Күлшелі бала…

Тоқтарбайдың жүрегі жұмсақ болатын, өмірінде дауыс көтеріп, қатты жекіріп, ешкімге ұрса алмайтын. Үлкенге де, кішіге де елпілдеп, қолындағы барын беріп, шамасы жеткенше жұрттың бәріне көмектесуге тырысатын. Ал әйелі Күлзипа керісінше тым пысық, епті әрі еңбексүйгіш. Кейде Тоқтарбай ауылдан келіп, қонатын жер таппай жүрген қазақтарды топырлатып, тегін қонақасы беріп, сый-сияпатын қоса жасап, жомарттығын көрсетіп шығарып салса, кейде жора-жолдастарын шұбыртып ала келетін. Әйтеуір, Күлзипа ылғи ақкөңіл күйеуіне кейіп жүретін.
– Сенің ақкөңілділігің біздің түбімізге жететін болды, балалардың үсті-басын қарасаңшы, киімдері тозып кетті. Сенің айлығың шайлығыңа жетпей жүрген жүрісің мынау. Ана Анардың Базарбайы сияқты кәсіпкер болып, жұртқа киім-кешек сатып, ақша тапсаңшы, – деп кейіген. Әйелі Күлзипаның ақылы әсер етті ме, бір айдан соң еңбекақысын, жазғы демалысының әжептеуір ақшасын алып, аяқ астынан ақыл кіргендей тосын әңгіме айтты.
– Әй, Күлзипа, біз өмір бойы өстіп кедейліктің қамытын арқалап жүре бермей, мен мына тиіп тұрған Қытайға барып, жастардың соңғы үлгісі – әдемі киім-кешек әкелейін, оны ауылға апарып қымбатырақ сатып, екеуміз бала-шағамызбен қосылып, шаш етектен байысақ қайтеді, – деген.
Мына жаңалықты естіп әйелі Күлзипаның көзі шырадай жанды, тіпті күйеуінің адам болып, ел қатарлы мал табатынына қатты сеніп, өзінің күйеуінен жасырып, балаларға оқу басталарда мектепке жаңа аяқкиім әперейін деп, шұлыққа тығып жүрген ақшасына дейін шығарды. Сөйтіп, Тоқтарбай Қытай асып жол жүріп, бір аптадан соң артынып-тартынып, киім-кешекті лық толтырып алып келгенде Күлзипа да, балалары да қатты қуанды. Балалары сөмкедегі көздің жауын алатын асыл киімдерді алып киінгісі келіп еді, Күлзипа балаларды сөмкеге жолатпады.
– Балалар, әкелерің алғашқы тауарын сатып, тауар айналымын жасасын, келесі жолы киінеміз, – деді. Сонымен бар киім-кешекті үш-төрт сөмкеге салып, туған ауылы Ақсеңгірге жол шекті. Бала-шағасымен қосылып, Күлзипа күйеуін ауылға шығарып салып тұрып, біраз ақыл-кеңес айтты.
– Тоқыш, сенің «бизнесмен» екеніңді біліп, ұры-қары үйір болып жүрмесін, тауарыңды сатқан соң ақшаңды ішкі қалтаңа тығып жүр, байқа, алданып қалма, сатып алған бағаңа бір баға қосып сат, сонда ғана табыс табасың. Ешкімге қарызға берме, кейін ақшасын ала алмай құр босқа сандалып қаламыз.
Сонымен Тоқтарбайдың Сүмбе ауылына кеткеніне екі аптадан асты. Кешігіп жатыр. Бәсе, төрт сөмкені лық толтырып әкетіп еді. Айтбай нағашысының ауылында көп бөгелгеніне қарағанда қанжығасы майланып қайтатын болды.
– Келесі жолы шетелге тауарға барғанда мен қоса барайыншы,- деп, үлкені Сағила қыңқылдай бастады. Содан он бес күн дегенде сөмкесіндегі бір қойдың етін көтеріп, Тоқтарбай ауылдан қайтты. Әкесін көре салып, ең алдымен кішкентайы Құралай құстай ұшып, Па-па!-лап, мойнына асылды. Содан кейін үлкені Сағила, ортаншы ұлы Ермек келіп, еркелей құшақтады.
– Аман-есен келдің бе, жарқыным-ау, ауылда көп жаттың, тауарыңды түгел өткізіп келіпсің ғой, е, бәсе! Аңшының кешіккенінен көп олжа тапқанын біле бер демекші, шай-пұлыңды айырып, тауарыңды сәтімен өткізген боларсың.
– Күлзипаш, тоқташы, шай ішіп, демалып, жаңалықтарды асықпай айтам, – деген күйеуі құсжастықты құшақтап жатып, шайды сораптап ішті.
– Нағашым Айтбай ең семіз қойын сойып берді, саған үнді шайын, балаларға қымыз құйып берген, сөмкеден алдың ба?
– Нағашың былтыр бала-шағамызбен барғанда тышқақ лақ сойып бермеп еді, ақылы кірген бе?
– Е, жаны қалмай күтті, барған күні моншасын жағып, кенже ұлы Еркеш арқамды ысып берді. Мен бұрын байқамаппын, менің нағашыларым қонақ күтудің бабын біледі екен, моншадан терлеп-тепшіп келгенде балдай қаймақ қатып, үнді шайын беріп, кешкілік бағлан қозының етін асып, екі апта қонақтан-қонаққа шақырып, әбден рахаттанып демалдым, келгенімде де, кетерімде де қойын сойып, қолын қусырып қарсы алғанына, бала-шағасымен поезға келіп, шығарып салғанына қатты риза болдым, – деді жантайып жатып.
– Тоқыш, баяғы «Шық бермес Шығайбай» нағашыңды жаңа көргендей қатты риза болып келіпсің, олардың пейілі түсіп, жақсылап қонақ күткеніне таңғалып отырмын, биыл қалай қой сойғанына аң-таңмын. Енді тауарыңды қалай өткіздің, қанша ақша шығардың, сол жаңалығыңды айт, күз келіп қалды, қыркүйекте балаларға жаңа оқу жылына жаңа киім әперетін ақшамды саған беріп, сені қашан келер екен деп екі көзім төрт болып, сені күтіп отырмын, балаларға киім-кешек, кітап, дәптер, қаламсаптарын да алғанымыз жоқ, бар үмітіміз – сенің саудаңда, алдымен апарған тауарыңнан қанша ақша шығардың, соны айтшы, – деді Күлзипа.
– Қайдағы ақша, жолыма қалған ақшам әзер жетті. Нағашыма Қытайға барып, тауар әкелдім дегенім сол еді, бала-шағасымен ауызғы үйге қойып қойған сөмкемді ашып, жап-жаңа киімдерімді киіп, бетімнен сүйіп, Тоқышым бала-шағамызбен қоса, Бәтіш екеумізге жұртта жоқ киім кигізді деп, қайта-қайта құшақтап, көңілі босап, өткен-кеткенді айтып, әке-шешемнің жақсылығын айтып, көзіне жас алды.
«Сенің әкең Әбдірахман мен шешең Хадиша қандай асыл адамдар еді, жас кезімде сол кісілердің қолында бір жыл бірге тұрып едім, мені өз баласындай көріп, туған балаларынан бөліп ешқандай алалаған жоқ. Мына әйелім Бәтимашты да Хадиша апам атастырып тауып беріп еді, Құдайға шүкір, үбірлі-шүбірлі болып, өсіп-өркендеп жатырмыз, бұл дүниеде сенің әке-шешеңдей асыл адамдар жоқ қой, – деп, арақ ішіп алып, көңілі босап, еңкілдеп жылады. Қайтсін, жақсылықты білген адамдар да жақсы ғой. Несін айтасың, «Тоқтарбай ағам Қытайдан әкелді» деп, сөмкемді ақтарып, бала-шағаның бәрі шырт киінді. Бөкенбайдың он баласы, келіндері, құда-жекжаттары бетімнен сүйіп, ет асып, үйлеріне қонаққа шақырып, мені төрге отырғызып, алыстан ат терлетіп келген қадірлі қонағымыз, туған бауырымыз» деп, аса құрметтеді.
– Бұл дүниеде Тоқыш ағамдай ақкөңіл, адал адам жоқ. Қытай асып, нешетүрлі көздің жауын алатын киім-кешек әкеліп, бүкіл әулетімізбен жарқырап, елде жоқ жаңа киім кидік, тапқан таянғанын туыс-жекжаттардан аямай, ауылда жабырқап жүрген кедей-кепшік, ағайындарына тегін киім үлестірген кімді көрдің!? Тек, құдайға қараған Тоқтарбай ағамды ғана көрдім, сіз «настоящий, святой адамсыз» – деп, қалада орысша оқитын ең кенжесі студент Кенжебекке дейін бетімнен сүйді.
– Бәрін айт та, бірін айт, сенің бүкіл тауарыңды түп-түгелімен солар киіп алды ма, онда берген ақшалары қайда!? Тоқыш-ау, сен бар жиған-тергенімізді алып, өзіме де, балаларға да бір көйлек-көншек кигізбей, табыс тапсын деп, нағашыңның ауылына сатып, кәсіпкерлік жасап, пайда табуға кеттің, жолыңды тосып, сағынып-сарғайып, екі көзіміз төрт болып біз отырмыз. Сондағы тапқан табысың қайда, айтсаңшы?!
– Не болды саған, ақша, ақша деп! Тоқыш ағам Қытайдан базарлық әкелді деп, киіп алса, ақшасын беріңдер деп қалай айтам? Ұят емес пе?! Әрі қойын сойып, қолын қусырып, қонақ қылып асты-үстіме түсіп күтіп жатса, ақша сұрағаным ыңғайсыз емес пе?
– Ойбай, бетім-ай, мынау не дейді! Бүкіл бала-шағамызды асыраймыз деп, жылдар бойы маңдай терімізбен жинаған барымыздан айырылып, Қытайдан әкелген базарлығым деп тегін үлестіріп келгеннен саумысың?!
– Түбі бұл жақсылығыңды қайтарам, – деді ғой Айтбай нағашым. Міне, бағлан қозысын сойып, «келінге, балаларға апарып бер» деп сөмкеме салып жіберді, – деп күмілжіді Тоқтарбай.
– Қап, жылпос нағашың ашықауыз сені тағы да алдап соққан екен ғой, бала-шағаңның аузынан жырып берген қаражатты сый-сияпат жасап, сыйлы қонақ болып, мәз-мейрам болып келген екенсің. Сондағы сойып бергені – тышқақ қозы ғана, тіпті семіз қойын да қимапты, ол ақша жүз қой сатып алуға жететін еді, қап, әттеген-ай! – деген Күлзипа қатты өкінді.
– Болар іс болды, мен білетін «Шық бермес Шығайбайдай» сараң, Айтбай нағашың ақшамызды қайтарып бермейді. Енді біреуден қарыз сұрасаң да мына балаларға ең құрымаса жаңа аяқкиім, оқулық, дәптер, қаламсап әперіп, мектепке даярлау керек. Амал жоқ, былтырғы ескі киімдерін киіп баруға тура келеді, ұстаздары оқушы балаларыңызға жаңа үлгідегі киім алыңдар деп еді, оған шамамыз келмеді деп, жағдайымызды түсіндірерміз. Сенің мұндай шүлендігіңді білгенде өзіміз-ақ шырттай киінетін едік, қап, әттең-ай! – деп көзіне жас толды. – Тоқтарбай, балалардың жазғы демалысы бітуіне бір-ақ жұма қалды, кімнен қарыз сұраймыз, сен анау бастық жолдасың Еңсегеннен қарызға ақша сұрап алсаңшы, – деді жаны қысылып.
– Әй, ол бір сараң, «қусаң құмалақ түспейтін» қудың бірі, өткенде бес жүз теңге бермеген адам бес-он мың теңге беруші ме еді!?
– Көрдің бе, жұрттың бәрі сен сияқты ақкөңіл, ақкөңіл емес-ау ақымақ емес, жиған-терген балалардың ырыс-несібесін айдаладағы бізге жаны ашымайтын нағашыңа жем болып, бір тышқақ қозысын сойып бергеніне мәз болып, ата сақалың сапсиып, келіп отырғаның мынау!
– Күлзипаш, қойшы енді, түбі бір қайтарар, жанымды жегідей жеп, айта бермеші, ағайын арасында түйе де ауы­сады, бие де ауысады, мүмкін келесі жылы екі есе қылып қайтарып берер, қайдан білесің?
– Пішту, мен білетін Айтбай наға­шыңнан ештеңе қайта қоймас, ондай қияли ертегіңді басқаға айт! Ойбай-ау, бәрін айт та бірін айт деген, шиеттей бала-шағаны асырай алмай отырып, жұртқа күлкі болып, жұрдай болып отырғанымызды неге ойламайсың?!
– Қайдан білейін, олардың сөмке­лерімді ашып, бүкіл сатып әкелген киімдерімді үстеріне киіп алатынын ойлаппын ба?
– Ойламасаң, үш-төрт сөмке лықа толған киім-кешектің бәрін орнына қойыңдар, тауарымды сатып, өтпей қалғанын сыйлап кетермін, әйтпесе, өз қолымнан берген сый-сияпатыма риза болыңдар, қалада өзіміз де жетісіп отырған жоқпыз, айлығымыз шайлығымызға жетпей жүр, – деп неге шыныңды айтпайсың?!
– Күлзипаш, қойсаңшы, бірдеңе ғып күн көрерміз. Аштан өліп, көштен қалмаспыз, еңбекақымды ертерек беріңіздерші деп сұрап көрем, әйтпесе атамның зейнетақысын сұрап көрейін, атам меселімді қайтармайды, жағдайды түсінетін адам.
– Тапқан-таянғанымызды наға­шыңа апарып беріп, кәрі атаңның зей­нетақысына жармасқаныңа жол болсын, жетіскен екенсің, – деп әйелі ызалана күңкілдеді.
– Мейлі, қайдан тапсаң одан тап, әйтеуір ақшасыз үйге қайтпа! – деп ширығып, нығарлай айтты.
Сонымен, Тоқтарбай ақша іздеп, бірден көңілін қайтармайтын кәрі атасының үйіне тартты, атасы ауырып көңіл-қошы болмай отыр екен, шалдың кейде қырсықтанып қалатын әдеті бар еді, сол есіне түсіп, өлердегі сөзін айтып, шалдың көңілін жібітіп, азын-аулақ зейнетақысын қалтасына салып алып, жерден жеті қоян тапқандай кешке таман үйіне көңілді оралды. Үйге тура тарттым, міне, балаларға қажет ақшаны таптым, – деп мал тауып келгендей кісімсіді.
– Қатын-ей, шай ішейікші, күні бойы нәр татқан жоқпын. Ақша қолыма тиісімен тамақ дайын дегеніне қарамастан үйге тура тарттым, – деп, маңғаздана әңгімеледі.
– Жетесіз, атасының азын-аулақ зейнетақысына жармасып жетіскен екенсің, – деп естілер-естілмес күбір­леген Күлзипаш азғана ақшаны алып, ертеңіне базарға жол тартты. Сонымен, азын-аулақ ақшаға арзандау аяқкиім, киімдер сатып алып, балаларды жаңалап киіндірген болды. Арзанқол киіндіріп, балаларды мектепке баруға әрең-әрең даярлап, қолында қалған болымсыз қаражатқа етсіз қара көже, нан, шаймен әупірімдеп күндерін көре бастаған. Сөйтіп жүріп, күнделікті күйбің тіршілікпен бір жыл өте шыққанын байқамай қалыпты, күн жылынып, жер арқасы кеңіп, жадырап жаз келген. Балалардың оқуы аяқталып, жазғы демалыс басталысымен Тоқтарбай бұрынғысынша желпініп, ауылға қонаққа баратындарын айтып, қуаныштан көздері шырақтай жанды.
– Айтбай нағашым «Келесі жазда бала-шағаңды алып, қонаққа келіңдер» деген, нағашымның ауылына барамыз, бізді асыға күтіп отырған шығар, – деп болмаған соң, Күлзипа мен Тоқтарбай тайлы-тұяғы қалмай бала-шағасымен жолға жиналған. Нағашысының үйіне жеткенше асығып, жолаушы автобусы жай жүргендей көрініп тағатсызданған, қуанышы қойнына сыймаған Тоқтарбайдың алып-ұшқан көңілі нағашысының үйіне жеткенде су сепкендей басылды.
– Жеке өзің келсең бірсәрі, мына бала-шағаларыңмен қопарылып, ауылға біржола көшіп келгеннен саумысыңдар, жеңгең біраз болды аздап сырқаттанып жүр, қазіргідей уақытта қонақ күтетін жағдай жоқ, – деп түнеріп, құр шайын әзер берді.
– Өткен жылы Қытайдан базарлық әкелгенімде бала-шағаңды алып, жазда қонаққа келіңдер, қой сойып қарсы аламын деп едің ғой, – деп ыңғайсыздана күмілжіді Тоқтарбай.
– Е-е, сен Қытайдан үйіп-төгіп базарлық әкелген соң көңілденіп отырып, айтсақ айта салған шығармыз. Қонақ күтетін денсаулығым жоқ, басымның сақинасы ұстап, ауырып жүрмін. Алдын ала қонаққа келейік пе деп, жөн сұрап, хабарласпай жетіп келгендеріңе таңғалып отырмын, – деп, Алтынкүл жеңгей сызданды.
– Тұр-ей, үйге қайтамыз, жердің үстімен келіп, астымен қайтатын болдық, сенің барыңды барымтаға салып болған соң, қалтасы тесік енді сені қайтсін?! Тоқтарбай, неге малдасыңды құрып, асықпай қара шай ішіп отырсың, сенің бала-шағаңды ертіп, ауылға жеткенше алып-ұшып келгеніңді қайтеді бұлар! Сен керек емессің нағашыңа, тек, қолыңдағы дүниең-заттарың ғана керек, соны түсінетін уақыт жетті ғой. Былтыр балалардың аузынан жырып, жиған-терген ақшамызға Қытайдан сатып әкеліп, қымбатқа сатамын деп әкелген киім-кешектеріңді талап алып қарқ болды, биыл ол базарлығыңды ұмытты, енді сені қайтсін! Нағашың жақсы қарсы алу үшін, шиеттей балалардың ырыс-несібесін тағы тарту етуің керек. «Күлшелі бала – сүйкімді» деген, сенің келгеніңе қуанған жоқ, қолыңдағы киім-кешектеріңе қуанды, мен соны қанша рет түсіндіріп айтсам, Айтбай нағашым ақкөңіл жан, – деп кір жуытпадың. Енді көзің жетті ме? – деп сөмкесін қолына алып, төрт баласын ертіп, жолға беттеді.
– Жарайды, кейін амандық болса көрісерміз, – деген нағашысы сырт айналды.
– «Ойпыр-май, Күлзипаштың айт­қаны дәл келді, менің керегім жоқ, мен сатам деп әкелген базарлығым ғана керек екен ғой, Күлзипаш «күлшелі бала – сүйкімді» деп қалай тауып айтты» деп ойлаған Тоқтарбай ұнжырғасы түсіп, әйелі мен бала-шағасының соңынан ерді, арасында былтыр бала-шағасымен шырттай киінгенде қонақжайлық танытып, асты-үстіне түскен нағашысы Айтбайдың биыл адам танымастай өзгеріп шыға келгеніне ызаланып, естілер-естілмес күбірледі.
– Қап, әттеген-ай! Күлзипаның айтқаны рас, айлакер нағашымның айтқан сөзіне сеніп, мен ақкөңіл емес, мен нағыз ақымақ болыппын! Қап! Әттең-ай!

Бақыт Мерекенова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *