Ызғарлы көктем

Бұл жылы біздің ауылда жартымды қыс болған жоқ. Оқта-текте қар аралас жаңбыр жауады. Ұйтқып жел соғады. Сүйекті шағатын қара суық. Түнде жер біраз тоңазиды.
Соғыс кезіндегі өзінше колхоз саналатын бұл ауылда бар болғаны отызға жетер-жетпес қожалық бар. Топырақ дуалдан тұрғызылған жатаған үйлер бір қалыптан шыққандай кіл екі бөлмелі. Кіре беріс бөлмедегі пешке от жағады, ас пісіреді, азық-түлік, басқа кәкір-шүкір, құрал-саймандар сақталады. Келесі бөлмеде бір үйде қанша жан болса, бәрі бірге тұрады. Жас-кәрі демей. Қыста төрт бұрышты ағаш сандал құрып, үстіне қалың көрпе жабады. Астындағы шұңқырға ертеден кешке дейін ауық-ауық пештен алып лапылдаған шоқ салады. Үй иелері төрт жақтан сығылыса отырып, аяқтарын көрпе астына жіберіп жылынады. Сандал үстіне жайған дастарқаннан ас-су ішеді. Кешкілікте сығырайған май шам.

Міне, ауылдағы тірлік сиқы осы. Барлық үйде. Колхоз жыл бойы ешкімге соқыр тиын бермейді. Әр үйдің алдында 25 сотықтан меншікті жері бар. Көктем шыға колхоз трактормен жыртып береді. Жұрт жүгері, күнбағыс, қауын, қарбыз, бұршақ егіп, жыл бойы соларды талғажау етеді. Екінің бірінде қой, ешкі, сиыр малы жоқ.
Ауылдан әудем жер қашықтағы биік-биік белдеу төбелер етегінде қара сулы өзен ағады. Жағасы қалың қамыс, ұйыса өскен әртүрлі шөптер. Ауыл мен екі арадағы алқапты тоғай дейді. Жұрт ол жаққа онша жоламайды. ­Жазатайым ұшырасуы ықтимал қабан, борсық, шибөріден сескенеді. Кейде ойын балалары топтасып ­барады.
Осынау Сырдарияға барып құятын ені үш-төрт метр, түбі терең өзен бойын жайлайтын біздің колхозға ұқсас ұсақ колхоздар да аз емес. ­«Коминтерн», «Большевик», «Еңбек», «Жеті төбе», «Саңырау», «Қоңыр төбе» – кете береді. Бұйра толқынданып, шымырлап ағатын өзен суы көмірдей қап-қара, ащы. Мал болмаса, адам ішуге жарамсыз. Бірақ лақа, тебен, сазан секілді балықтар мол. Біреулер ау құрып немесе қармақпен ұстап жатады.
Өзеннің арғы бетіндегі МТС – машина, трактор станциясы мен біз тұратын «Ынталы» колхозының арасы үш шақырымдай. Сондағы бастауыш мектепте қатынап оқитын үш бала күн сайын МТС-тың ту сыртындағы көпірден өтіп барамыз.
Ақпанның соңында екі-үш рет жауған қырбақ қар тез еріп кетті. Әйтсе де, көктем келді. Ерте көктем. Наурыздың басында суық күшейді. Түнде тұман. Күндіз сейілгенмен, күн көзі көрінбей, аспан сұрланып, буалдырланып тұрады. Түске қарай жер еріп, батпаққа айналады. Екі үйдің арасына қатынау мұң.
Таңертең көрші әйел келіп: «Үйімізден тамшы ағып жатыр. Жүрші, соған бірдеңе жасайық» деп апамды ертіп кетті. Апам одан келісімен үш перзенті – бізге апыл-ғұпыл тамақ берді де, арбакеш баламен бірге фермаға кетті. Түстен кейін оқитын мен сабақ әзірлеуге кірістім.
Түске таман күнделікті дағды бойын­ша Тоқтарбай келді. МТС-тағы мектептің екінші класында Өскенбай үшеуміз бірге оқимыз. Ұзамай іркес-тіркес қол ұстасып жолға шықтық. Аспан түнеріңкі. Суық жел сумаңдай еседі. Тал, теректер уілдей шайқалып, жалпылдай ұшқан қарғалар өңеш кере қарқылдайды. Ауыл сыртындағы зират жақтан қаңғыбас иттердің ұлығаны естіледі. Оны жақтырмаған кейіс қабақ кейуана «қара бастарына көрінсін» деп күңк етеді.
Неге екені белгісіз, менің бойымды әлдебір үрей билеп, жүрегім суылдайды. Тоқтарбайға қараймын. Ол да үнсіз аяңдап келеді. Үшеуміз ауылдан шығып, (Құр Келес деп аталатын қара сулы) өзен бойындағы жалғыз аяқ жолға түстік. Айнала – қалың қамыс. Үкілерін жалбыратып, судырлай теңселеді.
Ереcегіміз – Тоқтарбай. ­Естиярымыз да, пысық, зерек, сабақты жақсы оқитын да сол. Ашуланса бет-аузы құлағына дейін қызарып кететін Өскенбай ызақорлау, шақар. Бірақ үй шаруасына епті: су тасу, отын жару, тіпті сиыр сауу да қолынан келеді. Бәріміздің әкеміз соғыста. Осы күндерде оларды ойлай-ойлай қажып біткендейміз. Әйтеуір, аман келсе деген үміт қана.
Дарқанкүл қария Өскенбайдың үйімен көрші тұрады. Оны шеше дейміз. Шалы Мансұр былтыр дүние салған. Соғысқа алынған екі ұлының кішісі Төребай жарты жыл бұрын төрт мүшесі аман-сау қайтып келген. Жүрегі жарыла қуанған Дарқанкүл ешкі сойып той жасаған. Әскерге кеткенге дейінгі түр-келбеті онша есте жоқ, бірақ қазірде біз күнде көретін Төребай сырықтай ұзын бойлы, қыр мұрынды, қызыл шырайлы, келісті жігіт. Үстіне шинель, аяғына хром етік, басына маңдайына жұлдыз қадаған көкшіл малақай киіп шыққанда қатты қызығып, тамсана қараймыз. Кейде бізбен бірге доп, асық ойнайды. Қалған уақытта күн ұзақ колхоз кеңсесінде отырады.
Айтпақшы, шағын колхоздың бастығы, есепшісі, егіс бригадирі, ферма меңгерушісі, бір трактор, төрт-бес ат арбасы бар. Олардың барлығының басшысы да, иесі де кіл әйелдер. Ауылда ересек ер адам жоққа тән. Төребай келгелі бері кеңседе істейді. Не істейтінін білмейміз. Майданнан елден ерек сап-сау келу себебін де ұға бермейміз.
Қайтсе де, екі ұлының бірі аман оралған Дарқанкүлдің мерейі үстем, көңілі қош. Соғыстағы балаларын көздері төрт бола күтіп жүрген өзге кейуаналар «бізге де Төребайдың жолын бере гөр» деп Алладан ертелі-кеш тілек тілейді.
Төребайдың келгеніне жарты жылдан асты. Бүгінде оның да, Дарқанкүл шешейдің де күндері қараң, айлары батып барады. Аядай үйлерін қасірет буып, ақырзаман төніп тұр. Төребай бір айдан бері төсекте. Жағдайы ауыр. «Сорлы бала-ай, жазылып кетсе тәуір болар еді» деседі екінің бірі. Күллі ауыл тілеуін тілеп, жаратқанға жалбарынады.
Біз не білейік, апамның айтуынша, Төребай сол алғаш келген күндердің өзінде-ақ тық-тық жөтеледі екен. «Құрт ауруы болмаса неғылсын деп ойлаушы едім» дейтін апам. «Сөйтсем, қолына мылтық ұстап, майданға да кірмей, Семейде әскер оқуын оқып жүргенде екі өкпесі қабынған соң қайтарып жіберіпті ғой. Онда жылы жақтың адамдары шыдамастай қақаған суық болады екен. Анау өзбектердің көп боздағы үйлеріне жете алмай, сол жақта өмірем қатыпты» дейтін апам тағы да.
Өскенбай Дарқанкүл шешей­мен көрші әрі оларға жақын ағайын болғандықтан, Төребай төсек­ке таңылғалы қолқабыс жасап, көмек­тесіп жүреді. Әр күні бізге сол үйден шығып қосылады.
Бүгін де түс әлетінде Тоқтарбай екеуміз сонда барып, үйге кірдік. Төрдегі төсекте Төребай шалқасынан жатыр екен. Жанында бір шөкім боп ақ шаштары қобыраған Дарқанкүл шешей отыр. Төребайдың қу сүйегі қалған, көкірегі сыр-сыр етеді. Екі езуінен көпіршіген ақ көбік ағады. Көздері шүңірейіп, кірпігін әрең қағады. Ештеңе естімейтін, сезбейтін секілді.
Өскенбайға белгі бердік. Ол басын изеді. Тысқа шықтық. Өзен жағалап келеміз. Өкпек жел жұлқына уілдейді. Аспан алай-түлей. Қамыстар сусылдайды, құстар шуылдайды. Алға басқан аяқ кейін кетіп, жүріс өнбейді. Берекеміз қаша түскен.
Ауылдан сәл ұзасымен:
– Төребай көкемнің жағдайы жаман, – деді Өскенбай мұңая сөйлеп. – Бүгін түнде апам да, мен де солардың үйінде қондық. Дарқанкүл шешем талып қала береді…
Тоқтарбай маған қарады. Мен не дейін. Осыдан екі-үш ай бұрын Төребай­дың жағдайы тәуір болатын. Күндегі дағ­дымызбен Өскенбайды ертіп кетуге барғанда:
– Көктем жақын қалды ғой. Аузымыз аққа тисінші. Сонан соң, Құдай қаласа, жазыламын, бәріңді Тәшкенге апарып, зоопаркке кіргіземін, – деген-ді.
Міне, көктем есік қағып тұр. Төребай ессіз жатыр…
Біз түстен кейін оқитынбыз. Ер­теңіне тағы да үйреншікті мезгілде жолға шықтық. Ауылдан шамалы ұза­­ғанда Дарқанкүлдің «қанатымнан қайырылдым» деп боздаған ащы даусы естілді. Ізінше тұс-тұстан шыққан шерлі үннен бүкіл ауыл күңіреніп кеткендей болды…
Біз кері қайттық. Үш бала бір-бірімізді сүйемелдеп, жылап келеміз…
– Қу соғыс жалмап тынды ғой, көктей солды ғой сорлы бала, – деп зар қақты ел-жұрт.
– Ей, жарандар, бұл алапат кімді жұтпай жатыр? Төребай айдалада ит-құсқа жем болмай, туған жерден топырақ бұйырды, шүкіршілік етейік, – деп қауқылдасады ауылдардан келген ақ сақал-қара сақалдар.
Сол бір ызғарлы көктем осылай басталған-ды. Біздің ауылдың 1943 жылғы көктемі… Ерте көктем…

Зәкір АСАБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *