Қираған кесене қандай құпия жасырды?

ХІХ ғасырда Талас бойындағы Ойық елінің Әлібек бұтағына жататын Қаражан есімді бай өмір сүреді.Шамада -Қазақстанның оңтүстігінің Қоқан хандығы бодандығындағы кезең. Қаражанның жылқысы жазда Аса өзенінің жағасында жатқан. Аталмыш мерзімде Әлібектердің жазғы жайлауы Көшектің бойынан қазіргі Ақкөл ауылы маңындағы Домалақкөлге дейін созылып жатқан.Байдың алалы жылқысының көптігі сонша үйір-үйір қыл құйрықты түлік түске таяу түгел тепсеңнен суатқа құлағанда Аса өзенінің суы күрт төмен түсіп кетеді екен.

Ол кезде аталас Әлібек пен Қанай Көшек қырқасының күнгей бетін мекендеген.Олардың маңдай тұсы –Сүйіндік пен Шоғайдардың жері.Жалпақ жотаның арғы теріскей беті Есей батыр ұрпағының еншісінде.Жотадан төменгі көк майсалы жазық күні бүгінге дейін «Есей сазы» аталады.Одан әрі Талас бойындағы Қызыларық пен Қызылжардан Тектұрмасқа дейінгі аймақ Шапыраштының мекені. «Кемпір өлген» мен «Лақ» қырқасының батысы мен солтүстігіндегі қыздың қос бұрымындай қоса аққан Талас пен Аса өзені құмдауыт жазықтың ортасымен шеңгелі мен жидесі тұтаса өскен қалың тоғай ды аралап,алпыс көлге ұласады. Бұл төрт ата Ошақтының қара орманы. Олардың жерінің жоғарғы жағы Қаратау сілемдеріне дейін сұғынып жатты.
Әлібектің Ерназар деген баласынан тараған ұл саны –алтау.Төңкерістен бұрын ауылдағы мешіт имамы Пірқожаның отбасында өсіп,Кеңес заманында бірқатар уездік мекемелерде жауапты қызмет тізгінін ұстаған,1938 жылы «халық жауы»атанған Әбітай Иманқожаев 16 жылға сотталып Магадандағы алтын кенішінде жүргенде елге жазған хатында:
…Ерназардың баласы
Бөлінуші едің алтыға:
Шектібай,Төлек,Майлыбай,
Өктем мен Мекір,Барқыға..,-дейтін өлең жолдарындағы Барқының ұрпағы. Барқыдан Дәуітбай мен Байжігіт туған.Байжігіттен Толыбай мен Кемпірбек өрбиді. Қаражан сол Толыбайдың бел баласы.
Қаражан байдан Мәзібай атты жалғыз ұл туған.Ол ел-жұртына қадірлі,жарамды жігіт болып өседі.Әкесінің көзі тірісінде-ақ,барлық мал мен жанға иелік етеді. Асқар таудай әкесі өмірден озғанда Мәзібай өзіне қадірлі жанды қара жердің қойнына уақытша аманаттап қояды. Жастығына қарамай жақсылармен дәмдес,сыйлас болған жас жігіт көзі тірісінде біраз дәулет жинаған әкесінің басына көрген ел: «Қаражаннның кесенесі»деп айта жүретіндей ескерткіш белгі қоюды мақсат етеді.
Әкесінің қырқын берісімен Әулиеата қаласындағы Бектібай саудагерден ақыл-кеңес сұрайды.Ол -Әндіжан, Тәшкен, Бұқар, Ауғанстан,Пәкстанға дейін мал апарып, ол жақтан түрлі жібек маталар,шай мен тәтті сияқты өтімді бұйымдар әкеліп сатумен айналысқан ірі саудагер.
Атақ-даңқы талай жерге жеткен әйгілі адамдардың басына кезінде қам кесектен тұрғызылған белгі уақыт сынына төтеп бере алмайды. Жауын мен қар суынан езіліп, артынан мүжіліп кеткен сағана,күмбездің талайын көрген жігіт әке ескерткішін күйдірілген кірпіштен соғуды мақұл көреді.Бектібай саудагер арқылы шаһардағы осы іспен шұғылданатын адамдармен жүздеседі.Осы салада тер төгіп жүрген шеберлермен жеке-жеке тілдесіп,бұл жұмысқа қанша уақыт кететінін бағамдады.Ақы-пұлының шамасын анықтайды.Майталман құрылысшылар қорым маңындағы топырақты тексеріп көрді де, жаратпай тастады. «Ең тәуірі Әулиеатаның сыралғы саз топырағы», -деп түйді олар.
Ендігі мәселе дайын кірпішті жүз шақырымнан астам жерге тасымалдауға тірелді. Бұл жерде де ұзақ жолға керуен тартып тәжірибе жинақтаған Бектібай саудагердің пайдасы тиді.Кірпішті түйемен тасу үшін қазақтың тоғалақтау тәсілін пайдалану қажеттігін алға тартты.Ол үшін тұтас киіз үй туырлықтарының тең ортасынан түйенің қос өркеші кигізілетін қос ойық жасап, киіздің екі қапталының етегін кейін қайтара шуда жіп өткізілген тебен инемен шыжымдап тіккенде үлкен қоржынға ұқсас қомақты қуыс пайда болады.Мұны қазақтар «тоғалақ» деп атайды.
Дайындық жұмысы аяқталған соң келе ішінен не бір атан түйелер іріктеліп алынды. Олардың өркешіне тоғалақ кигізіліп, әрқайсысына түйе емін-еркін тұрып, шөгетіндей мөлшерде кірпіш тиейді.Әр түйеге жауап беретін салт атты қарулы жігіт бекітілді.Олар жол бойы жүктің ауып қалмауын , тоғалақ тігісінің сөгіліп кетпеуін қадағалап отырады. Күш көлігінің түсте тыныс алып, дамылдауын қамтамасыз етеді.Түнгі еру кезінде түйені шөгеріп,үстіндегі жүгін жерге түсіріп, Ойсылқара тұқымының шөп шалдыруына мұрсат беріледі.
Күйдірілген кірпіш Көшек жотасының арғы қапталындағы бөріктің басындай тіп-тік, шошақ төбеге орналасқан ескі қорымға жеткізілді.Бұл төбе қазіргі тілмен айтқанда конус пішіндес, табиғаттың өзі жасаған деуге келмейді.Бейне бір,етегінен бастап жоғарыға дейін қол күшімен топырақты арнайы төгіп,үйіп көтергенге ұқсайды.
Біздің білігімізше бұл қорым берісі ХҮІІ-ХІХ ғасырларда осы маңды мекендеген Ойық руының Қызылғұрт тармағына жататын Есей және Әлібек-Қанай бұтағы балаларын жерлейтін орын болған.Жылдар өте қорымдағы бейіт қарамы тым көбейгені соншама Қаражан байға арналған кесенеге сол төбенің күнгей бетіндегі етек жағынан орын тиеді.
Бейіт орны белгіленіп,құрылыс жұмысы басталып кетеді. Мәзібай оның басы-қасынан кетпей басшылық жасайды.Құрылысшылар үшін киіз үйлер тігіліп,ас-сумен қамтамасыз етіледі.Бізге балшық илейтін су мәселесі қалай шешілгені беймәлім.Білігімізше сол маңда, біраз жердегі төбе етегіндегі Талас өзенінен бөгде ешқандай су көзі жоқ.Олай болса ауыз судан бөлек құрылысқа қажетті қыруар суды қалай жеткізді екен?Оның бір амалы — мес пен сабаны түйеге тиеп,төмендегі Талас өзенінен тасу.Оның машақаты көп. Екінші жол – төбенің етегінен құдық қазу.Асылы,қазақтар зиратты су көзі жақын жерден тұрғызады. Сірә,сол маңда ертеде жерді жарып шығып жатқан судың қайнар көзі болды ма екен деген ой келеді?!
Барлық жұмыс аяқталып,енді әкесінің аманаттаған сүйегін бейіт ішіне қою үшін ас бергелі жатқанда Мәзібай кенеттен қайтыс болады.Ел-жұрттың қабырғасы қайысып, қайғыдан қан жұтады.Тәңірінің бұйрығын қойсаңызшы?!Жазмыштың қалауымен Мәзібайға әкесіне арнап соғылған кесене ішінен топырақ бұйырады,әрі сонда жамбасы әкесінен бұрын тиеді.
Қос ағайынды Әлібек пен Қанайдың балалары шамада ХІХ ғасырдың екінші жартысында Таластың өр жағында қоныс тепкен Үйсіннің ең үлкен баласы Сәрүйсіннен жер телімін сатып алып,қазіргі отырған құтты қонысына біржолата көшіп келеді. Қазақстанның түстігі Орыс патшасының бодандығына өткен соң 1867-68 жылдары Әулиеата уезінің Ойық болыстығынына қарасты №1 ауыл болып тарихқа енеді.Солардың ізінше Есей бабаның балалары да Қаратаудың жоғарғы жағындағы Шаян жақтан қоныс теуіп,тауды біржолата жерсінеді.Жылма-жыл беруге тиіс салықтарын бұрынғыша Ойық болысына төлеп тұрады.Тұрақты мекені ауысқан ел ескі қорымнан қол үзеді. Ауылдың есті қариялары анда-санда балаларын ертіп апарып бабалар зиратына бата оқып қайтады.
Осылайша Қаражан байдың күмбезді кесенесі елу жылдан астам кең даланың бір пұшпағындағы тасалау қойнауда көрген жанның көз жауын алып, күмбір қағып тұра берді.Тарих тегершегі айналып,Қоқан билігін Орыс патшасы алмастырды.Ол да баянды болмай орыстардың өз ортасынан ойран шығып әуелі билікке либералдар,іле-шала коммунистер келді.Орталықтан шалғайда жатқан Ойық пен Ошақты болыстықтарының басын қосқан жаңа үкімет 1928 жылдың күзінде бірден Сырдария округіне бағынатын Талас ауданының шаңырағын осы күнгі Ойық ауылынан көтерді.Міне,бар бәле осыдан басталды.Әуелі байлар мен орташалардың мал-мүліктері қатталып,қазынаға өткізілді. Жергілікті өкіметтің әлеуетін көтеру үшін аудан орталығынын бес бірдей ғимарат соғуға қаржы бөлінді.Аталмыш ғимараттардың үлгі-жобасы анау-мынау емес Алматыда қағазға қатталып,оған қажетті қомақты қаржыны Халық Комиссарлар Кеңесінің тікелей өзі бөлді.Ол кездегі милиция, прокуратура,сот сияқты күш құрылымдарының ішіндегі шоқтығы биігі –ГПУ.Оның «Ақ дегені –алғыс,қара дегені-қарғыс».Одан аупартком мен ауатком басшылары да именеді.Әлгі бес ғимараттың бірі –күш құрылымдарына арнайы бөлініп берілді.Ішінде арнайы абақты, сұрақ алу,қару-жарақ сақтайтын орындары бар.(Кейбір ішкі қабырғаларының ені 1,5 метр болғаны кейін бөлме араларын жөндеу барысында анықталды).
Міне,сол тұста Қаражан байдың кесенесіне қауіп төнді.Айдалада тұрған мазарды көзі шалған ГПУ бастығы оны қиратады.Кірпішін аудандағы жаңадан ұйымдастырылған Үшаралдағы және Майлыкөлдегі кеңшарлардың жүк көліктерімен тасымалдайды. Ескі тәсілмен күйдірілген қыштарды соғылуға тиісті күш құрылымдарына арналған ғимараттың іргесіне қалатады.Сөйтіп,өз есімін ауданның келешек атымен мәңгіге байланыстырғысы келді.
Алайда ГПУ бастығының көксеген ойы,тарихта қалмақ ниеті жүзеге аспай қалады. Өкінішке орай, біздің қолымызда сол кездегі ГПУ бастығының аты-жөні жайлы еш дәйек жоқ.Оның есесіне көне құжаттарды қарап отырғанда мына бір дерек көзіміз түсті.
«Чичурин Иван Иванович,1895 жылы туылған.Ұлты орыс.Москва облысы,Калинин ауданы,Новая деревнясында дүниеге келген.Білімі –бастауыш.Қамалғанға дейін Талас аудандық НКВД бөлімінің бастығы болып істеген.
Қазақ АССР ОГПУ коллегиясының 1934 жылғы 16 маусымдағы шешімімен бас бостандығынан ажыратылып,3 жылға Еңбекпен тәрбиелеу лагеріне жіберу туралы үкім шығарылды»,—деп тайға таңба басқандай жазылған. Дәл осы И.И.Чичуриннің Қаражан байдың кесенесін қиратуға тікелей қатысының бар-жоғына анық көзіміз жетпейді.Сонда да болса осы адамның бұйрығымен қылмыс жасалған шығар деген күдікті жоққа шығара алмаймыз.Егер кесенені бұзуға тікелей қатысы бар адам болса өте жеңіл жазаланған.
Сонымен 1929-1930 жылдары аудан орталығы -Ойықтан төрт-бес үй бой көтереді Оның бәрі Әулиеатадан тасылған күйдірілген кірпіштен тұрғызылады.Еңсесі биік, зәулім,әсем соғылған үйлердің төртеуін өзіміз көрдік,осыдан отыз-қырық жыл бұрын дін аман еді.Қазір сол үйлерден біреуі ғана тұр. Оның себебін көнекөздер төменгі тұғырының осыдан бір жарым ғасыр бұрын Әулиеата қаласында күйдірілген Қаражан байдың кесенесінен алынған қыштан тұрғызылғанынан деп біледі.
Қаражан бай туралы деректі осыдан оншақты жыл бұрын естіген соң жеңіл көлікке мініп жолға шықтық.Бастаушымыз-Қаражанның немере інісі Арғынбайдың шөбересі- Боран Оспанов.Жиырма жасынан шопан таяғын ұстап зейнетке шыққан жетпістің үстіндегі қария.Одан кейінгі жасы үлкеніміз Амангелді атындағы колхозды көп жыл басқарып Социалистік Еңбек Ері атағын иемденген Жаманғара Аманбаевтың ұлы Әскербек.Мамандығы –бухгалтер. Қырық жыл есеп қызметімен айналысқан.Бізден жасы едәуір кіші болса да өткен-кеткен ел тарихы жайлы көп мағлұматы бар,шаруашылықта ақтылы қой өргізіп, келелі түйе айдаған озат малшы Әжікен Мұсаев та жоқшының бірі.Ал көлік тізгінінде көнеге құлағы түрік жас жігіт Ш.Смаханұлы атындағы мектептің мұғалімі,әуесқой өлкетанушы -Жәнібек Қалыбеков.
Боран ағамызға бабасының зиратын «Кеңес» кеңшарында өткен бір жиыннан салт атпен келе жатқанда әкесі арнайы көрсеткен екен.Одан бері де жарты ғасыр мерзім өткен.Бөкең бағытты шамалағанымен нақты қайда екенін тап баса алмай келеді. Ұзыннан-ұзақ жота үстімен Үшарал ауылына жақын маңындағы «Кемпір өлген» мен «Лақ» қырқасына іліккен соң жол бастаушының қас-қабағын бағып отырған біз ат басын кері бұрдық.«Көшектің» үстіне шыққанда бірді-екілі ескі молаларға кезіктік. Оның біріндегі жазуға қарағанда 1930-шы жылдар шамасында жерленген кісінің мүрдесі,аты-жөні қожалар әулетіне тиесілі тәрізді.
Жол бастаушымыздың қабағы салыңқы.Етекте «Көшек батырға»арналған ескерткіш қойылған,жан-жағы қоршалған үлкен қорым көрінеді.Алдымен екі ортадағы еңіске түсіп,арнайы жасалған баспалдақ арқылы жаяу жоғары көтерілген соң,,күмбездің ішіне бас сұқтық. Батыр рухына құран бағышталды. Сағананың шырақшысы жеке шаруасымен қалаға кетіпті.Орнында қалған баласын әңгімеге тартып, ертеректе күйдірілген қыштан соғылып,кейіннен бұзылып кеткен кесененің орнын іздеп жүргенімізді айттық.
Жас шамасы отыздан жаңа асқан жігіт сөзге келмей бізді қорымның күнгей етегіне алып келді.Осы жерге келген бетте Боран ағамыздың көңіл-күйі өзгеріп сала берді. «Өшкені жанып,өлгені тірілгендей» жанарында жарқыл пайда болды.Әлденелер жадына оралып: «Міне,міне,осы жер!»деп дауыстап жіберді. Шынында да мүрде айналасындағы шашылған сынық кірпіштер «мен мұндалап»тұр.Көбісі жартыкеш, опырылған, бұзған кезде шеттері сәл кетілген.Бір жарым ғасыр бойғы қысқы қызыл шұнақ аяз бен жаздың аптап ыстығы,қар мен жауын-шашын еш әсер етпеген.Баяғы пештен шыққандай. Бір-біріне ұрғанда сыңғырлаған үн шығарады.Не деген керемет!Құрылыс барысында кірпіштерді байланыстырған ертінді бөліктері әр жерде жатыр.Олардың да уақыт сынына қылы қисаймаған,бәз-баяғы қалпында.
Өткен-кеткен тарихқа көз жіберсек кесене қыштары бір емес екі рет тоналған.Әуелгі кінәлі ГПУ бастығы болса,соңғы қиратуға себепші осы төңіректегі бір шаруашылық басшысы екен.Шаруа жағдайымен әрі өтіп,бері өтіп жүрген директор қирандының орнындағы бүтін кірпіштерді көрген соң өз адамдарына тапсырма беріп, наубайхана соғу үшін алғызған.Сондықтан да бейіт айналасындағы сынық қыштың қалдығы да сирек. Кірпіші аудан құрылғанда бір үлкен ғимараттың төс табанына төселіп,одан кейін қырық жыл ашық аспан астында жатқанда наубайханаға соғуға жараған кесененің қаншалықты көлемді әрі материалының соншалықты сапалы екенін көз жеткізу аса қиын бола қоймас.
Зират басына тізе бүгіп,қол жайып, баба аруағына арнайы құран бағыштадық.Бейітті, шашылған кірпіштерді суретке түсірдік.Фотоапарат объективіне сапарлас серіктерім де ілікті.Олардың екеуі келместің кемесіне мініп арамыздан кетіп те қалды.Қажет болар деген оймен жартыкеш қыштың бірін ескерткіш ретінде ала кеттім.
Қаражан байдың қазіргі ұрпақтары жайлы бірер сөз.Ол кісінің бел баласы Мәзібайдан Нұрмағамбет туады.Одан өткен ғасырдың 20-30 жылдары Кенжебек, Мелдебек және Өтеп есімді үш ұл өрбиді.Тұңғышы -1920-22 жылғы,қан майданда жаумен арпалысқан соғыс мүгедегі еді. Кенжебектен –Сейітхан,одан туған бала баршылық.Ортаншысынан ұрпақ қалмады.Кенже ұлы Өтеп өте ажарлы,көрікті,жаны жайсаң,ашық мінезді кісіге жұғымды бозым жігіт еді.Алты-жеті кластық біліммен ауылдық Кеңестің хатшысына дейін көтерілді.Өкінішке орай ағамыз көп өмір сүрмеді,кенеттен қайғылы қазаға душар болып отыздың ішінде өмірден озды.Артында үш-төрт қыз бен Асан есімді жалғыз ұл қалды. Асан да жаңа шаңырақ көтеріп, енді үйлі-жайлы болғанда оқыстан көз жұмды. Соңынан Еркебұлан есімді ұл,Шәрия атты қыз ерді. Жарынан жастай қалған Кәмилә келін қалған өмірін екі баланың тәрбиесіне,оқуына арнады.Баяғы қысылшаң кезеңде жұмыс іздеп Жезқазған асты.Еркебұлан сондағы жоғарғы оқу орнын бітіріп сәулетші мамандығын игерді.Біраз уақыт Жезқазған қалалық әкімдігінде қызмет істеді.Соңғы кезде жеке кәсіпкерлікке ауысты.Құрылыс ұжымының иесі деп естиміз.

Қамбар ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ,
журналист.
Талас ауданы, Ойық ауылы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *