынан төмен сатып келеді. «Еңбек-байлықтың атасы, жер-оның анасы» деген мақал осыған дәлел болып тұрғандай.
Аудан орталығына бақша өнімдері көбінесе сырттан тасымалданады. Ғалымдардың пайымдауын-ша, қайсыбір өнім де сабағынан үзілген соң оны белгілі бір уақытта тұтынбаса, дәруменін жоғалтады екен. Ұрылып, жолсоқты болып талай шақырымды артқа тастаған қай өнім де сапалы бола қоймасы анық. Сондықтан жақыннан дайындалатын өз өніміңе ештеңе жетпейді.

Гүлнара Байбосынова,
Сарысу ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *