Агроөндірісті өркендетудің қамы

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің 2019 жылдың 13 наурызындағы №70 өкіміне сай бекітілген ауданның жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритмі негізінде әзірленген кестеге сәйкес аудан әкімі Нарбай Ергебеков өткен аптада таулы өңірдегі Боралдай, Күреңбел және Қошқарата ауылдық округтерінің шаруаларымен кездесті. Көлтоған ауылдық мәдениет үйіндегі өткен шараға аудан әкімінің салалық орынбасарлары, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік бөлімдері басшылары, таулы өңірдегі ауылдар тұрғындары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

Кездесуді аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, ауылдық аймақтарды дамытуда, халықтың әл-ауқатын көтеруде ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында алға қойылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының мәні мен маңызына тоқталды.
– Елбасының тапсырмасынан кейін «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту ісі жедел қолға алынып, оны әрбір өңірде жүзеге асырудың тетіктері іске қосылуда. Ауылдардағы кәсіпкерлер мен шаруаларға көмек-қолдау көрсете отырып, мемлекет нарықтан сырттан келетін тауарларды ығыстыра алады. Сондықтан осы кездесуде шаруалармен бетпе-бет жүздесіп, кімге қандай қолдау қажеттігі жөнінде ауызба-ауыз пікірін тыңдап, бүкпесіз әңгіме өткізу маңызды. Одан бөлек, аудандардағы әрбір елді мекендегі әр үйді есепке алып, олардың ішінде бау-бақшасын игере алмай отырғандарға да қолдау көрсету негізгі жоспарға енген.
Мақсат – ауыл тұрғындарының картоп, қияр, қызанақ секілді бау-бақша немесе көкөніс өнімдері мен айран-сүтін, ет, жүн, тері секілді бұйымдарын әр ауылдық округте құрылатын кооперативке өткеру арқылы қолдау көрсету. Сонда ғана жұрт керегін алыстан іздемей, тауарын өз ауылында тиімді бағаға өткеруге мүмкіндік алады. Сондай-ақ ауыл-аймақтардағы кооперативтер тұрғындардан қабылдаған өнімдерді аудан аумағынан құрылған логистикалық орталыққа тапсырады. Бұл ауылдық округтерді дамытудың ең тиімді жолы, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов Боралдай, Күреңбел және Қошқарата ауылдық округтеріндегі аграрлық саладағы проблемалық мәселелер мен индикативтік көрсеткіштерді баяндап берді. Оның айтуына қарағанда, 2019 жылдың өнімі үшін егілетін масақты дәнді және майлы дақылдар жоспары барлық ауылдық округтерде толық орындалған. Боралдайдағы шаруалар жоспардағы бес гектар алқапқа қант қызылшасын отырғызса, Күренбелде бұл жоспар орындалмаған.
Қозы және сиыр еті экспорты бойынша Қошқарата ауылдық округінде жоспар тиісінше 19 және 4 тонна, Боралдай ауылдық округінде 28 және 3 тонна, ал Күреңбел ауылдық округінде 197 және 3 тонна болып белгіленген, бүгінгі күнге өткізілген жоқ. Бордақылау алаңына бұқашық өткізу жоспары Қошқарата ауылдық округінде 218 бас, Боралдай ауылдық округінде 240 бас, Күреңбел ауылдық округінде 190 бас болып белгіленген, бүгінгі күнге өткізілген жоқ.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша Қошқаратада 12 бас аналық мүйізді ірі қара импорттау және 353 бас қой сатып алу, ал Боралдай ауылдық округінде 32 бас аналық МІҚ импорттау жоспары орындалмаған. 341 бас қой сатып алу жоспарынан бүгінгі күнге «Тельман» ШҚ Т.Наурызқұлов 5,9 млн теңгеге 199 бас алуға құжаттары мақұлданды, орындалғаны 58 пайызды құрауда.
Күреңбел ауылдық округінде МІҚ 30 бас аналықты импорттау және 306 бас қой сатып алу жоспары орындалмаған.
Бүгінгі күні «Жуалы» несие серіктестігі арқылы 15 жоба өтсе, оның екеуі Боралдай, үшеуі Қошқарата ауылдық округтерінен, ал Күреңбелден бірде-бір жоба өтпеген.
Жиында «МинАгро» бағдарламасы туралы мәселе қозғалып, аудан әкімі Нарбай Ергебеков осы ретте шаруаларға мемлекеттен барлық жеңілдіктер мемлекеттің базасында тіркелген шаруа қожалықтарына ғана берілетінін еске салды.
– «Қарапайым заттар экономикасы» қазір елімізде тек Жамбыл облысы аумағында қолға алынып жатқан қанатқақты жоба. Қазір әр елді мекеннің төлқұжаты дайындалуда. Ол үшін әр ауылдық округтегі әр елді мекеннің ауласынан сауалнама жүргізіп өтеміз. Осы сауалнамалар тиісті деңгейде сапалы жасалып жатқан жоқ. Өткен аптада бес ауылдық округтің елді мекендерін өзім жүріп аралап өттім. Әр тұрғынның ауласына кіргенде ауылдық округтің әкімі толтырған бланкіні тексергенде біраз шикіліктер анықталды, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Кездесуде шаруалар мен тұрғындар бірқатар мәселелерді көтерді. Мәселен, Боралдай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов Рысбек батыр ауылына мәдениет ошағы қажет екенін, округ орталығы – Көлтоған ауылына арық суын жеткізіп беру қажеттігін айтты. Қошқарата ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев ауылдағы Қаракемер жайылымын әлдебір жеке адам жекешелендіріп алғанын, онда мал жайғызбай отырғанын айтып шағымданды. Ол сондай-ақ ауылда малына жемге егін егіп алайын десе, жерлері жоқ жас отбасылардың бар екенін, оларға жер беру қажеттігін ұсынды. Көлтоған ауылдық мешітінің имамы Әсет Сметов те шаруашылық жүргізу үшін өзінде жер жоқ екенін айтты.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жиында көтерілген проблемалық мәселелердің жинақталып, шешілу жолдары қаралатынын айтып, жиынды қорытты.

Абылайхан СӘРСЕН,
Жуалы ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *