Бірлескен істе береке бар

Қордай ауданына «Корпорация QazOnimExport» ауылдық тұтыну кооперативі ЖШС және Израильден «VP Group» консорциум компаниясының өкілдері келді. Басты мақсат – мал шаруашылығын, оның ішінде ірі қара малын дамыту, соған байланысты АТК жанынан құрылған жаңа жобаларын шаруаларға таныстыру, бірлесе жұмыс атқаруға шақыру.

Аталмыш компания өкілдері аудан әкімінің орынбасары Болат Саниязов, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Берік Адылкановпен бірге алдымен «Первомайские деликатесы» ЖШС мал сою цехында болды. Серіктестік басшысы Бектұрсын Жансеріков жаңа технологияларды жетік меңгерген цехтың бүгінгі мүмкіндіктері туралы баян етсе, келген қонақтар «бірлесе жұмыс атқарған жағдайда кеңейтуге бола ма?» деген сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауаптарын алды. Осыдан кейін аталмыш серіктестіктің мал бордақылау кешенін көріп, одан кейін «КазМеатҚордай» ЖШС мал бордақылау базасына ат басын тіреді. Жалпы 7000 бас малды семіртуге арналған орынның жұмысы, алға қойып отырған мақсаты мен жұмыс істеу тәсілі туралы серіктестік өкілі Саят Жетібаев қонақтарға түсініктеме берді. Осыдан кейін Арал ауылының жанынан орын тепкен «Медет» ШҚ 3000 бас ірі қараны бордақылауға арналған алаңында болып, қожалық басшысы Кенжебай Тлеубердиевпен кездесті. Қазіргі таңда 3000 басты 5000-ға жеткізу мақсатында қосымша алаңдар салып жатқанын айтқан К.Тлеубердиев, келген қонақтарды жұмыс жайымен таныстырып шықты. Қожалық басшысымен аздап сұхбат құрған қонақтар, ат басын Қордай ауылына бұрып, «СПК Қордай Корм» өндірістік кооперативінде болды. Майлы дақылдарды қайта өңдеу арқылы малға байытылған азық дайындаумен айналысатын өндіріс орнының жұмысын бастағалы көп болмағанымен, алға қойып отырған мақсаттары мен жоспарлары ауқымды. Ол турасында кәсіпорын басшысы Талғат Сәрсембаев түсініктеме берді. Ірі қара малын семіртуге таптырмас азық дайындайтын бұл өндіріс орнына қазірдің өзінде тапсырыстар көптеп түсуде. Ірі қара етін шет елге экспорттау басты бағыттары болып саналатын компания өкілдері де бұл тұтыну кооперативін өз назарларына алғаны анық.
Аудан шаруаларын аралап, әлеуетін өз көзімен көрген қонақтар түс ауа №6 НМ акт залында мал бағытындағы шаруалармен кездесу өткізді.
– Біздің корпорация асыл тұқымды ірі қараны көбейту және шет елге ет экспортын таратушы ірі ауыл шаруашылық кооперативі болып табылады. Корпорация жанынан «Сенім» деп аталатын жаңа жоба құрылған. Сол жоба арқылы сіздермен жұмыс атқармақпыз. Қазірдің өзінде біз 8 елмен байланыс жасап, солармен жұмыс жасаудамыз, – деді алғаш сөз алған «Корпорация QazOnimExport» ауылдық тұтыну копперативі ЖШС төрағасы Алмазбек Байшекеев. Қысқаша айтар болсақ, ШҚ алдымен аталмыш АТК құрамына кіруі қажет және шаруашылықтар екі категорияға бөлінеді. «Сенім» жобасында көрсетілген барлық талаптарға сай келген, яғни жайылым жері, суы, мал ұстайтын барлық талаптарға сай орны бар шаруашылық І категорияға жатқызылып, оған ең төмені 200 бас аналық сиыр 10 жылға беріледі. Ал, өз кезегінде сол малды алған шаруашылық жылына кем дегенде 80 пайыз төл беріп отыруы тиіс. Әрине, қаржылық қолдау және тағысы тағы оңтайлы тұстары жетерлік. Ал, ІІ категорияға жайылым жері бар, бірақ суы жоқ немесе өзге де кемшілігі бар шаруашылықтар кіреді екен. Оларға қандай жеңілдіктер беріледі, атқаратын жұмыс қандай болмақ, барлығы жиын барысында түсіндіріліп, шаруалар тарапынан түскен сұрақтарға толықтай жауап беріліп, жобаның мәні толық ашылған кітапшалар таратылды.
– Бүгін ауданды аралап шықтық. Осындай мүмкіндік жасаған азаматтарға алғысым шексіз. Мұнда бірге жұмыс атқаруға мол мүмкіндіктер бар екеніне көз жеткіздік. Бірлесе атқаратын ісіміз оң болады деп ойлаймын, – деді кездесу барысында «VP Group» консорциум компаниясының Қазақстан бойынша аймақтық директоры Александр Вапилов. Ал, аталмыш компанияның өндіріс бойынша вице-президенті Игорь Гельфер бұл жасалған жоба қарапайым бағдарлама емес екендігін алға тартып, Қазақстан тұтынушы жағынан ең ірі саналатын алып екі мемлекет ортасында тұрғанымен, ет экспортының көрсеткіші төмен екендігін айтып, бірлесе жұмыс атқару арқылы бұл олқылықтың орнын жылдам толтыруға болатынын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Болат Саниязов «Сенім» жобасына қызығушылық танытқан шаруаларға сәттілік тілеп, келген қонақтарға алғысын айтты.

Жандос Омаров

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *