Тілекші болғанда ғана тұтаспыз

«Апат айтып келмейді». Күні кеше ғана Арыс қаласында болған жойқын жарылыс дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Әскери қоймада жарылған әскери оқ-дәрілердің дүмпуі тек арыстықтарды ғана емес мұқым қазақты үрей құшағында қалдырып, ойын онға, санасын сан саққа жүгіртті. Жойқын жарылыс болған күні-ақ Қазастан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы барып, жағдайды өз көзімен көрді. Қасым-Қомарт Кемелұлы зардап шеккендерге мемлекет тарапынан барлық көмек берілетінін айтып, жадап-жүдеген жұртшылықты сабырға шақырды.

Мемлекет басшысының тап-сырмасына сай қазіргі уақытта Үкімет тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Ел тұрғындары да бар жауапкершілікті тек билікке артып қоймай, қолдау білдіріп, көмек көрсетудің барлық жолын жасап бағуда. Еліміздің әрбір қаласында гуманитарлық көмек көрсету пунктері ашылып, бірлескен істе береке бар екенін таныта білді. Жамбылдықтар да игі істің бел ортасынан табылып, теңізге тамған тамшыдайын болсын көмектерін көрсетіп бағуда. Сейсенбі күні Қазақ хандығы монументінің алдынан 40 тоннадан аса азық-түлік тиелген жүк көліктері Арыс қаласына аттанды. Мұнан бөлек 60 тоннадан астам құрылыс материалдары дайындалған.
– Елді алаңдатқан Арыс қала-сындағы жойқын жарылыс ешбірімізді бей-жай қалдыра алмады. Сәт сайын жағдайдың ушығып бара жатқанын білген соң қол қусырып отырғанды жөн көрмей, іске кірістік. Облыс орталығы Тараз қаласында 5 гуманитарлық көмек көрсету бекеті ашылды. Мұнан бөлек аудандарда ашылған бекеттер де күні-түні дамылсыз жұмыс істеді. Қазіргі уақытта 180 тоннадан аса азық-түлік жиналып, тез бұзылатын және тұрмысқа аса қажетті 40 тоннасы (10 тонна ұн, 10 тонна қант, 18 мың дана жұмыртқа, 1,5 тонна тауық еті, 350 келі шұжық өнімдері, 1 тонна сүт өнімдері, 200 тонна макарон өнімдері, 1 тонна өсімдік майы, 400 келі печенье, 700 келі қияр және 1 000 дана бөлке нан) Арыс қаласына жөнелтілгелі тұр. Сонымен қатар медицина қызметкерінен 4 бригада жасақталып, жеткілікті дәрі-дәрмекпен Арыс қаласына жіберілді. Медициналық көмек көрсету үшін 2, 2 миллион теңге бөлінді.
Ал, бас сауғалап келген Арыс қаласының 108 тұрғыны тиісті орындарға жайғастырылып, барлық жағдай жасалуда. Сондай-ақ облысымыздағы көптеген мекеме қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударуға шешім қабылдап, үлкен сауапты іс жасады, – деді М. Жүнісәліұлы.
Сонымен қатар, теміржол, көлік қозғалысы да қатаң бақылауға алынған. Тараз қаласындағы №16 және №17 ора мектептерде Арыс қаласына аттанған жолаушыларға арналып 200 орынды жатын орын әзірленіп, ыстық таман берілген.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының алдынан да азық-түлік тиелген арнайы көлік Арыс қаласына аттанды. Қала тұрғындарынан 20 келі қант, 20 келі күріш, 100 қап вермешель, 20 келі грешка, 20 қорап кеспе, 1 қап тұз жиналған екен.
Гуманитарлық көмек көрсету бағытындағы жұмыстар облыс деңгейінде әлі де жалғаса беретін болады.

Т. Берікбайұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *