Жәрмеңкенің жайы көңіл көншітпей тұр

Қазақ атамыз аман-саулықты сұраса салысымен әл-ауқатың қалай немесе күйлі-қуаттымысың дейтіні. Иә күй мен қуатмызды келтіретін азық түлік мәселесі біздің елімізде жыл сайын көктем шыға шайқақтап тұрып кейде шарықтап кететіні жасырын емес. Біз бүгін баршаны бірінші кезекте бетіне қаратып отырған, тұрғындар жиі тұтынатын өңіріміздегі азық-түлік бағасының ау-жайымен танысып көрдік.

Биылғы мамыражай мамырдың аужайы тіпті бөлек. Иісі мұсылман халықтарының ұлық мерекесі айлардың сұлтаны рамазан айы келіп жетті. Ауыз бекіткен ағайын жұрт осы мерекеде бар жиын-тойын ысырып, ауызашар береді. Бұл уақытта базар бағамын байыппен қарай жүріп қажетіңді алмасаң, үйдегі есептеумен бұлтиып шыққан қалта әп сәтте қаңтарылып, қалаған керек-жараққа қол жетпей қалуы әбден мүмкін. Осы тұста базар бағамын тұрақтандыру үшін мемлекет тарапынан жасалатын іс-шаралар болатыны белгілі.
Осыдан екі ай бұрын Өңірдегі тұрақтандыру қорына жұмыс істеудің жаңа тәртібін енгізу керектігін айтып БАҚ өкілдері дабыл қаққан болатын. Тиісті мекемеден ол үшін арнайы ереже де қабылданатын болды. Мұндай қажеттілік аймақтағы негізгі деген азық-түлік тауарлары бағасын тұрақты ұстап тұру үшін туындап отырғаны айтпаса да белгілі. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов осы мақсатта құрылған жұмысшы тобының отырысына қатысып, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өкілдерін тыңдап, бір ай мерзімде жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесімен танысқан болатын.
Мемлекет ресурстары мен жеке меншік капиталды кәсіпкерлік ортаны қалыптастыруға және осы сатыда тартымсыз болып отырған бизнестегі бәсекелестікті ынталандыруға жұмсау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың ерекшелігі болып табылады. Сондай-ақ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар кооперацияны күшейтуге және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге ықпал ететін өзіндік өңірлік даму институттары ретінде әрекет етеді.
Алайда бүгінгі таңда тұрақтандыру қорының бағаны тұрақтандыра алатын түрі жоқ. Жамбыл облысында наурыз айында азық-түлік бағасы 1,1 пайызға қымбаттаған. Қазіргі таңда одан әрі үдей түспесе кемімеген сыңайлы. Халықтың сөзіне сүйенсек азық-түліктің ішінде шарықтап тұрғандардың ішінде ет, ұн өнімдері де бар. Әсіресе қымбатшылыққа бой алдырмайтын ет өнімдерінің күрт шарықтап кеткенінен шошынған жұрт етсіз ас ішетін күн келе ме деп алаңдауда.
Ал өңірдегі тұрақтандыру қорының бағаны шарықтатпай, бірқалыпты ұстап тұруға шамасы келер емес. Қынжылтатыны, бұл – жылда қайталанатын жағдай. Ауылшаруашылығы мамандарының айтуынша, көкөніс, жұмыртқа, қант секілді өнімдердің қымбаттауы уақытша құбылыс. Ал ұн, нан, қарақұмық, ет, күнбағыс майы бағасының өсуі маусымдық емес, тұрақты нарық факторларымен байланысты көрінеді.
Бағаның бағдарын білмек ниетпен әлеуметтік базардың бағасын бір айға жуық бақылап көрдік. Ауыл шаруашылығы өнімдері мұнда сенбі-жексенбі күндері келеді. Бастапқы барғанымыздан сауда анау айтқандай қызып тұрмағанымен жәрмеңкедегі бағалар «Ауыл-Береке», «Бек» сынды хан базарлардағыдан анағұрлым арзан, әрине бәрі бірдей емес. Мысалы үй сүті 120, үй айраны 140, үй ірімшігі мен үй қаймағы 1100 болса, сары майдың бағасы 1300 теңге, сонымен қоса қымызды 450, ал шұбатты 500 теңгеге ала аласыз.
Ең негізгі тұрғындардың жиі тұтынаты асы ет өнімдері екені даусыз. Алғашқы сенбіде барғанымызда аталмыш базарда сиыр етінің келісін 1400, жылқы еті мен қой еті 1450 теңгеден көрдік. Әдеттегі базардағы бағалардан мұндағы еттің бағасы анағұрлым арзан болып отыр. Алайда аталған өнімдердің келесі жәрмеңкелерде лезде құбылып шыға келді. Жылқы еті 1500, қой еті 1450, сиыр еті 1400 теңге болған. Бұдан кейінгі апталарда ет бір-екі орында ғана сатылып жатыр. Сауда жоқтың қасы десе де болады. Сатушылардың сөздеріне сүйенсек еліміздегі ет өнімдері Иран, Өзбекстан, Ауғаныстан елдеріне жіберіледі-мыс. Бағаның көтеріліп кеткені сондықтан. Өйткені аталмыш мемлекеттер мұндағы бағадан жоғары көлемде алып жатқан көрінеді. Ал ет сатып жатқан шаруаның табан ақы маңдай терімен өндіріп отырған өз өнімін жоғары баға келіп тұрғанда арзан бағаға сатқысы келмесі анық.
Десе де, көкөністердің бағасы қарыштап тұрған мезгілде жәрмеңкедегі баға көңіл қуантты. Мәселен қызанақтың бағасы басқа базарларда 500 бен 600 теңгенің көлемінде болса, бұл жерде 400 бен 500, қиярды 200 бен 250 теңгенің көлемінде алуға болады екен.
– Мұндағы жәрмеңкеге жиі келемін. Басқа базардағы өнімдерге қарғанда арзан, әсіресе ет өнімдері. Бірақ бұл жолы ет өте аз екен. Жалпы өнімдер аз. Қазір ет қымбаттап кетті. Етсіз тамақ ішпейтін қазақпыз ғой, осы қымбатшылық кәдімгідей білінеді. Сол себепті басқа жақтан арзан болғандықтан осы базардан алғанды жөн көремін. Әрі сапасы жақсы. Мысалы қазір алған құрт-майлар ауылдың таза, табиғи өнімдері. Бұлардың да бағасы қолжетімді тұтынушыға. Осындай таза, табиғи өнімдердің көп болғаны дұрыс қой. Бірақ картоп, сәбіз, пияз сынды бақша жидектері мұнда да жоғары екен, – дейді жәрмеңкеден қажетті тұрмыстық заттарын алып шыққан қала тұрғыны Жұлдыз Бақытқызы.
Жұлдыз айтқан өнімдердің өзге базардың бағасымен бірдей болуы тегін емес. Өйткені жәрмеңкедегі сатушылар да ол өнімдерді әдеттегі саудагерлерден алады. Демек тұрақтандыру қорында тарыдан бастап аса қажетті өінімдердің бірі тұз, қант, ұн, пияз, кртоп, сәбіз секліді өнімдер жоқ деген сөз.
Бүгінде қала тұрғындарының мүддесін қорғау мақсатында құрылған облыстық тұрақтандыу қорында 8 тоннаға жуық сиыр еті қалыпты.
– Алда тағы 10 тоннадай етпен қорды толықтыруды көздеп, соның қамына кірісіп жатырмыз. Тұрақтандыру қорының етін әлеуметтік базарда жәрмеңке сайын 1250-1350 теңге аралығында саудалап келеміз. Жақында сол базардан арнайы нүкте ашпақпыз, – дейді «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Заңғар Кемелов. Бірақ бұл қаншалықты рас екені бір құдайға аян.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 9 қазандағы қаулысымен Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары бекітілген еді. Содан бері әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мемлекет пен жеке меншік бизнестің мүмкіндіктерін біріктіру жолымен дамытылатын компаниялардың құнын өсіру және жеке меншік секторды қолдау арқылы өңір экономикасын орнықты дамытудың аясында қызмет үстінде.
Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов мемлекет тарапынан қолдау көріп отырған мал бордақылайтын шаруа қожалықтардың өз өнімдерін шет елдерге шығарып жатқандығынан өз өлкемізде ет тапшылығы болып жатқандығын сынға алып, олар мен халыққа да қолайлы болатын шара әзірлеу керектігін тиісті мекемелерге тапсырған болатын.
Расында базардағы малдың бағасы да бүгінгі күні бас білдірмей тұр. Әдеттегі бұл уақытта 250000 мен 350000-ның аралығында тұратын семіз жылқыларды бүгінде 350000 нан 500000-ға шейінгі аралықта ала аласыз. Ал 30000-35000-ның төңірегінде алатын семіз қойлар бұл күнде 40000 мен 60000-ның төңірегінде. Ал мезгіл таңдамай, өтімді келетін зеңгі баба төлі де шарықтап тұр. Мәселен 1-2 жасар сойуға жарамды бұқаның өзін 200000 мен 320000 аралығында табасың.
Бұл мал баққан шаруаға әрине, тиімді. Бірақ тұтынушыларды былай қойғанда, бір еттің қымбатшылығының өзі бірталай басқа да өнімдерге өз әсерін тигізіп жатқаны даусыз. Қалай десек те «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» тығырықтан шығатын жолыдың бары ақиқат. Тек жүйелі жұмыс пен үздіксіз бақылау (назар салу) қажет сияқты көрінеді бізге.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *