Заманауи жылыжайдың жұмысы жүйелі

Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле Масанчи ауылдық округінде орналасқан «Greenwill» ЖШС-нің жылыжай кешеніне барып, жұмыс барысымен танысып қайтты. Жылыжай қызметкерлерімен өткен жүздесуге ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай да қатысып, кәсіпкерлердің еңбегіне табыс тіледі.

Бірнеше жылдан бері ауқымді ісімен көзге түскен «Greenwill» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде заманауи технологияны пайдалана отырып көкөніс өсірумен айналысатын алдыңғы қатарлы шаруашылық. Қала берді бұл облыс көлеміндегі жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейтін бірегей, әрі ірі кешен болып табылады. Заманауи жылыжайдың бүгінде жұмыс қарқыны жаман емес. Төрт гектар аумақта орналасқан нысаннан шаруалар жылына 1200 тоннаға дейін өнім алып жатқан жайы бар. Мұнда шетелдік заманауи инновациялық қондырғылар мен технологиялар қолданылған. Жылыжайда тамшылатып суару әдісімен өсімдіктің әр түбіне қажетті қорек пен тыңайтқыштар жеткізіледі. Сондай-ақ, өте сезімтал компьютер жылыжай ішіндегі өзіндік микроклиматты бақылап, өсімдіктерге қолайлы ортаны қамтамасыз етіп отырады екен. Яғни, қай кезде өсімдікті отырғызып, суару қажет, қандай дәрумендер керек, барлығын өзі реттейді. Нәтижесінде өнім өте сапалы болып, бастысы тұтынушының көңілінен шығып келеді. Жылыжайдың округтегі жұмыспен қамту ісіне қосатын үлесі де айтарлықтай. Тұрақты түрде жиырмаға жуық жұмысшы еңбек етсе, жылдық маусымға байланысты адам саны алпысқа дейін жетеді екен.
— Осында жұмыс істегеніме 4 жыл болды. Жұмыс маған ұнайды. Жағдай өте қолайлы, бастысы жалақыны тұрақты түрде төлеп отырады, – деп өзін Фатима деп таныстырған жұмысшының қияр жинап жатқанын байқаған қонақтар біраз сұрақтарын қойды.
Серіктестік басшысы Арсмане Харки келген қонақтарды жылыжайдың ішімен таныстырып, жұмыс барысын баяндап берді. Арсмане Суфурович бүгінде нарықта көкөніске деген сұраныстың жоғары екенін айтып, жаңа жылыжай қосып, өнім көлемін ұлғайту жайындағы жоспарларымен бөлісті. Жылыжай басшылығы қияр және қызанақтан бөлек, бұрыш және құлпынай өсіруді жоспарлап отыр. Әсіресе, құлпынайдың жоғары сапалы оңтүстік кореялық сұрыпын 1 гектарға отырғызып, қыс мезгілінде 50 тоннаға дейін тәтті жеміс өндіруге дәмелі.
«Greenwill» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қордай ауылының аумағынан биыл тағы да ірі жылыжай кешенінің құрылысын аяқтағаны мәлім. Бұрын тек, қызанақ пен қияр секілді көкөністің түрлерін өсіріп келген шаруашылық, биылдан бастап инновациялы аквапоника әдісіне көшіп отыр. Яғни, мұнда озық технологиялардың көмегімен бірден балық пен өсімдік өсіруге мүмкіндік пайда болған.
Аудан әкімі жұмысшылармен аз-кем сұхбаттасып, директоры Арсмане Суфуровичке басшылық тарапынан қандай да бір көмек қажет болса, қолынан келгенше көрсетуге дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде серіктестік басшысы мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мол мүмкіндіктер туып жатқанын айтып, соның арқасында жаңа жобалар сәтті іске асырылып жатқанын жеткізді. Жұмысшылардың еңбегіне риза болған қонақтар үлкен табысқа жетуіне тілектес екендерін білдірді.

Еркін Қатбеков

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *