Шөпшілер шабындыққа шықты

Енді санаулы күндерден кейін жайдары жаз айы басталады. Әрине, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің биылғы жауын-шашынды көктемге еш өкпесі жоқ. Айнала- төңіректің жасыл жамалы әлі оңа қоймаған. Диқандардың айтуынша, биылғы жыл не ексең, соны оратын жыл болып тұр. Базбір аудандарда жасыл алқаптарға орақ түсіп те үлгерді. Мал азығы қорының мол жинақталатын түрі бар. Дала еңбеккерлерінің жемшөп дайындау жолындағы қарқынды еңбектері соның нақты айғағындай.

Шөп ору науқаны мамыр айының алғашқы онкүндігінде-ақ жаппай басталғанын ескерсек, шаруашылықтарда қара күзге дейін әлі талай мая-мая шөп тұрғызылары анық. Ауданда егіліп өсірілген жоңышқа алқабының жалпы көлемі 25780 гектарды құрайды. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер аумағы 8908,0 гектарды алып жатыр.
Бүгінде техниканың араласпайтын саласы жоқ десе де болады. Аудан бойынша жер жырту, өңдеу жұмыстарына 389-дай түрлі техника жегілген, оның ішінде 40-тан астамы мал азығын дайындауға қатыстырылуда. Олардың арасында Е-303, КСКУ-100 маркалы шөп оратын комбайндар да бар. Сондай-ақ науқанға шөп тайлайтын 49 техника жұмылдырылып отыр.
Базбір шаруашылықтар тиесілі жерлерінің алғашқы орымын аяқтап та үлгерсе, біразы әр күнді, әр сағатты тиімді пайдаланып мал азығының 1,5 жылдық берік қорын жасап алуға күш салуда.
Еңбек ауылының маңындағы «Сәбденов» шаруа қожалығының жоңышқалығында да қарбалас іс қыза түсіпті. Маңайдағы шаруашылықтардың шөпшілері өзара бәсекеге түскен секілді. Олардың бар мақсаты – көпжылдық шөпті тез әрі сапалы орып, жинап алу ғана. Алқаптың орта шенінде қалған шөпті айырлап жинап жүрген шаруашылық жетекшісі Қанат Сәбденовтің өзі болып шықты.
– Үш жылдан бері жоңышқа өсірумен айналысып келеміз. Өзімізге тиесілі жерге жаздық арпа және қауын, қарбыз секілді бақша дақылдарын еккенбіз. Жоңышқалығымызға осыдан 6-7 күн бұрын шалғы түсті. Қазіргі уақытта екі шөп тайлағыш агрегат пен шөп оратын «Немка» комбайны тынымсыз жұмыс істеуде. Шөптің әрбір түгін алқап басынан 250 теңгеден өткеріп те жатырмыз. Гектар түсімі көңіл қуантады. Жоңышқамызды биыл төрт рет орып алуды көздеп отырмыз, – деген ол Мұхтар Салпағаров, Жандос Жайшыбеков, Жақсыбек Тастеміров сынды механизаторлардың, шөп тасымалдаушы Жандос Баетов пен Жасын Жұмабаев, көлікке жүк тиейтін Дәулет Ержанбаев, Рамазан Пердебеков, Нұрсұлтан Жанысбаев және қарауыл Төлеби Сәбденовтің еңбектері ерекше екенін атап өтті. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» екенін нақты істерімен дәлелдей білген «сәбденовтіктердің» серпінді істері тәнті етерліктей.

Дүйсенбек ОРМАНОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *