Әулиеатаның ел дамуында орны ерекше

Апта басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы іссапарын «КАЗФОСФАТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар» зауытының жұмысымен танысудан бастады.

ҚР Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылған химиялық зауыт ауыл шаруашылығы үшін фторсыздандырылған минералды тыңайтқыш шығарады. Президентке өндірістің қазіргі көрсеткіштері мен экспорт көлемін ұлғайту жөнінде есеп берілді.
«Казфосфат» ЖШС-нің Бас директоры Мұқаш Ескендіров 2016 жылы зауытты қайта жабдықтау жұмыстары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың басынан бері зауыт 29,1 миллиард теңгенің өнімін өндіргенін айтты. Оның ішінде 24 мың тонна азот тыңайтқышы болса, 122 мың тоннаға жуық фосфор тыңайтқышы өндірілген. Өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз ете отырып, Қытай, АҚШ, БАӘ, Ресей елдеріне экспортталады. Бүгінгі ірі кәсіпорында барлығы 1 мыңнан аса адам жұмыс жасайды. Оның 344-і әйелдер.
Айта кетейік, еліміз бойынша Жамбыл өңірі химия саласының ең бір дамыған аймағы саналады. Өңірдің химия өнеркәсібін дамыту саласындағы әлеуеті зор. Химия саласы облыстың бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын құрайды. Қазіргі уақытта аймақта заманауи химия кластерін құру жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы жобаларды және «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аймағын іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемін едәуір арттыру шаралары қолға алынған.
Бұдан кейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз қаласында аса қауіпті лаңкес қылмыскерді ұстау барысында қайтыс болған Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың шаңырағына барды. Батырдың жары мен ұл-қыздарының жағдайымен танысқан Мемлекет басшысы олардың қажеттіліктеріне де көңіл бөлді. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Ғазиз Байтасовтың ерен ерлігінің бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін атап өтіп, оның есімі ел жадында мәңгі сақтала беретінін жеткізді.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Тараз қаласындағы «Көне-Тараз» тарихи-мәдени орталығына барды. Онда «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағының аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттармен танысты.
«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы Қазақ хандығының 550-жылдығына орай ашылған, қаланың маңызды орындарының бірі болып есептеледі. Себебі осы жер құдды шаһардың шежіресіндей. Табылған жә»дігерді танысаңыз өткенімен таныса аласыз. Айта кету керек, аталған орталыққа өткен жылы 145 мыңнан астам турист келген. Ал, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 16 мың келуші бас сұғып, тарихи жәдігерлермен танысқан.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мұнда орталыққа таяу «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде бой көтеретін нысандардың эскиздерімен танысты. Шахристан кешені аумағында алдағы уақытта көркем сурет галереясы, өлкентану музейі, көрме және руханият орталығы, арбат, қолөнер шеберханасы, амфитеатр және көлемді сағат стелласы сияқты бірнеше нысандар бой көтермек. Олардың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 25 мамырынан басталып та кетті.
Айта кетейік, кешен құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілгенде тараздықтар үшін тамаша тарту болары сөзсіз. Онда бас сұққан адам бейне бір көне қалашықтардың біріне тап болғандай таңғажайып күй кешеді деп күтілуде.

Демек, Тараз тұрғындары мен қала қонақтары енді орта ғасырлық сәулет үлгісін көргісі келсе, Самарқанд асып, Бұқара бармай-ақ, «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніне ат басын бұрса да жеткілікті болмақ. Неге десеңіз, аталмыш кешенде бой көтеретін барлық ғимараттар мен нысандардың қас беттері бірыңғай тарихи нақышта әрленбек. Бағаналардың бой көтеріп, қабырғалардың қалануы да тарихи шаһардың көне келбетін айшықтап тұруға, орта ғасырлық сәулет үлгісінің болмысын сезіндіруге бағытталуда. Ол үшін салынатын жобалардың құрылысына «Самарқанд» технологиясындағы арнайы қыш кірпіштер қолданылмақ. Бүгінде мұндай кірпіштерді өндіру еліміз бойынша алғаш рет Жамбыл облысында қолға алынып отыр.
Сондай-ақ, Республика Президенті әулиеаталық әлеуметпен кездесті. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қоғам және жастар белсенділері, сала мамандары қатысты. Жамбылдық жұртшылықпен жүздесуде Мемлекет басшысы өңірдегі өркенді істерді, қолға алынған оң бастамаларды айтып өтті.
– Ардақты ағайын!
Тараз қаласында өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бұл өңірге құрметім зор. Ыстық ықыластарыңызға рахмет!
Сан ғасырдың куәгері – көне Тараз бүгінде құтты мекенге айналды. Ұлттық тарихтың жауһарына айналған шаһардың мәні мен маңызын ұмытпау біз үшін парыз. Хандықтың қазығы қағылған Әулиеата өңірінде ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда. Шу мен Талас аймағы, шын мәнінде, бабалар ізін сақтап, ел қуатын арттыруға зор үлес қосып отырған өңірлердің бірі. Сондықтан елдің жағдайымен танысып, халықтың тұрмысын өз көзіммен көру үшін Жамбыл облысына арнайы келіп отырмын.
Облыстың қазіргі тынысы қандай, халықтың көңіл-күйі қалай деген мәселелер мен үшін өте маңызды. Жалпы, өңірде бірқатар оң жұмыстар атқарылған. Соңғы жылдарда Жамбыл облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсы, айтарлықтай өсім бар. Облыстың әлеуеті мол. Оны бәріңіз білесіздер. Сондықтан әділетті және әлеуметтік мемлекет құру ісін біз одан әрі жалғастыруымыз керек. Ендігі міндет — барымызды сақтап, еңбек ету, жаңа белестерге ұмтылу. Еліміздің әрбір тұрғыны осы маңызды іске атсалысады деп сенемін.
Қадірлі қауым!
Президент ретінде халық алдында ант беріп, қызметіме кіріскен сәттен бастап өңірлерді аралап жүрмін. «Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстанның арқауы» деген ұстанымды басшылыққа алып, барлық облыс дамудың, өрлеудің жолымен жүруі тиіс. Бұл – біз үшін негізгі басымдық! Жоғарыда айтып өттім, Жамбыл облысы – экономикалық мүмкіндіктері мол өңір. Алайда біздің алдымызда түйіні тарқалмаған бірқатар мәселе тұр, – деген Президент облыстың алдында тұрған тоғыз мәселені тізбектеп атап, оларды орындау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиында бірнеше жергілікті азаматтар сөз алып, орамды ойларын, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Еңбегімен еленген бірқатар азаматтар Президенттің «Алғыс хатымен» марапатталды. Жиналған жұртшылық Мемлекет басшысымен естелік суретке түсіп, арқа-жарқа болысты.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Жамбыл жеріндегі іс сапары «Әулиеата» әуежайының жай-күйімен танысумен түйінделді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *