Ауылдықтардың тұрмысы қайтсе түзелмек?

Аудандарға сапары барысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов Сарысу және Талас аудандарында болды. Онда аймқ басшысы аудан тұрғындарымен кездесіп, шағын шаруашылықтарды дамытудың жайын қарастырды.

Өңір басшысы Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Сарысу ауданында болды. Мұнда үй жанындағы жер телімдерін тиімді пайдаланып отырғандар да баршылық. Оған Байқадам ауылдық округінің орталығы Саудакент ауылында көзіміз жете түсті. Мəселен, «Гүлбағира» жеке кəсіпкерлігі ауласында мал бордақылап отыр. Кəсіпкер Гүлбағира Медеубаеваның айтуынша, былтыр халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы Нəтижелі жұмыспен қамтуды жəне кəсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Саудакент» несие серіктестігінен алған 3 миллион теңге несиеге 15 бас мүйізді ірі қара алып, шаруасын дөңгелетуде. Кәсіпкер бүгінде жылқы басын – 20, сиырды – 25, уақ малды 400 басқа жеткізген. Үйінде 4 жылқы бордақылап, 1 сиыр сауып отыр. Үйдегі шаруаны жұбайы Абай мен ұлы Дидар тындыруда. Отағасы Абай Көмекбаев бұрын заң саласында жұмыс істепті.
– Зейнетке шыққан соң қарап отыра алмадым. Қара шаңырақта отырғандықтан, әкемнен қалған шаруашылықты жандандыруға күш салдым. Сөйтіп бағдарлама аясында несиеге қол жеткізіп, мал алып, ісімізді бастап кеттік. Қазір үйде мал бордақылап, етін ауылға, Жаңатас пен Тараз қалаларына өткерудемін. Жалпы, мал етіне деген сұраныс жоғары. Ендігі кезекте мал басын көбейтіп, сүт өндіруді қолға алуды жоспарлаудамыз, – деді ол.Келесі ауыл тұрғыны Асқар Тəкеннің ауласындағы 20 сотық жер телімінде қияр, қызанақ пен сəбіз жайқалып өсіп тұр. Жүзімдігі де көзтартарлық. Ол бақшасын құдық суымен суарып, өнімін Саудакент ауылы мен Жаңатас қаласына өткеруде. «Жұмыс істеймін деген адам кез келген кәсіптің көзін табады. Мен екінші топтағы мүгедекпін деп ешкімге алақан жайып, қарап отырмай үй іргесіндегі жер телімін тиімді игерудемін. Күніне бақшамнан бір қап қияр, жарты қап сəбіз жинаймын. Мүгедектігіме байланысты отбасымның негізгі табыс көзін осы кәсіптен тауып отырмын. Бұл істі жаныма серік еткелі біраз жыл болды. Бақшамнан әр маусымда 1 миллион теңгеге дейін табыс табам. Соның арқасында ұл-қыздарымды оқытып, шаруамызды түзеудеміз. Көктемде көршілерге көшетімді тегін-ақ берейін, қияр мен қызанақ егіңдер. Балаларың көкөніс жесін. Болмаса таңқурай егіп табыс табуға болады деп кеңесімді айтып отырамын», – дейді ол.
Бұл азаматтың бақшасында болған өңір басшысы Асқар Исабекұлы оның бұл ісін өзге жұртқа үлгі ретінде насихаттауды тапсырды.
Мұнда кəсіпке ден қойған жастар да бар екен. Солардың бірі – Қаршыға Құдайбергенов. Ол 2017 жылы несие ұйымдарынан 2,5 миллион теңге несие алып, 15 мүйізді ірі қара, 2018 жылы 1,5 миллион теңгеге 4 түйе сатып алып, жұмысын бастаған. Бүгінде мүйізді ірі қара басын – 25, сауын сиырын – 20, түйе басын 10-ға жеткізген. Ол былтыр – 4, биыл 3 бас түйені сауып, күніне 20 литр шұбат өндіруде. Сусынды тұрақты тапсырыс берушілер үйінен әкетуде. Енді кəсіпкер «Бастау» жобасы аясында жастарға берілетін қайтарымсыз грантқа өтініш тапсырыпты. Оған сиыр мен түйе сүтін сақтайтын мұздатқыш алып, сүт өңдеу цехын ашуды жоспарлауда.
Жайылма ауылының тұрғыны Мұрат Сайлауов та түйе өсіріп отырған кәсіпкердің бірі. Оның қорасында 35 түйесі бар. Күнделікті сауылатыны – 8 түйе. Кәсіпкер бұл түлікке несие берілмейтінін айтып қалды. Егер несие берсе 24 бас алып, сауылатын түйе санын екі есеге арттырмақ ниетте.
Жұмыс тобы түске дейін өздеріне бөлініп берілген ауылдық округтерді аралап, сауалнама бойынша талдау жұмыстарын жүргізді. «Қарапайым заттар экономикасы» аясында елді мекендерде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар барысы туралы облыс басшысының орынбасары Нұржан Календеров, аппарат жəне басқарма басшылары Асқар Исабекұлының қатысуымен өткен актив жиналыста баян етті.

Асқар Мырзахметов Байқадам мен Жайылма ауылдық округтерінде халықпен кездесіп, ондағы үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып отырған отбасылардың тәжірибесін көпке үлгі етті. Жұмыс топтары да өз баяндамаларында осыған ұқсас мысалдарды көптеп келтірді.
Округ əкімдерін бірінен соң бірін тұрғызып, олардың мардымсыз жауабына қанағаттанбаған аймақ басшысы: «Біз бұл жерге не үшін келдік? Жобаларды қалай іске асыруды жоспарлап отырсыңдар? Халықтың əлеуметтік жағдайын қалай көтереміз? Соны маған түсіндіріп беріңдерші?» – деді.
Осыдан кейін облыс əкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев баяндама жасап, ауданда жер телімі кезегіне ешкімнің тұрмағанын айтты. Ал аудан бойынша ауыл ішінде 193 жер телімі бос тұр екен. Өңір басшысы ауыл ішінде бос тұрған жер телімдерін облыста кезекте тұрған азаматтарға неге ұсынбасқа дей келіп, тиісті басқармаға барлық елді мекендегі бос жатқан жер телімдерін анықтауды тапсырды.
– Мен округ əкімдеріне сұрақты бекер қойып отырған жоқпын. Алдымен олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың он бағытын түсініп, «қарапайым заттар экономикасының» не үшін қолға алынып отырғанын білуі тиіс. Мәселен, Сарысу ауданында 44 мың халық тұрады. Бірінші кезекте халықтың табысын қалай көтереміз? Үй жанындағы қосалқы шаруашылықтарды қалай дамытамыз? Әр тұрғын қорасындағы малдан қандай пайда көріп отырғанын анықтап алуымыз керек. Ең бастысы, оның қаншалықты тиімді екенін саралап алуымыз қажет. Жаңағы мен айтқандағыдай, əр аула 1 жəне 2 миллион теңге табыс табатын болса, халықтың жағдайы жаман болмайды. Үйдің іргесіндегі жер телімдерін жəне малды табыстың көзіне айналдыруға болады. Айналып келгенде осының бəрі ауылдағы тұрғынның табысын көтеру үшін кооператив құрудың бір жолы, – деп түйіндеді сөзін.
Жиын соңында Асқар Мырзахметов аудан әкіміне ауылдық округтердің әкімдерін жинап, жоғарыда айтқан аулаларда семинар өткізіп, айтылған жобаны әрбір отбасына жеке-жеке түсіндіруді тапсырды.
Келесі кезекте Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Талас ауданында болып, тұрғындардың бүгінгі хал-ахуалымен кеңірек танысты.
Әр ауылдық округтің әкімі өзі басқаратын елді мекенде есеп жүргізуі керек. Оның міндеті – аула, мал-жан санағын жалаң анықтау емес, кімге не қажет екенін сараптап, нақты жоспарын жасау.Өңір басшысы ауылдарды аралап, танысу барысында тұрғындарға сапар мақсатын барынша айтып, түсіндірді. Асқар Исабекұлы кездесу өткізген Қаратау ауылдық округінің Есейхан ауылында бақша, мал мен құс шаруашылығын өркендетіп отырған азаматтар бар. Мәселен, ауыл тұрғыны Металхан Шомаевтың ауласындағы 15 сотық жерде көкөніс жайқалып тұр. Оның 5 сотығына құлпынай егіліпті.
Оның айтуынша, күзде картоптан 3 қап өнім жинаса, көкөністі базардан сатып алмайды екен. Қияр мен қызанақ, сәбіз, басқа да көкөністер өз шарбағында өсіп тұр. Құлпынайдан жылына екі рет өнім жинап, 45-50 литр тосап қайнатып, отбасының қажетіне жаратуда.
Сонымен қатар ауласынан шағын наубайхана ашқан. Күніне 30-35 бөлке нан пісіріп, ауылдастарына 75 теңгеден өткеруде. Енді үй егесі ауласынан 2-3 сотық жылыжай салуды, сауын сиыр басын 4-ке жеткізуді жоспарлауда. Ол үшін 5 миллион теңгедей қажет дейді ол. Несие алайын десе, екінші деңгейлі банктер үйін кепілдікке алмай отырса керек.
Асқар Исабекұлы бұдан кейін Тамды ауылдық округінің орталығы Тамды ауылында болды. Алдыңғы округтегідей мұнда да округ əкімі Саят Момбеков есеп берді.
Түстен кейін Асқар Мырзахметов аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан активімен кездесті. Жиында жұмыс топтарының жетекшілері есеп берді. Өңір басшысы өзі болған ауылдық округтегі ауыл тұрғындарының жұмысын мысалға келтірді. «Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ерінбей еңбек еткеннің ерні майға тиеді. Сондықтан да ауыл тұрғындарының кооперативтерге бірігуі – табыс көзінің тиімді тетігі екенін ұғынған абзал. Басын ашып айтсақ, кооператив құру дегеніміз кеңес үкіметі кезіндегі ұжымдастыру емес. Сайып келгенде, «Жалғыздың үні шықпас» дейді дана халқымыз. Ал бірлескен істе береке бар. Сондықтан кооперативке бірігу берекеге бастайтын, жалпы, халықты байытатын жалғыз жол», – деп сөзін түйіндеген Асқар Мырзахметов аудан жəне ауылдық округ əкімдеріне бұл жұмысты тағы да пысықтап шығуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *