«Қазпошта қызметі жаңғыру мен жаңару жолында»

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стартегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленгені баршаға белгілі. Бағдарламаның бір тармағында ақпарат және байланыс саласы қызметін жақсарту көзделген. Тиісінше бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын ілгерілету мақсатында мемлекет тарапынан түрлі іс-шаралар әзірленіп, қолдау көбеюде. Осы тұста күні кеше ғана 28 маусым «Байланыс және ақпарат қызметкерлері мерекесініне» орай ел ішінде еңбегі көп болғанымен көптің көңілінде жиі жүре бермейтін Пошта қызметкерлерінің бүгінгі тыныс-тіршілігін тағы бір көзі қарақты оқырмандармен таныстырғанды жөн көрдік. Назарларыңызға «Қазпошта» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының директоры Болысбек Пірәлімен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Болысбек Бөрібекұлы, бүгінде өңір тұрғындарына пошта қызметін ұсынатын мекемені басқарып отырсыз. Алыстан хабар алдырған поштаның қазіргі уақыттағы қоғам үшін маңызы қандай?
– Халыққа қолжетімді ірі желілік құрылым «Қазпошта» АҚ – шалғайдағы ауыл-аймақтарды пошталық, қаржылық және агенттік қызметтермен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір оператор. Республиканың барлық аумағы бойынша қалаларда, облыс және аудан орталықтарында және ауылдық жерлердегі филиалдар желілері арқылы қабылдау, өңдеу, тасымалдау мен хаттарды, бандерольдарды, сәлемдемелерді жеткізуді қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта пошта десеңіз, мерзімді басылымдарға жазылатын мекеме ретінде ғана қабылдайтындар көп. Өйткені, қолына қалам алып, сәлем хат жазып көрмеген ұрпақ өсті. Дегенмен, оларды сөгуге болмасы анық. Өйткені, олар – жаңа заманның адамдары. Талаптары да, қажеттіліктері де өзге. Сол себепті, біз де уақыттың, тұтынушылардың талабына сай болу мақсатында қызмет түрлерін арттырып, оларды оңтайландыру бағытында жұмыстар атқарып келеміз. Шын туайтында пошта газет-журнал таратудан бөлек жүзге тарта қызметтер көрсетеді. Атап айтсам, «Қазпошта» тұтынушылары дәстүрлі хат-хабар алмасу, жөнелтілімдер жіберу, газет-журналдарға жазылуды рәсімдеу секілді қызмет түрлерінен бөлек біз арқылы қаржылық және агенттік қызметтерді де пайдалана алады. Мәселен, олар пошта бөлімшесінде коммуналдық, салық және басқа да төлемдерін төлеп, ақша аударымдарын, депозитке ақша салу, халықаралық төлем карточкаларын рәсімдеу сынды қызметтерді пайдалануына болады. Сонымен қатар жеке және заңды тұлғаларға банк шотын жүргізу мен ашу, зейнетақы, еңбекақы мен әлеуметтік жәрдемақы төлемдерін қабылдау, несиелер төлеу, несиелік бюро, трансфер-агенттік қызметтер көрсету, темір жол және ауежай билеттерін сатып алу секілді қосымша қызметтері бар.
Тұтынушыларға хат-хабардың уақтылы жетуі аталған қызметкерлерге тікелей байланысты, яғни пошташылардың қалтқысыз қызмет етуі, олардың ешқандай жағдаймен санаспайтын ауыр қызметі ерлікпен тең екенін айтып өту қажет. Бүгінде хат-хабардың уақтылы жетуі, пошташылардың жұмыс жағдайын жеңілдету мақсатында бірқатар істер атқарылуда. Мысалы, «Қазпошта» өзінің әр пошташысына мезгіліне сай формалық киімдер мен аяқ киімдер беріп отырады. Сондай-ақ, жүріп-тұруын жеңілдету мақсатында арнайы велосипедтер, дорбалар мен арбалар ұсынылады. Ал, Тараз қаласы бойынша қызметкерлерге қоғамдық көлікте қатынау мүмкіндігі үшін ай сайын пошташыларға жол жүру шығын ақысы төленеді. Облыс бойынша 392 пошташылар смартфонмен қамтамасыз етілген. Ай сайын корпоротивтік нөмерлеріне абоненттік төлемақы автоматты түрде толықтырылып тұрады. Қазпоштаның көрсететін әрбір қызмет түрлері ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы үшін аудан орталықтары мен ауылдарда пошта байланысы бөлімшелерінің қызметін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Сапалы қызмет көрсету жоспарына сәйкес ауыл тұрғындарын уақытылы жергілікті газет-журналдармен қамтамасыз етуде К+0 (күнбе күн жеткізілуге Д+0) қол жеткіздік. Облыс бойынша аптаның алты күні поштаны тасымалдау, жеткізу болып келсе, ағымдағы жылы мамыр айынан сәлемдемелер супермаркеттеріне дейін пошта сәлемдемелерін аптасына жеті рет тасымалдап жеткізіп, сәлемдемелер супермаркеті аптасына жеті күн жұмыс істейтін болды.
– Әлеуметтік желінің әлеуеті артып тұрған шақта пошта қызметі халықтың сұранысын толық қанағаттандырып жүр ме?
– «Қазпошта» заман ағымынан қалмауға күш салып келеді. Соның көрінісі поштамат аталатын жаңа қызмет түрі. Поштамат – қызмет интернет-дүкендерде және каталогтардан тапсырыс берілген тауарларды автаматтандырылған түрде беру терминалы. Қазір кез-келген тұрғын интернет желісі арқылы қалаған тауарына тапсырыс бере алады. Мысалға, сіз интернет-дүкен арқылы белгілі бір затқа тапсырыс бердіңіз делік. Тапсырыс пошта қызметі арқылы бөлімшеге жеткізіледі. Оны алу үшін көрсетілген бөлімшеге келіп кезекте тұрмай, қажетті құжаттарды толтырмай ақ, Тараз қаласында орнатылған 5 терминал арқылы сіз өзіңіздің телефон нөміріңіз бен тапсырыс нөмірін теру арқылы жүгіңізді әп-сәтте ала аласыз. Тараз қаласы бойынша бір поштамат Ташкент көшесі 244 үй, «Алмат» сауда үйінде, қалған 4-уі пошта өндірістік бөлімшелерінде орналасқан. Алдымыздағы аралықта пошта бөлімшелерінде орналасқан поштаматтарды үлкен сауда үйлеріне және халық көп жиналатын жерлерге ауыстыру қарастырылып отыр. Біз бұл арқылы өзіміздің өзгеруге дайын екенімізге, өзгеріп келе жатқанымызға және заманға сай дамитынымызға жұртшылықтың назарын аударғымыз келеді.
Поштаматтардың жұмыс істеу тәсілі өте қарапайым. Әр поштаматтың өзіне ғана тиесілі дербес индексі бар. Әр поштаматтың мекен-жайы мен индексі туралы мәлімет пошта сайтында жарияланған. Мәселен, интернет-дүкенге тапсырыс берген кезде сіз поштаматтың индексін көрсетуіңізге болады. Тапсырыс Қазақстанға жеткен кезде біздің қызметкер оны поштаматқа апарып салады. Ал, сіздің телефоныңызға «сәлемдеме келді» деген хабарлама жіберіледі. Сіз поштаматтағы электронды таблоға sms-хатпен бірге берілген кодты жазып, өз сәлемдемеңізді алып кете аласыз. Сондай ақ, 2017 жылдың қазан айында, облысымыз бойынша жаңа форматтағы ТМД-да алғаш рет өздігінен қызмет көрсететін «Сәлемдемелер супермаркеті» 11 құрылымдық бөлімдері Тараз қаласы бойынша екі және Мойынқұм, Сарысу, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Қордай аудандарында орналасқан орталық операциялау учаскелерінде ашылып, қызмет көрсетілуде. Сәлемдемелерді алу үшін, клиент трек нөмірін және ұялы телефонының нөмірін супермаркетте орналасқан арнайы терминалдың экранында тереді. Терминал керекті сәлемдемені жүйеден тауып, орналасқан сөресі, қатары және ұяшығының нөмірі жазылған талонды береді. Сонымен қатар, супермаркет клиенті Қазақстанның кез-келген өңіріне сәлемдемені өзі жібере алады.
– Бүгінгі таңда пошта қызметінің сапасын ілгерілету мақсатында айталық қандай шаралар әзірленіп жатыр?
– Мемлекеттік мекемелердің қолданысындағы гибридті электронды пошта (ГЭП) қызметін қолданысқа енгіздік. ГЭП – бұл алаң абоненттік жәшік нұсқасында, электронды түрде іске қосылып, керекті хаттар мен хабарландыруларды, мемлекеттік органдары өкілдері арасындағы құжаттарды жеткізуге арналған. Бір ерекшелігі бұл электронды пошта, электрондық үкімет жүйесімен біріктірілген. Сондықтан мемлекеттік қызметтерге тапсырыс беруден бастап, құжаттардың түпнұсқасын пошта арқылы жеткізу сияқты кешенді форматта қызмет ұсынады. Жалпы, соңғы жылдар ішінде ондаған қызмет түрлері енгізілді. Олар өзінің ыңғайлылығымен, уақыт үнемдеуге мүмкіндік беруімен ерекшеленеді.
Біздің тұтынушыларымыздың жартысынан астамы ауылдық жерлерде тұратындықтан олардың жайы назардан ешқашан тыс қалған емес. Жалпы айтар болсам, бүгінгі таңда «Қазпошта» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалы инфраструктурасын дамытуда жүйелі жұмыстар жасап жатқан үлкен мекемеде 1300 ден аса адам жұмыс жасайды, 260 өндірістік бөлімшелер, 10 аудандық пошта байланыс торабтары, 11 орталық операциялау бөлімі, 33 қалалық пошта байланыс бөлімшелері, 151 ауылдық ПББ, 20 пошта байланыс пунктері, 4 жылжымалы ПББ, 36 төлемдерді қабылдау пунктері облыс бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Басым бөлігі, яғни 151 ауылдық өндірістік пошта бөлімшелері, шалғай ауыл-аймақтарда орналасқан.
Өздеріңіз білетіндей, ауыл тұрғындары көптеген банктердің банкомат қызметіне қол жеткізе алмай келеді. Сол себепті олар біршама қашықта орналасқан аудан орталығына қатынауға мәжбүр. Бұл ретте «Қазпошта» олардың тұрақты түрде жалақыларын, жәрдемақы және зейнетақыларын алып отыруына қолайлы жағдай жасап отыр. Аудан орталығы, не болмаса қалаға қатынаспай-ақ, ауылдағы кез келген пошта байланыс бөлімшелерінен пост терминал арқылы зейнетақы, төлмеақы және жәрдемақыларын ала алады.
Ал, облыс көлемінде барлығы 32 банкомат орнатылған. Сондай-ақ, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне арналған «Жалақы төлеу жобасы» ұсынылды. Бұл жоба аясында бюджеттік мекеме қызметкерлері «Қазпоштаның» бөлімшелері арқылы халықаралық төлем карточкаларын рәсімдеп, еңбекақыларын алуға мүмкіндігі бар.
Осы бағытта, «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыс филиалы, ағымдағы жылдың 14 мамырында Облыс әкімінде Үкіметтік селекторлық мәжілістің қорытындысы бойынша өткен облыс активі жиылысында Облыс Әкімі тарапынан қолдау көрді.
– «Қазпоштаның» жаңғыру мен жаңару жолы өткенімен бүгінгісі қандай?
– Әр адам белгілі бір уақыт аралығында өзінің атқарған ісіне шолу жасап, алдағы жұмысына жоспар құрады. Қай жерде қате жібергенін саралап, келер уақытта сол олқылықты қайталамауға, болмаса оған ұрындырмайтын тиімді тәсіл ойлап табуға тырысады. Сол секілді «Қазпошта» да өткенін саралап, болашаққа жоспарын құрып отырады. Болашақта уақыт талабына сай, пошта әкімшілігінің автопаркін толығымен GPS-навигаторлармен қамтамасыз етуді, сонымен қатар, көліктерді бейне-тіркеу құралдарымен жабдықтау жоспарлануда.
Техника мен технологияның тілін тауып, тұтынушыларға заман талабына сай қызмет көрсетуді мақсат тұтқан «Қазпошта» АҚ осыдан бірер жыл бұрын трансформация бағдарламасына біржолата бет бұрды. Бет бұрып қана қойған жоқ, бұл іске алғашқылардың бірі болып, жең түріп, білек сыбана кірісті. Басты мақсат – жаңғыру, жаңару, түлеу, түрлену болды. «Қазпошта» трансформация бағдарламасын бизнес-үдерістерді оңтайландыруға, қызмет көрсету саласын жаңа технологиялар арқылы автоматтандыруға және адам ресурсының сапалы өзгеруіне бағыттады. Жасыратыны жоқ, бұрын «Қазпоштаның» қызмет көрсету сапасына көпшіліктің көңілі толмайтын. Сондықтан бұл мекеме сыннан көз ашпайтын. «Қазпошта» әлемдегі өзі секілді компаниялардан капиталды пайдаланудың тиімділігі мен инвестицияның рентабельділігі тұрғысынан және КРІ көрсеткішінен үнемі ұтылып жүрді. Бәсекеге қабілетсіздікке бизнес-үдерістердің дұрыс ұйымдастырылмауы бірден бір себеп болды. Осының салдарынан «Қазпошта» АҚ бөлімшелері ұзын-сонар кезектен, қызмет көрсету сапасы дау мен жанжалдан арылмады. Ауылдардағы пошталық бөлімшелер «Қазпоштаға» қосымша әлеуметтік салмақ салып тұрды. «Қазпошта» АҚ тиімділігі нашар компанияға айнала бастады. Ал қазіргі таңда «Қазпошта» АҚ ның айдарынан жел есіп тұр. Бұған «Қазпошта» АҚ ның 2014 жылы алғашқылардың бірі болып пошта қызметін трансформациялау үдерісіне қатысуы негіз болды. Трансформация бағдарламасы аясында компания жаңғыру мен жаңаруға түлеу мен түрленуге басымдық берді. Бұл істі жүзеге асыру үшін «Қазпошта» өз қызметіне заманауи технология енгізді. Осылайша дәстүрлі пошта қызметін XXI ғасырдың талабымен ұштастырды. Нәтижесінде пошта қызметінің аясы кеңейді. «Қазпошта» АҚ да электронды пошта арқылы хат-хабарларды қабылдайтын және жөнелтетін гибридті пошта, сәлемдемелер мен халықаралық ақша аударымдарын жүзеге асыратын «Юнистрим», жеделдетілген хаттарды қабылдайтын және жеткізетін ЕМS, жеделдетілген ақша аударымы «Сәлем теңге» сынды жаңа қызмет түрлері көрсетіле бастады.
– Елбасының ағымдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы тұста сіздердің де мекеменің атынан қандай да бір шаралар атқарылып жатқан болар…
– Иә, пошта саласында қызмет атқарып жатқан жастарымыздың бір-бірімен жақын білісіп, ынтымақта жұмыс істеу және оны демалыспен үйлестіру мақсатында мәдени-іс шаралар өткізіліп тұрады.
Тәуелсіздіктің түндігі түріліп, таңы арайлап атқалы қазақ елі өзінің сан ғасырлық тарихы бар ежелгі сал-дәстүрлерін жыл өткен сайын жаңа серпінмен жаңғыртуда. Сондай өнегелі іс-шараны биылғы жылы «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалы да абыроймен өткізе білді. Атақты Алатау бөктерінде орналасқан Тұрар Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ демалыс орталығында өтті. Бұл наурыз мерекесі, барлық Қазпошта бөлімшелерінің жұмыс ұжымдарының ынтымағы мен еңбекке деген белсенділігін арттыру мақсатында тимбилдинг түрінде өткізілді. Яғни тимбилдинг – командалық жарыстар ұйымдастыру негізінде ұжым мүшелерін ортақ мүдде үшін бірге белсенді жұмыс істеуге үйретіп, ұжым мүшелерінің бір-бірімен жақынырақ танысуларына мүмкіндік беруіне ықпал етеді.
Тимбилдинг бағдарламасына ән жарысы мен ұлттық киімдер арасынан ең әдемісін таңдаумен қатар, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу, теннис, дойбы, волейбол, ерлер арасында қой көтеру секілді спорт түрлері кірді.
Сондай-ақ, бұл іс-шараның тағы бір мақсаты жастар санасына мәңгілік елімізде ата-бабадан мұра болып қалған ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды сіңіру болатын.
Іс-шара соңы Қазпошта бөлімшелерінің көркем өнерпаздарының күшімен ұйымдастырылған үлкен мерекелік концертке ұласты. Келген қонақтар мен жарысқа қатысушылардың бәрі мерекеге арналып жайылған дастарқан басында мерекелік дәмнен татты. Бұл да мекемеміздің атынан «Жастар жылына» аз да болса үн қатуымыз деп білемін.
– «Қазпошта» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының соңғы жаңалықтары қандай және алдағы жосапарларыңызбен бөліссеңіз…
– Қазақстандағы жетекші байланыс операторы Цифрландыру саясаты бойынша тың жобаны қолға алды. «Қазпошта» акционерлік қоғамы бастаған «Франчайзинг» шарасы қазір Жамбыл облысымыздың 27 нүктесінде іске асуда. Франчайзингтік Жамбыл облысы бойынша 27 бөлім, оның ішінде: Байзақ ауданы 4, Жамбыл ауданы бойынша 2, Жуалы ауданы бойынша 2, Қордай ауданы бойынша 1, Мерке ауданы бойынша 4, Мойынқұм ауданы бойынша 1, Сарысу ауданы бойынша 2, Талас ауданы бойынша 3, Т.Рысқұлов ауданы бойынша 4, Тараз қаласы 4 қызмет көрсетуде.
Біздің филиалдың мақтанып айтар жаңалықтары өте көп. Жамбыл облыстық филиалы жоспардың орындалу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 111 пайызға жетті. Мәселен, ағымдағы жылда сәлемдемелерді жіберу 23, ірі көлемді пошта жөнелтілімдері 54, ЕМS жөнелтілімдері 35 пайызға өскенін байқап отырмыз. Облыстық филиалымыз 2018 жылдың қорытындысымен, Қоғам бойынша ең алдыңғы жүлделі бірінші орын иегері болса, биылғы, 2019ж. қаңтар айында 105 пайызға, сәуір айында 116 пайызға жоспарды орындап, Қоғам бойынша «Үздік сату бөлімі» атты ауыспалы кубоктың иегері болды. Алдағы маусым айында да жоспарды ең жоғарғы көрсеткішпен орындап кубокты өзімізге қалдыруға бар күшімізді салудамыз.
Осы ретте пошта саласыны аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар мамандардың еңбегі ерен. Атап айтсам директор орынбасарлары: Әлімжан Ахметов, Нүркен Рүстем. Аудандық пошта байланыс басшылары: Абзал Ракишев (Меркі ауданы), Дәулет Джаппасов (Т.Рысқұлов ауданы), Ұлазан Бөкейхан (Жамбыл ауданы), Ашимхан Қалыгулов (Мойынқұм ауданы), Қуаныш Сметов (Сарысу), Роза Бекішева (Талас ауданы), Бахытжан Устаев (Жуалы ауданы), Анаркан Срайлова (Шу ауданы), Қонысбек Райымбаев (Байзақ ауданы). Құрылымдық бөлім басшылары: Нұрлан Омарбеков, Гүлмағиза Кервенева, Алмасбек Умирбеков, Жамбыл Есенбаев, Саят Байгонысова, Еркебұлан Сағындықов, Жанат Әшірімбет, Нұрдаулет Лесбаев, Сейткамил Джаксымбетов, Абдыманат Менлибаев, Турунч Искандарова, Ақбөпе Сейлханова, сондай-ақ, пошта байланыс бөлімше басшылары: Гүлнар Макашева, Дана Шалкебаева, Айзада Ералиева, Лайла Бексейтова, Гүлзат Өмірзаққызы.
Ауылдық жерлерде пошталық қызметтердің тиімділігі өте жоғары. Атап айтқанда, 5 банктен несие рәсімдеуге болады: «Қазпошта» АҚ несие беретінін де айта кетсек болады. 5 банкпен келісім шарт жасасып кредит беру қазіргі таңда ешбір банкте жоқ қызметтердің бірі деп білемін. Олар: Хоум Кредит Банк, Азия Кредит Банк, Альфа Банк, Евразийский Банк және жақында ғана қосылған АТФ банк.
Жамбыл облыстық филиалында «верификация» жобасы бойынша 65 нүкте бар. Оның 6 нүктесі қалалық жерде орналасқан болса, қалған 59 нүкте ауылдық жерде орналасқан. Ауыл тұрғындарына несие рәсімдеу үшін немесе оны төлеу үшін қала мен аудан орталықтарына келудің қажеті жоқ. Өйткені, бұл қызметтерді ауыл поштасынан-ақ алуға болады. Бұған қоса, теміржол және әуе билеттерін де алуға болады. Барлық пошта байланыс бөлімшелері автоматтандырылған.
Келешектің поштасы ақпараттық жүйелермен тікелей байланысты болатынын бүгіннен-ақ аңғарып отырмыз. Сондықтан оның қызметінің негізі жылдамдықпен, тұтынушы үшін қолайлылығымен және сенімділігімен өлшенетіні сөзсіз. Жалпы алғанда қазіргі уақытта іске қосылып жатқан барлық жаңашылдық сол болашаққа жасалған қадамдар деп білемін. Демек, болашақ поштасының негізі бүгіннен бастап қалануда. Қалай болған күннің өзінде де біз қызметтер сапасын көтеру, пошта жөнелтілімдерін жедел жеткізу, бақылау мерзімін қысқарту, тұтынушылардың ойынан шығатын жаңа қызметтерді енгізу бағытында талмай-тынбай еңбек етеріміз анық.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *