Анаға сағыныш

Ақ сүтіңмен баптаудан,
Ақ жүрек боп кеткем бе.
Үмітіңді ақтаудан,
Үлкен арман жоқ менде.

Бұл менің бала кезімнен жүрегіме жазылған жыр жолдары. Анашым! Бұл сөз аузымнан сен өмірден өткен соң шыққаны өкінішті болып тұр.
Әріден бастасам…

Анамның әкесі екі ағайынды Төлеу,Асу деген кісілер болған. Төлеудің жары Мырзакүл апам біраз жыл бала көтермей жүріпті. «Құдай-ау,соқыр қыз бере көр» – деп мойныма бұршақ салып жүріп, сұрап алған Кеңескүлім ғой» деуші еді апам. Бұл 1940 жыл болса керек. Артынан Дәмеш әкпеміз дүниеге келіпті. Ал, Асу көкеміздің жары Сақып апамыз мүлдем бала көтермеген. Елуінші жылдардың басында Төлеу атамыз өмірден өтеді.
«Содан екі ағайынды кісінің артында ұл ұрпағы болмай қала ма» деген қазақы салтпен Мырзакүл апамды Асуға қосады.Бұл некеден 1954 жылдың аяғында Орынбасар дүниеге келеді.Оны асырап,баққан Асу мен Сақыптың отбасы болады. Төлеу атамыздың екі қызы бойжетеді. Менің анам Кеңескүлді Сәтек елінің Тапай есімді азаматына ұзатады.Сол кезде анам небәрі он алты жаста екен. Өте жақсы оқитын еді» – деп ұстаздары да қимастық танытыпты.
«Аттылы кісі түсіп қарайтын,
жаяу кісі жатып қарайтын сұлу еді» деген жеңгелерінің сөзін естіген едім. Апамыздың ертерек күйеуге бергенінің бір ұшы осыда болса керек. «Тар құрсағын кеңіткен, Тас емшегін иіткен» тұңғышы мен болыппын. Мырзакүл апамыздың екінші қызы Дәмеш те бойжетіп отырған соң, әкемнің әкесі Жексенбай атамыз «Құдағи жалғыз қала ма, мына қызды берейік» – деген шешімін айтады. Оған әкемнің шешесі Үрия апамыз «Қызын алып,қызымды беремін дегенім жоқ» – деп қарсылық танытыпты.
Мен осылайша нағашы апамның тәрбиесінде өстім. Анамды әпке дедім. Бетіме жел тигізбей өсірген апама алғыстан басқа айтарым жоқ. 1994 жылдың 14 наурызында қайтыс болды.
Менің артымнан алты інім, екі сіңілім дүниеге келді. Мен есімді біле келе әке-шешемнің Тапай мен Кеңескүл екенін білдім. Бала жүрегімде, жан дүниемде қызғаныш сезімі пайда болды. Есейе келе «мені неге берді?» деген ой үнемі мазалайтын. Әке-шешемнің үйіне барғанда үпірлеп-шүпірлеп жатқан інілерім мен сіңілілерімді көргенде біртүрлі жабырқап қалатынмын. Балаға туған ата-анасының маxаббатының орны ерекше ғой.
Мектепті он алты жасымда бітірдім.Әрине, әрі қарай жоғары білім алып, еңбек жолымның сәтті басталуына әкемнің еңбегі зор, аржағында анамның да қамқор жүрегі болғанын сезіндім.
«Қыздарымды барған жерінде қор болмай, мамандық иесі болып,бастарын жоғары көтеріп жүрулері үшін оқытамын» – деген әке сөзі әлі күнге құлағымда тұр. Тұрмысқа шықтым, өзім де ана болдым.
«Ананың қадірін балалы болғанда білесің» деген сөздің мағынасын түсіндім. Ананың бар баласына жүрегі бірдей бөлінетініне көзім жетті.
Анашым, барлық ұлдарың мен қыздарың өмірден өз орындарын тапты, бір бір үйдің түтінін түтетіп отыр. Немерелеріңнің алды үй болып, шөберелер желкілдеп өсіп келеді.
Соңғы жылдары құрдасыңдай, сырласыңдай болып едім. Өйткені, мен де алпыстан астым.Өзің барда өзімді әлі баладай сезінуші едім…
«Анасы бар адамдар қартаймайды» деген сөздің растығына көзім жетті. Сексен жасыңды тойласақ деген арман бар еді… Анашым,барлығы үшін кешірші…
-«Тапқаның болмаса,баққан жоқсың» дегенім үшін,
— Анашым-деп тірі кезіңде айтпағаным үшін,
— Кейде айтқан батылдау сөздерім үшін,
— Өзіңді өмірі өлмейтіндей көргенім үшін,
— Сол күні соңғы көргенім екенін білмегенім үшін,
— Менің өзіңе деген өкпем-ұзақ жылдар жиналған перзенттік маxаббатым екенін кеш білгенім үшін.

Ай нұрындай арайлым,
Сәні едің ғой маңайдың.
Суретіңе көз алмай,
Жан бітердей қараймын.

Күн нұрындай шырайлым,
Болар деген бұлай кім?
Күні кеше бар едің,
Құдіретін ай құдайдың.

Ақ жаулығың желбіреп,
Жан жүрегің елжіреп.
Отырушы ең диванда,
Қара қызым келді деп.

Өзіңсіз мынау күндерім,
Тым көңілсіз,сұрықсыз,
Өлмейтіндей өзіңді,
Бейғам болып жүріппіз.

Біле алмадым Анашым,
Қадіріңе жеттік пе?
Ойлай ойлай осыны,
Кеудем толды өксікке.

Терің сіңген көйлекті,
Кеудеме басып жыладым.
Артымнан ерген ұл,қызға,
Алладан өмір сұрадым!
Басына бардым,жыладым бүгін тағы да,
Сағынып кеттім сағынып.
Ойламаған сынағын тосар алдыңа,
Тағдырға тұрмын бағынып.

Қара тастан қараған,жанары қандай әдемі,
Жалғыз өзі бір дастан.
Ақша жүзі сұлулықтың әлемі,
Өлімге тұрмын қимастан.

Қарадым үнсіз,үйіліп жатқан үймекке,
Жанардан жасым тамшылап.
Тығылып өксік,айналғандай түйнекке,
Қалай тұрмын жан шыдап.

Көніп тұрмын құдіретіне Алланың,
Өртенді өзек,қалпым шын,
Бұл ғаламда теңдесі жоқ Анамның,
Пейіште нұры шалқысын!

Сенімкүл Жексенбаева

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *