Алып алма бағы қайта түлеуде

«Алмалы» совхозы дегенде алдымен дәмі тіл үйіретін апортты еске алады ауыл халқы. Қазіргі Қарасай ауылы – ең әуелі алмасымен аты шыққан мекен. Таулы аймақтың ауа райы қоңыр салқын, алма бақ, жеміс ағаштарын өсіруге аса қолайлы. Кеңес үкіметі құрылған алғашқы жылдары мұнда бидай өсіруге басымдық беріліп, совхоздың аты «Колос» болып аталғанын аға буын жақсы білуге тиіс. Кейіннен алманың көшеттері отырғызыла бастап, бұл кішігірім совхоздың аты алысқа жеткеніне тарих куә.

Совхоз атына сай «Алмалы» атанып, ондағы бақ екі мыңнан астам гектар жерге жетіп, өнімі сонау Мәскеуге дейін жеткізілген еді. Таулы өңірдің тәттілігі тіл үйірер алмасынан дәм татқан ата-апаларымыз әлі күнге дейін тамсана еске түсіреді сол бір кезді. «Апорт», «Грушевка», «Бабушка», «Золотой превосход», «Белый налив», «Пепел шафран» сынды сұрыптарды жинауға бүкіл ауыл адамдары жұмылатынын жыр қылып еске алады.
«Әр алманы бір-бірден жұлып, бір дақ түсірмей жәшіктерге жинап, тиеп, елге жөнелтілетін еді. Ауылда шарап зауыты, сондай-ақ тәтті алма шырыны да шығарылатын. Ешкім бос жүрмейтін, барлығы қызу еңбекке атсалысатын» – дейді көзкөргендер. Өкініштісі сол, Кеңес Одағы құлдырағаны атақты алма бақтың күйреуіне әкеліп, күйбең тірлік оған бет бұрғызбай кеткен еді.
Ал, бүгінгі күні ел еңсесі тіктеліп, ауыл шаруашылығына айтарлықтай демеу көрсетіле бастағанда ауылдағы ағайын алма бағын қайта көтеруге әрекет жасауда. Солардың бірі «Саната» шаруа қожалығы. Қожалықтың білек сыбана кіріскен шаруасымен танысу ниетте шалғайдағы ауылға тілшілер қауымы арнайы барып қайтқан едік. «Санатаның» басшысы Өмірсерік Байтасов жиырма гектар алқаптан алма алуға ниеттеніп отырған жан. Бақты жандандыруға барын салып жатқан қожалықтың тірлігі көңілге қонымды, болашағы зор екен.
— Біздің округтегі шаруалардың әрқайсысы осы істі қолға алып, жерінің бір бөлігіне алма отырғызса қайтадан алманың отаны аталуымыз бек мүмкін. Бұл менің арманым, – деп Өмірсерік Байтасов алма бағымен таныстыруды бастады.
– Бүгінде бес адам жұмыспен қамтылып отыр. 10 гектар алмадан бөлек, 9 гектарға алмұрт, 1 гектарға қара өрік, сонымен қатар егін және көпжылдық шөп егіп отырған жайымыз бар. Жайқалған бақта алманың жаздық және күздік сегіз түрлі сұрыпы өседі, басты ерекшелігі алмалар ұзын бойлы, 50 жылдық болып келеді. Одан айтарлықтай жеміс алу үшін он жылдай күтуге тура келеді. Сол себепті бұл істе сабырлық пен шыдамдылық қажет.
Бұл кәсіптің жемісі тәтті болғанымен, бағып-қағуда машақаты көп. Сонымен бірге, ауа райына да көп нәрсе байланысты екен. Мәселен, қыста ағаштар үсіп кетуі мүмкін. Көктемде енді гүлдеген кезде жаңбыр жиі жауса, өнім піспей жерге төгіліп қалады, сондай-ақ тозаңдандыру да бар. Ағаштар бір жыл өнім беріп, бір жыл демалады. Бірақ, әр сұрып әр түрлі. Маусымына байланысты суғару қажет. Жас ағаштар жиі суғаруды қажет етсе, тамыры үлкен ағаштар ондайды қажет етпейді. Осының барлығын ескерген, жер жайы мен алма жайын жақсы білетін, еңбекқор адамдар ғана шыдайтын тіршілік екенін ұғуға болады.
— Жер еңбегіңді жемейді, жалпы алмалардан жоқ дегенде гектарынан 15-20 тонна өнім алуға болады. Жастарға айтарым, адал еңбек етсең, жер береді, тек ерінбеу керек. Қазір көбісі жаңа технологияларды пайдаланып, интенсивті бақ өсіруге көшуде. Ондай технология бойынша үш жылдан кейін-ақ өнім алса болады. Ал, шындап келгенде көпжылдық ағаштардың жемісіне ештеңе жетпейді. Біздің алмалар сол бұрынғы атақты бақтың алмаларын еске салады. Солардың жалғасы іспетті. Мен үшін сол маңызды, – дейді Өмірсерік аға.
Жеміс өсірумен айналысқанда оның сұрыпына, жерсінуіне ерекше мән берген жөн дейді мамандар. Осы ретте «Саната» бағында қандай сұрыптарға ерекше мән беріліп жатқанын сұрастырдық.
— Сұрыптың аса маңызды сапалы қасиеттері қысқа төзімділігі, жеміс беру кезеңі қолайлы, өнімділігі мен жемістері сапасының ірілі-ұсақтығына, түсіне, дәміне, тасуға жарамдылығына, сақталғыштығына мән берген жөн. Біз әрдайым білімімізді жетілдіріп, тың ақпарат алып отыруға тырысамыз. Жаңа әдістер, тыңайтқыштар, өсімдік зиянкестерімен күрес сынды білім қажет, – деген қожалық басшысы құрылысы жаңа басталған жемісті сақтайтын қоймасын көрсетті. Жақын болашақта ескі технологияларды ескере отырып, жаңасымен толықтырылған қоймада Алмалының алмасы сақталып, тұтынушыға жол тартатын болады.
Әрине, қазіргі нарықта алманың сан түрі кездеседі. Басым бөлігі шетелден жеткізілетіні де жасырын емес. Дегенмен де, тұтынушы сапасына күмән келмейтін жергілікті жемісті таңдайтыны анық. Себебі, отанымызда өскен жеміс экологиялық таза, иісі аңқып тұрады және бағасы да қолжетімді. Ал қазіргі таңда мемлекет тарапынан шаруаларға жасалып жатқан орасан зор қолдауды ескерсек, көп ұзамай дастарханымызда өз алмамыз тұрарына сенім мол.

Еркін Қатбеков,
Қордай ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *