Байзақтық шаруалар тамшылатып суарудың пайдасын көріп отыр

Ағын судың тапшылығы қатты сезіле бастаған қазіргі кезеңде тамшылатып суару әдісін енгізу заман талабы. Ол ең бірінші суды үнемдесе, екінші көп өнім кепілі болмақшы. Осыған орай облыста бұл жүйеге көшіп жатқандардың қатары жылдан жылға артып келеді.
Мәселен, Байзақ ауданы бойынша былтыр 340 гектар жерге озық технолгогиялар енгізілсе, биыл ол тағы да 100 гектарға ұлғайтылып, барлығы 1346 гектарға жетіпті. Толығырақ тілшіміз Бақытжан Советұлы айтып береді.
Түймекент аулына қарасты Талап шаруа қожалығы биыл 300 гектар жерді игеріп отыр. Оның тең жартысы жаздық арпа мен бидай болса, көкөністің де көсегесін көгертіп отыр. Қызанақ қазірдің өзінде түйін салып үлгеріпті. 10 гектар жерге тұңғыш рет тамшылатып суару әдісін қолданған шаруашылық биыл жоғары өнім алуға үмітті. Шаруашылықтың шырайын кіргуге жастар да атсалысып жүр. Соның бірі Сарыкемер аулындағы кәсіптік оқу орнын тәмамадған механизатор Руслан Тілепов.
– Қазіргі ауыл жастарының басым бөлігі жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң қалада қалып қойғанды жөн көреді. Кабинетте отырып, далада жұмыс істеуді қаламайды.
Оларға қарағанда мен әу баста-ақ диқандықпен айналысамын деген шешім қабылдадым. «Талап» шаруа қожалығында қызмет етіп жатқаныма біршама жылдың жүзі болды. Жалақымызды тұрақты түрлде алып отырмыз. Жағдайымыз жақсы. Қара жер қарыз арқаламайды ғой. Адал еңбек етсең, пайдасы да мол, – дейді Руслан Тілепов.
Шаруашылық балтамырды баптауға да баса мән беруде. 50 гектар жерге егілген қант қызылшасының шығымы жақсы. Тәтті түбірге ден қойғандар үшін үкімет жылда көмекқаржысын беріп келеді. Биыл оның көлемі тағы да артып отыр.
– Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардан тыс қалмауы үшін шаруаларға барынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Қант қызылшасының 12 теңгесін мемлекет субсидиялайтын болса, қант зауыты әр келісін 10 теңгеден қабылдайтын болып келісілді. Шаруалар өз жұмыстарын атқаруда, – дейді Байзақ аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағымбеков.
Жалпы Байзақ ауданы бойынша биыл 1207 гектар жерге қант қызылшасы егілсе, көкөніс пен бақша дақылдардың көлемі өткен жылға қарағанда едеуір ұлғайған. Атап айтқанда биыл дала еңбеккерлерінің алдында 6555 гектар жердің көкөнісі мен 2326 гектар жердің бақша дақылдарын жинау міндеті тұр.

Сайын ТҰРЛЫХАН,
Байзақ ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *