Micromine – тиімді бағдарлама

Micromine — тау-кен өндіру өнеркәсібінің геологиялық барлау жұмыстарынан бастап тау-кен өндірісі, оны жоспарлау және басқару сияқты өндірістік циклді қамтитын кешенді шешім және жұмыс жүйесінде пайдалануға өте ыңғайлы бағдарлама. Уақытты үнемдейді, өндірісті ұлғайтады. Санаулы минуттардың ішінде күрделі үлкен кестелік сызбаларды жасай алады. Әртүрлі деңгейдегі геологиялық нысандардың дәл және тиімді сызбаларын жасауға мүмкіндік береді.

Мемлекетіміздің «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында және биылғы «Жастар жылы» атқарылатын міндеттерді басшылыққа ала отырып, Micromine бағдарламасының фосфор өндірісі саласына тигізер пайдасының мол екенін зерделеп, оны өндіріске енгізу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі деп шешкен «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры М.З.Ескендіров жаңалықты бірден мақұлдап, қолдау білдірді. Өндіріс саласындағы кез-келген жаңалықты игеруді бірінші кезекке қоятын «Қаратау» ТКӨК директоры М.Б.Сәрсенов тез арада тиісті мамандарға «Micromine» бағдарламасын игеру жолдарын ұйымдастыруды тапсырды. Негізгі ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу және күнделікті бақылау «Қаратау» ТКӨК техникалық бөліміне жүктелді. Бүгінгі күні «Қаратау» ТКӨК басқармасының ғимаратынан осы бағдарламаға арналған мамандар отырып жұмыс істейтін арнайы «Micromine орталығы» ашылды. Қажетті құрал-жабдықтармен жасақталынды.
Үстіміздегі жылғы маусым айының 24-28 аралығында Алматы қаласында «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендерінің геолог, маркшейдер, кенші мамандықтарынан 10 жас маман «Micromine бағдарламасының «Қазфосфат» ЖШС-не арналған оқу бағдарламасы» бойынша бірінші деңгейдегі сабақтарына қатысып қайтты. Бірінші деңгейлі кіріспе сабақта олар жалпы «Micromine» жөнінде жан-жақты мағұлмат алды. Жалпы оқу екі деңгейден тұрады. Екінші, яғни тереңдетілген деңгей бойынша осы мамандар жыл соңына дейін оқудан өтетін болады. Оқу аяқталған соң әр жас маман өз саласы бойынша бағдарламамен жеке жұмыс жүргізуді меңгеріп шығатын болады. Келешекте тау-кен жыныстарын пайдалану жөнінде жасалатын контрактілерді осы мамандар жасайды деп күтілуде. Ол кезде компания едәуір қаржыны үнемдеуге қол жеткізетін болады.
Уақыт зымыран. Ол зымырап өткен сайын техника мен технолология да саналуан түрде жаңарып жетілдірілуде. Тау-кен саласы өнеркәсібінің басты мақсаты уақыт талабына ілесіп, әр жаңалықты қалт жібермей, тиімді жаңалықтарды дер кезінде өндіріске қосып отыру деп есептеймін.

Д. Ақділда,
Әкімшілік-шаруашылық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас менеджер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *