АУЫЛ АХУАЛЫ ЖАҚСАРСА, ЕЛ ЕҢСЕСІ КӨТЕРІЛЕДІ

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудандарды аралап, ондағы жұмыстардың жүзеге асуының жай-жапсарымен жеке танысуды жөн санайтыны белгілі. Осы дағдысы бойынша аймақ басшысы Меркі, Қордай, Жамбыл және Т. Рысқұлов аудандарында болып қайтқан еді.

Асқар Исабекұлы жұмыс сапарын Меркі ауданынан бастады. Онда Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен облыс әкімі ауылдықтардың әлеуетін арттырудың басты бағыттарына тоқталды. Тиімді табыс көзіне бейімделудің негізгі тетіктерін түсіндірді.
Кездесуде өңір басшысы жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру, қарапайым заттар экономикасы, кәсіпкерлік бағыттарындағы және өзге де қолға алынған шаруалар, жобалар төңірегінде жан-жақты әңгімеледі. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар да көкейлеріндегі түрлі сауалдарын жолдап, өзекті ойларын ортаға салды. Шаруа қожалық иелері жұмыстарын жандандыруға қатысты, көпбалалы аналар әлеуметтік мәселелерін көтерді.
Бұдан соң Асқар Исабекұлы ауданға қарасты Т.Рысқұлов ауылдық округінде де кездесу өткізіп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін барлады. Айта кету керек, дәл осындай форматтағы кездесулер облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат және басқарма басшыларының қатысуымен аудандағы 14 ауылдық округте өтті.
Облыс әкімінің Меркі ауданындағы жұмыс сапары аудан активімен өткен жиында қорытындыланды. Жиында ауданға қарасты ауылдық округ әкімдерінің есептері тыңдалды. Сонымен қатар, арнайы келген жұмыс тобының елдімекендердегі зерделеу шараларының қорытындысы баяндалды.
Айта кету керек, ауылдардың экономикалық дерекқорын қалыптастыру, әлеуметтік төлқұжатын түзу жұмыстарында сылбырлық басым. Әсіресе, түсіндіру, ұйымдастыру шараларының әлсіздігі көзге ұрып тұр. Оны ауылдық округ әкімдерінің берген мардымсыз жауаптары аңғартты.
Сонымен қатар, басқосуда елдімекендер маңындағы алқаптарды да тиімді пайдаланудың маңыздылығы айтылды. Тұрғындар тарапынан білдірілген ұтымды ұсыныстар назарға алынып, көтерілген мәселелерге толыққанды жауаптар қайтарылды. Жиын қорытындысымен тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жолданып, бір ай уақыт мерзім берілді.
Аймақ басшысының жұмыс сапары Қордай ауданында жалғасты. Арнайы бекітілген жұмыс тобы аудандағы 19 ауылдық округті аралап, халықтың жай-күйімен танысып, талап-тілектеріне құлақ түрді.
Қордай аудандағы жұмыс сапарын аймақтағы іргелі елді мекендердің қатарындағы Сарыбұлақ ауылдық округінен бастаған Асқар Исабекұлы жергілікті тұрғындармен кездесті. Жалпы бүгінгі таңда Сарыбұлақ ауылдық округінде 7 785 халық тұрады. Округтің жер көлемі 153 гектарды құрағанымен жердің басым бөлігін тұрғын үй, қора-жай алып алып жатыр. Тек 36 гектарында ғана бау-бақша мен көкөніс орналастырылған. Яғни тұрғындар қосалқы шаруашылықтарды тиімді пайдалана отырып табыс тайқазанын тасытуға әлі де асығар емес. Мұнан бөлек тұрғындардың қай-қайсысы болмасын тек мал басын арттыруға ғана мән беріп, төрт түлік арқылы-ақ жетістік желкенін керуге көңіл бөлмеуде. Өз кезектерінде ауылдық округ тұрғындары тірлік бастауға қолбайлау болып тұрған түйінді мәселелерін ашық айтып, Асқар Исабекұлына көкейлерінде жүрген сұрақтарын жолдады.
Өз кезегінде А. Исабекұлы кооперативтер құру техниканы тиімді пайдалануға, халықты жұмыспен қамтуға оң әсер ететінін айтты. Сондай-ақ өз сөзінде ауыл тұрғындарының қажетіне жарарлықтай кеңестерімен бөлісіп, орамды ойларын ортаға салды.
Асқар Исабекұлы мұнан кейін ат басын бұрған Бетқайнар ауылы тұрғындарының тындырымды тірлігі көпке үлгі. Мұнда қосалқы шаруашылығының жұмысын жолға қойып, ырзығын айырып отырғандар баршылық. Тұрғындар Асқар Исабекұлының өзге облыстарға үлгі боларлық бастамасының болашақта жемісін беретінін айта келіп, әркез қолдауға дайын екендіктерін білдірді.
Асқар Мырзахметовтің Қордай ауданындағы жұмыс сапары аудан активімен өткен жиында қорытындыланды. Жиын барысында аймақтағы 19 ауылдық округті аралап, тыныс-тіршілігімен танысқан жұмыс тобының жетекшілері сөз алып, ауылдардағы ахуалды баян етті. Баяндамашылардың сөзіне сүйенсек, ауданда тапсырма тиянақты орындалмаған. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Ауылдық округ әкімдері жұмысты дұрыс үйлестірмеген. Әлі де жүйелейтін жұмыс көп. Дегенмен бірқатар елді мекендердегі тындырымды тірліктер бас бармақпен бағаларлықтай деңгейде. Жиын соңында Асқар Исабекұлы жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар беріп, енді кемшілікке кеңшілік болмайтынын баса айтты.
Келесі кезекте Асқар Мырзахметов Жамбыл ауданында болды. Сапар барысында аймақ басшысы аудан активімен жиын өткізіп, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Аудандағы Мəдениет үйінде аудан активімен өткен жиында Асқар Исабекұлы жиынды қосалқы шаруашылықтардың тиімділігін жергілікті халық арасында түсіндіру, ауылдық елдімекендердің дерекқорын жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды сұрады. Ауылдық округ әкімдері жеке шаруашылықтарды дамыту бойынша жүргізілген жұмыстарға есеп беріп, зерделеу қорытындысынан хабардар етті. Алдымен мінберге шыққан Аса ауылдық округінің əкімі Бауыржан Қалшынбетовтың баяндамасынан жұмыстың қаншалықты шикі атқарылғаны көзге ұрды. Құрғақ сандар мен дәйексіз деректерді сапырды. Үй-үйді аралап шықтым деген округ басшысы өзіне қарасты ауылдың жерін қалай пайдаланып отырғаны, қора-қопсысында не мал, одан алатын өнімді орташа есеппен есептеп санынан жаңылды.
Жиында аудан əкімі Бақыт Қазанбасов сөз алып, ауданда ешқандай жұмыс жасалмай отыр деп айтуға келмейтінін, атқарылып жатқан жұмыс баршылығын, бірақ бүгін ауылдық округ əкімдері оны дұрыс жеткізе алмағанын айтып, жұмысты жолға қою үшін уақыт беруін сұрады.
Асқар Мырзахметов аудан әкімі Бақыт Қазанбасовқа ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, олардың ұсыныстарын тыңдауды және егжей-тегжейлі талдауды тапсырды.
Сонан соң өңір басшысы Жастар сарайында аудан тұрғындарымен еркін форматта кездесу өткізіп, кооперативтің не үшін қажет екенін нақты мысалмен түсіндіріп, жергілікті тұрғындарды өндіріст көлемін біріктіріп, ұлғайтуға шақырды.
Кездесу соңында тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселелер ескерусіз қалмайтынын айтқан өңір басшысы, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Тұрар Рысқұлов ауданында жалғасты.
Аймақ басшысы әуелі Ақыртөбе, Абай ауылдық округінде болып, ондағы шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен танысты. Мұндағы тұрғындарының тарапынан қойылған бақша суаратын ағын суды шешіп беруді, көгілдір отын тарту мен жайылым, басқа да қордаланған бірқатар мәселелердің шешу жолдарын ұсынды. Бұл орайда ауылдықтардың кооперативтерге бірігуі маңызды екенін тілге тиек етті. Ол арқылы теxника, маман тапшылығын, тұқым, өндірілген өнімді өткеру мәселелерін де оң шешуге болатындығын айтты.
Келесі кезекте Асқар Исабекұлы Т.Рысқұлов аудан əкімі аппаратының мəжіліс залында аудан активімен жиын өткізді. Алдымен аудан əкімі Ерболат Садырқұлов ауданда 5 айда атқарылған ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндап өтті. Оның айтуынша, ауданда 13500 аулада 65 мыңға жуық адам тұрады. Мал ұстап отырған аула саны — 6188. Ал үй жанындағы жердің жалпы көлемі 1228 гектарды құрайды. Ол жерлердің басым бөлігі əлікүнге мақсатты пайдаланылмай келеді екен.
Өңір басшысы жұмысына жауапсыз қарап, санаққа самарқау қараған ауылдық округ әкімдерінен жұмыс барысын сұрады. Округтің əкімдерінің де жиынға дайындалмай келгені олардың берген жауаптарынан көрініп-ақ тұрды. Облыс басшысы алдымен қойылған талаптың түп мақсатын терең түсінбей, ойға алған істің оңынан баспасын қадап айтты.
Жиын соңында аймақ басшысы аудан және ауылдық округтің əкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеп, түсіндіру жұмысын жандандыруды тапсырды.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *