«Аналардың көз жасы себеп болды…»

«Ел іші – өнер кеніші» деген дана халқымыз. Бұл мәтелден өнерді ұлттың асыл болмысына балаған һəм сол өнердің қаймағы бұзылмаған қазақ халқының да қанына сіңген қасиет екендігін аңғарамыз. Елбасының «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасында негізге алынған мəлелелердің бірі осы өнер болатын. Межелеген міндеттерден кейін, тиісінше бүгінгі күні шығармашылық салаға қолдау артып, түрлі таланттар бүкіл елге танылып келеді. Мəселен жер жаһанды аузына қаратқан жезтаңдай əнші Димаш Құдайбергеновтің өзі айдарынан жел ескен əлемнің əншілерін артта қалдырып, қазақ халқының мерейін үстем етті. «Жасы кіші демеңдер, ақылы асса, аға ғой» – деп би-шешендеріміз айтқандай сондай жас таланттар мен өз ісінің майталмандарынан Əулиеата топырағы да кенде емес. Солардың бірі – Жамбыл облыстық қазақ драма театрының талантты актері, жас режиссер Елжан Жармұхамедовтің біраз уақыт бұрын «Сағым» фильімінің тұсаукесері болып өткен еді. Төл туындының салтанатты түрде Тараздың төрінде тұсаукесерін тамашалаған жұрт авторға шынайы ықластарын білдіріп, алғысын арнаса, өнер сыншыларының да тарапынан оң пікірлер айтылды. Осы жəне өзге де жаңалықтарды оқырманмен бөлісу үшін Елжанның өзімен сұхабаттасқан едік.

– Елжан, əңгімемізді «Сағым» фильмінен бастасақ. Көркем шығарманың мазмұны мен мақсатын оқырманға таныстырып өтсең…
– «Сағым» – менің алғашқы туындым. Тараз тарихындағы тұңғыш толық метражды фильмнің режиссері болу – мен үшін үлкен мақтаныш. Фильмнің түсіріліміне екі айға жуық уақыт кетті. Таңдалып алынған шығармашылық топқа алғысымды айтамын. Көпшілік көкейінде жүрген, бүгінгі қоғамның дерті болған радикалды топтардың қазақ жастарының санасын улап, талай шаңырақты ортасына түсіргенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Аталған фильмде ХХІ ғасырдың қасіретіне айналып бара жатқан әртүрлі діни ағымдар мен радикалдық ұйымдардың бейбіт xалыққа тигізетін зардаптары мен зияны, бақытты отбасылардың шырқын бұзып, шаңырағың ортасына түсіретін кесірлі кесапаты, адамдардың бақытты жолынан адастырып, бақытсыздық ізге салған адасушылығы түгел суреттелген.
Бұл көркем фильм еліміздегі жас жеткіншек, өскелең ұрпаққа өмірлік сабақ бола білетін және бақыт пен бақытсыздық жолын ажырата білуге үйрететін өнегелі фильм екенін жиналған жұртшылық санасына мықтап түйді.
Фильмнің алғашқы қойылымын Облыс әкімдігінің дін істері, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларының басшылары, облысымыздың бас имамы, өнер қайраткерлері мен бұқаралық ақпарт құралдары өкілдері, бәрі 300-ден астам көрермен тамашалады.
– Жалпы бұл мазмұндағы фильмді жарыққа шығаруыңа не түрткі болды?
– Бұл киноға түрткі болған – баласы жат ағымның жетегінде кеткен аналардың көз жасы, мұңы, шері. Өйткені, қазір көптеген ата-аналар балаларының діннен адасып жатқанын көріп, аналар қауымының әсіресе көз-жасы көл болды. Осы жағдай менің жүрегіме қатты батып, қынжылтты. Бұл күні жастар намаз оқи бастаған кезде ата-ана алаңдайды. Өйткені, өзге ағымға кіріп кетпеді ме деген қорқыныш мазалайды. Ақ пен қараның не екенін ажырата алмай, тура жолынан тайып жатқан жандар қаншама?! Ал бұл фильм оларға тура жолды сілтеп, ақ пен қараны түсіндіру мақсатында жарық көрді. Жалпы адамзатты алауыздыққа емес, ауызбіршілкке шақырады. Кино көрермен көңілінен шығады деп сенемін.
– «Сағым» киносы жарыққа шыққан соң қандай да бір адамдардың өміріне оң өзгеріс əкелді ме? Немесе керісінше белгілі бір топтардан саған залал болмады ма?
– Жоқ, ондай ешкімнен зиян болған жоқ. Жалпы сценарий жазылған кезде біз өзіміздің Абу Ханифа мазхабына сүйеніп, салт-дәстүрімзбен ұштастыра отырып жаздық және жат ағымды көрсету үшін «өзге дін» деген түсінік арқылы алдық. Біз «сен сәләфсің», «сен уақабсың» деп айтқан жоқпыз. Өйткені, ертеңгі күні сол басқа мазхабтағыларға бұл расында саяси соққы, ашық әшкере болып кетеді. Бұл жерде тек өзіміздің ата-бабамыз ұстанып келе жатқан Абу Ханифа мазхабы мен өзге ағымдағылар деген мәселе бар. Өзге ағымдағыларға жоғарыда айтып өткен теріс пікірдегілер кіреді.
Бүгінде жастар біліммен қоса ілімге дей бай ғой. Аталған дүниелердің қайсысы дұрыс, қайсысы арандатушы екенін біледі. Өкінішке орай біле тұрып белгілі бір сәтсіздіктерден кейін жат ағымдағыларға бет бұрып кететіні жасырын емес.
Кино жарыққа шықты, бірақ жарнамсы өте аз болды. Нәтижесінде, оның шыққанын тек жеке орта ғана білді. Облыс әкімдігінің дiн істері басқармасы бұл фильмді бүкіл жастар көру керек дейді. «Бізге баяғыдан берi осындай кино керек еді» деп айтып жатыр. Бірақ неге фильмді көрсетпей жатқаны белгісіз. Керісінше өзге облыстар көрсетейік деген ұсыныс жасап отыр…
Ал киноның әр адамның өміріне оң өзгерістер алып келетініне сенімдімін.
– Фильмде ойнаған актерлердің 90 пайызы жергілікті актерлер десем, қателеспейтін шығармын. Кино жарыққа шыққан соң актерлердің өнеріне немесе өзіңнің идеяңның аясында «əтеген-ай!» деген тұстарың болды ма?
– Ия, оныңыз рас. Актерлердің басым көпшілігі өзiмiздің Жамбыл облыстық қазақ драма театрынан. Ол кісілердің ойынына, өнеріне еш мiн жоқ. Актер ол ермексаз секілді, сен оған қалай бағыт берсең, солай майысады, қалыпқа келеді. Әрине әтеген-ай деген жерлер бар, бірақ оған актерлер кәнәлі емес, мен кінәлі болуым керек. Көп дүние режиссерге байланысты. Өйткені, әр актер – ол жеке әлем, ал режиссер мақсатты түсіндіру үшін рөлмен оның әлемін түсіндіру керек. Бірақ айта кетейін, көрген көрермен актерлердің ойынына шеберлігіне дән риза. Бұл кинода ең басты актерлық ансамбль бар. Және көптеген киноларға қарағанда өмір бар, түсіне білген адамға.
– Сені Жамбыл жұртшылығы талантты актер ретінде таниды. Енді міне режиссер атандың. Жалпы, бұл жолға қалай аяқ бастың?
– Режиссер болмас бұрын ең алдымен актер болу керек. Негізі «режиссер в 40 лет» деген сөз бар ғой орыс халқында. Режиссерлық жолға мені негізі өмір алып келді, өмір дайындап жатыр. Мектептегі кезден ұйымдастыру жумыстармен айналысатынмын, сол кездің өзінде түрлі тың идеяларымды жүзеге асырып жүрдім. Сосын оқуға түстім. Ол жақта ұстаздар шеберлігімді шыңдады. Айгүл Қабиқызы, Қуандық Қасымов, Асқарбек Сейілхановтардан білім алдым. Ең бастысы өзім iздендiм. Өзімнің көз қарасым болды қоғамға, соған орай әлеуметтік роликтер түсірдім. Қысқа метражды фильмдер түсірдім. Міне енді режиссер болып танылдым.
– «Сағым» режиссерлік жолдағы ең алғашқы үлкен туындың ғой. Бұдан басқа тағы қандай дүниелерің бар?
– Жаңа жоғарыда атап өткендей әлеуметтік роликтер мен қысқа метражды фильмдер түсірдім, әлі де түсіріп келемін. Ол қоғамның кейбір келеңсіз жайттары мен кемтар тұстарын көрсетіп, олардан шығуға жол сілтейтін, ортаға оң ықпалын тигізетін дүниелер деп толықтай сеніммен айта аламын. Өйткені, әр роликте сол жасап жатқан дүниеміздің адамға, біздің халқымызға қандай пайдасы бар деген сұраққа жауап беремін. Көрермен тұтынушы ғой, тұтынушыға сапалы қызмет көрсету кез келген, өнер адамдары ғана емес, барша мамандық иелерінің міндеті деп білемін.
– Тəрбиелік мəні зор қысқа метражды роликтеріңді біз де көріп келеміз. Сәтті шыққан. Соңғы жаңалығың белгілі əнші, эстрада жұлдызы Ақбота Керімбекованың су жаңа бейнебаянына режиссерлік етіпсің…
– Әлеуметтік роликтерімді көріп басқа басқармалар және компаниялар маған ұсыныс тастай бастады. Олардың роликтерин түсіріп тағы да көпшілкке таныла бастадым. Әкімдіктерге де көп әлеуметтік роликтер түсірдім. Менің жұмыстарымды Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдинет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев ағамыз көріп «Біздің кино орталығына сендей маман керек» деп сол жақа жұмысқа шақырды.
Қазір ол жерде де көптеген әр түрлі тақырыпта әлеуметтік роликтер түсірдім. «Iзбасар» атты қысқаметражды фильмге жақында олблыс әкімі Асқар Мырзахметов өзінің оң бағасын берді. Осы өнердің арқасында есімім Алматыға да шыға бастады. Содан Ақбота Керімбекова әпкеміздің «Кінәләма» атты әніне бейнебаян түсірдім. Қазір сценарий жазу үстіндеміз, алдағы уақытта біраз эстрада жұлдыздарына бейнебаян түсіреміз жоспарда бар. Бірінші Алла, екінші ұжымның арқасында ісіміз оңды болып жатыр. Өзімнің командам бар, ішінде монтажер, операторлары бар кәдімгі кішігірім ұжымбыз.
– Жасыратыны жоқ, кино саласында отандық өнімдеріміз ақсап тұр. Осы салада ойып тұрып орын алған шет елдік кинокомпаниялардың өнімімен иық тіресу үшін бізге не жетпейді, болмаса неден жиі қателесеміз?
– Өнердi есеппен емес, ессiз сүю керек. Сонда бізге көп нәрсе жетеді. Сонда көп нәрседен қателеспейтін едік. Сол кезде көп нәрсе өзгередi. Қазір түсірілімдер көбінесе Алматы, Шымкент қалаларында түсіріледі. Менің мақсатым солардың өнімдерімен дәрежесі теңдес біздің де облыста кино түсіру және шаһарымыздың атын шығаратын шығармалар дайындау. Ал шетелдік киноөнірушілердің киносындай кино бізден де шыға алады. Оған актерлердің білімі де, табиғи таланты да жетеді деп ойлаймын. Әрине кейбір жеңіл-желпі киноларға қарап көрермендер біздің өнерпаздарымыздың шеберлігі төмен деп ойлауы мүмкін. Олай емес. «Голивуд» сынды үлкен киностудиялары әлемдік аренада қанатын кеңге жайып алған. Тағы бір артығы киноны ағылшын және орыс тілінде түсіреді. Ол да әлемдік тілдер болғандықтан таралымы мол болмақ. Сонымен қатар, бізде халық саны аз, аз халықта көрермен аз болады ғой.
Шетелдік шығармалар фантастикалық, мифтік оқиғаларға құрылады. Демек оларда фантаст жазушылар көп, сала қарқынды дамыған. Бізде де шытырман оқиғалы шығармалар көптеп жазылуы керек деп ойлаймын. Шүкір, біздің де отандық өнімдеріміз жылдан жылға дамып келе жатыр. Сапалы дүниелер әлі талай жарық көретіндігіне сенімдімін.
– Ал, қазақ кино өнеріндегі жамбылдық актердердің орыны қандай?
– Қазақ кино өнерінде жамбылдық актерлардың рөлі зор. Мысалы айта кетсек, барша қазаққа белгілі Батыр Баян фильмiнде басты рөлді сомдаған Жұмахан Абдықадыров ағамыз, Алтай Сәтібеков, Жасұзақ Айтпенбетов, Спандияр Мұқышев, Жүніс Әлімбеков, Майра Алимбетова, Нұрсипат Салықова, Гүлбаршын Өскенбаева, Несіпкүл Омарбекова, Галина Қойшыбаева, Мәлік Ақүрпеков секілді аға-әпкелеріміз түскен фильмдер көп. Кеше ғана жарыққа шыққан «Тар заман» сериалында Мәмбет Қожалиев Міржақып Дулатовты сомдаса, Кенен Ақүрпеков Ахмет Байтұрсыновтың рөлінде ойнады. Айта кетсек, бүгінде Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актерлерлi кино өнерінде де үлкен сұранысқа ие. Ә.Шоңбаев, Р.Оразалиев, С.Мадумаров, Ғ.Сұрапбаев, Ж.Қырықбаев, Ж.Құлтаева, олардың арттарынан iлесіп келе жатқан Н.Маханов пен Н.Ақылова актерларымыздың еңбегі еленерлік. Осылардың iшiнде Ғ.Сұрапбев пен С.Мадумаров толығымен Алматыға кетті. Сол жақта үлкен режиссерлармен жұмыс жасап жүр. Олар жақында жарыққа шығатын Ақан Сатаевтың «Томирис» фильміне де түсті. Біздің актерларды тек Қазақстан ғана емес шет мемлекеттер де шақырып жатыр. Р.Оразалиев қырғызтандық атақты режиссер Нұрлан Абдықадыровтың фильміне түсіп келді. Осындай актерларымызды өзiмiзде сақтап қалу керекпiз.
– «Өнер жолы соқпалы-соқтықпалы жол» деген сөз бар, ал сен үшін өнер деген, оның ішінде режиссерлік өнер дегеніміз не?..
– Өнер жолы өте қиын. Көптеген достарым «актер болған оп-оңай шығар, жүресің сахнада ойнап, өмірлерің кызық қой» деп жатады. Мен оларға оңай болса неге ойнамайсыңдар деймін. Оңай емес, театрда 50-ден асқан ағаларымыз аз, неге? Өйткені көбісі жүректен қайтқан.
«Біздер, біздер патшадан да паңдармыз,
Біздер,
біздер біреулерге арманбыз.
Барды бар деп, жоқты жоқ деп жасырмай,
Бақытынан қашып жүрген жандармыз. Біреулердің оғы жоқ боп атарға,
Біздер жүрміз қатерлі бір сапарда.
Жыртығыңды жамап беріп жатса да,
Ешкім бізді қоса алмайды қатарға». Режиссерлік өнер мен үшін жүрегімдегі ойларымды жүзеге асыратын мамандық.
– Алда тағы қандай жоспарларың бар?
– Жоспарлар көп, егер қолдау табылса. Жамбыл жері киелі ғой. Әулиеата кім болған? Тектұрмас Ата кім ? Айша Бибі кім? Оларды жас ұрпаққа дәріптеуіміз керек. Тек оқу тілінде емес, көгілдір экран арқылы кеңінен насихатталатындай дүниелер жасалса. Міне, осы жайлы менде идеялар көп. Неге біздің жерден көптеген батырлар мен тұлғалар шығып жатыр деген сұрақтарға жауап беретін идеялар. Сонымен қатар тағы үлкен фильм түсірмек ойым бар. Соңғы уақытта маған маза бермей жүрген қоғамдағы актуалды тақырып ол – ажырасу. Қоғамның бұзылып жатқанына осы ажырасу кiнәлі түсінген адамға. Жалпы жоспардарды толық жария етпеген жөн деп білемін. Идея – ол құнды. Бүгін мәлім еткен идеяңды ертең өзге біреу жасап үлгеруі бек мүмкін. Сондықтан әзірге айтарым осы.
– Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *