Жұмыссыздықпен күрес жөнге қойылуда

«Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы айтқандай, қарынның тоқтығын көтере алмайтындардан бөлек, жұмысы жоқтық қай адамның болмасын жүйкесін жұқартары сөзсіз. Тұрақты табысы болмаған адамның қайсы бір қоғам түгілі өз шаңырағына да дөңбекшіп сыймайтыны ақиқат. Халқының жұмыс күшін жүйелі пайдалана отырып, олардың әлауқатын жақсарту және жұмыссыздық деңгейін жою кез-келген мемлекеттің көздегені, тіпіті мақсаты десек болатындай. Демек бұл әр елдің бірінші кезектегі басты назарға алатын мәселесі.

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі қарастырылған болатын.
Осы бағытта түрлі бағдарламалар әзірленіп, әр сала бойынша жұмыссыздықты жою мәселелері жөнге қойылып келеді. Соның бірі «Бизнес-Бастау» жобасы аясында бір ай мерзімде кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту.
Бұл бағыт бойынша кез-келген азамат мемлекеттік қолдау шаралары туралы, несие мөлшері шарттары бойынша ақпарат алуға және бағдарламаға қатысуға ниет білдірген жағдайда жергілікті жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығына, өңірлік кәсіпкерлер палатасына немесе ауыл әкіміне жолығуға болады.
Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алған мәліметтерге сүйенсек, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 2019 жылға барлығы 11,0 мллиард теңге бөлінген.
2019 жылдың 1 мамырына жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 10032 адам тартылған. Оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына 3574 адам, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 212 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 1171 адам, жастар практикасына 1394 түлек жолданып талты айлық жұмыс тәжірибесінен өткен.
Ал ақылы қоғамдық жұмыстарға 3245 жұмыссыз тартылған. 417 адам «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 19 адам қалаларда өткен жыл қаржысынан шағын несие алған. Бұлардан бөлек бүгінгі күнге биылғы жыл қаржысынан ауылдарда 51 адам 187,7 миллион теңгенің шағын несиесін алғандығын айтаты мұндағы мамандар.
Бағдарламаның 1-ші бағыты аясында барлығы 3883 адамды оқытуға 1655,5 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша 1 қыркүйектен 770 адамды оқытуға 1108,7 миллион теңге (өткен 2017-2018 жылдардан оқуын жалғастырушыларды қоса есептегенде) қаралған.
Бағдарламаның 2-ші бағыты аясында барлығы 6968,7 млн.теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 3484 адамды қамтуға шағын несиеге 1301 адам, кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1200 адам, грантқа 983 адам қамтылған.
Биыл «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша барлығы 1200 адамды кәсіпкерлікке оқыту жоспарланып, 1 мамырға 417 адам, бүгінгі күнге 861 адам оқуға жолданып, ал 585 адам оқуын аяқтап отыр.
Микрокредит бойынша ауыл мен қалада барлығы 6147,6 миллион тегенің шағын несиесі 1301 адамға беріледі деп жоспарланған. Оның ішінде ауылда 1211 адамға 5111,0 миллион теңге, қалалық 90 адамға 1036,6 миллион теңге. Несие шарттарына қол қойылып, несиелендіру жұмыстары басталып, бүгінгі күнге ауылдарда барлығы 51 адам 187,7 миллион теңгенің шағын несиесін алыпты.
Жалпы биылғы жылға Тараз қаласы бойынша несие беруге республикалық бюджеттің есебінен 699,4, жергілікті бюджеттің есебінен 337,2 миллион теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге республикалық бюджеттен қарастырылған 699,4 миллион «Даму» қорына аударылып, оның 450 миллионы банктерге орналастырылған.
Мәселен Сбербанкке 150, Форте банкке 100, Халық банкіне 200 миллион теңге аударылған. Ал жергілікті бюджеттен қарастырылған қаражат қаржыландыру жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың маусым айында орналастырылады деп күтілуде.
Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейітбековтің айтуынша шағын несиені кепілдендіруге ағымдағы жылы ауылға 215,6, қалаға 88,3 миллион теңгені құрайтын жалпы саны 303,9 миллион теңге болса, микроқаржы ұйымдары шығыстарын субсидиялауға 31,7 миллион теңге бөлінген.
– Осы бағыт аясында 983 адам 485,5 миллион теңгенің қайтарымсыз грантын алады. Оның ішінде, 200 АЕК мөлшерінде Жастар жылына орай 329 грантқа 166,1 млн.теңге мен көп балалы аз қамтылған отбасылары үшін 611 грантқа 308,5 млн.теңге қаржылар жоспарға сәйкес маусым-желтоқсан айларында игеріледі. 100 АЕК көлемінде жалпы азаматтарға 43 грантқа қаралған 10,9 млн.теңге қаржы маусым-шілде айларында толық игерілетін болады. Себебі, алушы азаматтар оқу сертификатын алып үлгеруі тиіс.
Бағдарламаның 3-ші бағыты бойынша 6647 адамды қамтуға 2387,4 млн. теңге бөлінді.
Осы бағыт бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына барлығы 998 орынға 221,8 млн.теңге қаралып, есепті кезеңде әлеуметтік жұмыс орындарына 1171 адам жолданды. Сонымен қатар, жастар практикасына барлығы 1489 орынға 555,0 млн.теңге қаралып, есепті кезеңде жастар практикасына 1394 түлек жолданды.
Ақылы қоғамдық жұмысқа 4160 адамды тартуға жергілікті бюджеттерден 1610,6 млн.теңге қаржы қаралды. Есепті кезеңде қоғамдық жұмыстарға 3245 адам жолданды.
Сондай-ақ, «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру», яғни жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету мақсатында Бағдарлама шеңберінде өз еркімен қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру қарастырылған. Бағдарламаның бұл бағытын халық арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді, – дейді ол.
Тағы бір айта кететіні, басқарма басшысы орынбасарының сөзіне сүйенсек 2019 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минимстрлігімен бекітілген жоспарға сәйкес солтүстік өңірлерге Жамбыл облысынан 176 отбасын, 704 адамды қоныс аударту көзделіп отыр. 2019 жылдың 1 мамырына жұмыс күші тапшы өңірлерге 45 отбасы яғни123 адам қоныс аударған. Оның ішінде Павлодар облысына 7, отбасы 21 адам, Шығыс Қазақстан Облсына 7 отбасы 14 адам, Солтүстік Қазақсатн Облысына 15 отбасы 39 адам және Қостанайға 16 отбасы 49 адам қоныс аударған.
Қоныс аударушы отбасылар толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидиялар төленіп, сондай-ақ, оларға жалдамалы тұрғын үй берілген.
Қоныс аударушылар арасынан 62 адам жұмысқа қабілетті жастағылар болып табылса, олардың 59-ы тұрақты жұмыс орындарымен қамтылып отыр. Сонымен қатар мектеп жасындағы және мектеп жасына дейінгі 42 бала балабақша және мектеп орындарымен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ, ағымды жылдың 27 мамырында Республикамыздың солтүстік өңірлері өкілдерінің қатысуымен ішкі көші-қон және қоныстандыру мәселелері бойынша «Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өткізілген. Жәрмеңкеде солтүстік өңірлердің 1255 жұмыс берушілерінен 4659 бос жұмыс орындарына сұраныстар ұсынып, нәтижесінде 138 отбасы көшуге ниет білдірген.
Халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірлік еңбек рыноғында тұрақтылық сақталып, жұмыссыздық деңгейі 2019 жылдың 1 тоқсанында 4,9 пайызды, жастар жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрапты.
Жастар жұмыссыздығы да бүгінгі күннің актуалды мәселесі болып отырғандығы жасырын емес. Өзекті тақырыпты шешу жолдары әлі де күн тәртібінен түспей келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құзыретті органдар тиісті бағдарламал әзірлеп, жасатарды жұмысқа тарту шараларын әзірлеуде.
Осы мәселемен Тараз қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» мен аудандардағы жұмыспен қамту орталықтары айналысады.
Тараз қаласы бойынша Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің 2018 жылға арналған кешенді жоспарына сәйкес орталық 6117 адамды жұмыспен қамтыған. Өткен жылы аталмыш орталыққа 7126 адам жүгініп, 7205 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған немесе жылдық жоспар 118 пайызға орындалған.
Жұмыспен қамтылған азаматтардың 4135 мемлекеттік қолдау шараларынсыз тұрақты жұмыстармен қамтылса, 3070 адам мемлекеттік қолдау шараларымен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Мемлекеттік қолдау шаралары негізінен «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. 2018 жылы Бағдарлама шеңберінде 1965 адам қамтылған немесе 112,8 пайыз.
Тараз қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығының» берген мәлметіне сүйенсек 2018 жылы Жастар тәжірибесін 231 адам Бағдарламаны аяқтап, тұрақты жұмысқа орналасқандар үлесі 75,8 пайызды құраған.
Қаржыландыру кестесіне сәйкес 8 мекеменің тізбесі бекітілген. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында әлеуметтік жұмыс орындарына 38 адам жолданып, келісім-шарттары жасалған.
Тараз қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығының» медиа қызметі ағымдағы жыл бойынша мәліметтер мен жоспарлар әлі дайындалу үстінде екендігін мәлімдеді.
Енді ған оқуын тәмамдап, дипломын алған жастар жұмыс іздеп сабылатыны белгілі жай. Жастар тәжірибесінің қолдау да сол, жас маманға алты айлық мемлекеттің қаражатынан айлық төленіп өзі мамандығы бойынша бос орыны бар мекемеде жұмыс жасай алады. Тәжірибеден өткен жастың сол орында қалып қойуына да мүмкіндік жетеді дейді мамандар.
– Мен жоғары оқу орнын аяқтап, жұмыспен қамту ортылығына жұмысқа тұру жөнінде өтініш қалдырдым. Екі аптадан кейін маған орталықтан жауап келді. «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы облыстық «Арай» жастар газетіне жұмысқа орналыстым. Ай сайын тұрақты айлық түсіп отырды. Аталмыш бағдарламаның арқасында жарты жыл ішінде облыстағы жалғыз жастар газетінде жүріп, үлкен мектептен өттім. Мол тәжірибе жинадым. Ұжымдағы аға-әпкелердің ақыл кеңесін алдым. Әуелі Алла, екінші мені жұмысқа алуға сұраныс жіберген газеттің бас редакторы Дәулет Төлендіұлына және жұмыспен қамту орталығана алғыс білдіремін. Алты айлық тәжірибеден кейін мені М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жұмысқа шақыртты. Қазіргі таңда осы білім ордасыны медиа-қызмет саласында тілші қызметін атқарып отырмын, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Филология» мамандығын тәмамдаған жас маман Назерке Асқарқызы.
Иә, алты айлық жастар тәжірибесінен өтіп, одан ары қарай сол саланың ұршығын иіріп кетіп жатқан Назерке сынды жастар аз емес. Бастысы сол салға деген ерекше құштарлық пен құрмет және әр ісіне аса ыждахаттылықпен қарап жауапкершіліктің жүгін сезінсе болғаны дейді жас маман.
Шынында да қазіргі таңда кез-келген жұмыс беруші мекеме өздеріне еңбек өтілі бар, тәжірибесі мол білікті маман іздейді. Ал осы тұста жұмыспен қамту орталығы оқу ордасын жаңадан бітірген жастардың біразына бағыт-бағдар беріп, білімінің жемісін кәдеге жаратуына ықпал етіп жатқандығын атап өту керек. Алты ай уақыт жас маманға өзін-өзі сол ортада қалыптастырып, біліктілігін арттырып және ең бастысы тәжірибе жинауға мол мүмкіндік екендігін айтады мұндағы мамандар.
«Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!» – деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұлы елдің ұрпағына артылған сенім көп. Және сол сенімді ақтау үшін жоғарыда атап өткеніміздей жастардың болашағына деген даңғыл жол, жойқын қолдау қашан да билік басындағылардан керек екені сөзсіз.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *