Әлеуметтік жәрдемақының жайы

Халық – биліктің қайнар көзі. Адамсыз мемлекет, адамсыз билік пен бұйрық та болмайтынын ескерсек қай дәуірдегі елдердің де тірлігінде «екі қолға бір күрек ұстайтын» адам санын арттыру күн тәртібінен түспеген. Біздің де ел болып етек жеңімізді жинаған 27 жылдың ішінде мемлекетіміздің халық санын көбейту мәселесі бір уақытқа айтылмай қалған емес. Өйткені сонау 1917 жылғы ұлт азаттық көтерілісі жылдарынан бастап кешегі желтоқсан оқиғасына дейінгі зұлматты жылдарда қан кешу қатал заманды бастан өткерген халқымыздың саны күрт төмендеген. Бір үміт пен бір күдігі араласқан аласапран тұста азаттық алып, алдымыздан келешекке кемел сеніммен қарайтын күн туған еді. Дербестіктің жал-құйрығын тартып мінген жас мемлекеттің ең алдымен мақсаты да халық санын өсіру. Осы мақсатта тиісті заңдар мен шаралар қабылданып адам саны секундтап өсетін шығар дегенде сағаттап болса да цифрлар саны артуға асықпады (статистикада). Актуалды мәселеге айналып шыққан адам санын көбейтуді нақты қолдау саясаты ағымдағы жылы жүзеге асып отыр.

Оған дәлел Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің көпбалалы, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың әр баласына 21000 теңгеден ай сайын мемлекет тарапынан қолдау болды. Аталған шешім өз күшіне енгеннен бастап облысымызда 21125 отбасы, дәлірек айтқанда 111580 адамға арнаулы әлуметтік жәрдемақы берілген.
– Атаулы әлеуметтік жәрдемақы көпбалалы аналарға тағайындалатынын естігеннен кейін ел қатарлы біз де тиісті құжаттарды жинадық. Қажетті құжаттарды жинау барысында аса көп уақыт жоғалтпадық. Өзім бес қыз бір ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы анамын. Сәуір айның басында мінекей алғашқы жәрдемақымызды алдық. Өздеріңіз білетіндей жергілікті ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан жасалатын көмекке мұқтаж. Жұмыссыздық басым. Осыған қарамастан көпбалалы отбасылар ауылдық жерде көп деп айтар едім. Ал бұл бағдарлама көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға үлкен көмек әрі қолдау болып отыр, – дейді Талас ауданының тұрғыны Өрікбала Жарылқасынқызы.
1 сәуірден бастап, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін айқындайтын критерий 70 пайызға көтерілген. Бұл дегеніміз атаулы әлеуметтік көмектің көлемінің 14 849 теңгеден 20789 теңгеге жеткендігін білдіреді.
Мамандардың айтуынша ағымдағы жылы облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 29650 отбасындағы 150453 адамды қамту үшін барлығы 16,3 миллиард теңге қаралған. Оның ішінде 15,1 миллиард теңге республикалық бюджеттен болса, 1,2 миллиарды жергілікті бюджеттен бөлінген. Бұл мақсатта жұмсалған қаржының қазіргі кезеде 3,9 миллиард теңгесі игерілген.
17 мамырдағы есепті мерзімге 21125 отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылып отыр, оның ішінде 7060 отбасы (38629 адам) 1 сәуірге дейін тағайындалғандарға қайта есеп жүргізілгендер, 14065 отбасы (72951 адам) 1 сәуірден бастап өтініш білдіргендер. Бүгінгі күні маусым айына тағайындаулар жүргізіліп жатқандығын айтады мамандар.
Статистикаға сүйенсек еліміз бойынша соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 10 пайызға өскен. 2008 жылы 356 600 бала өмірге келсе, 2018 жылы 391 000 бала дүние есігін ашқан.
Дүниеге бір сәби келсе – жер ананың баурайына бір түп жусан артық шығады деп сенген бабаларымыз ұрпақ өсіру мен оны тәрбиелеуге қатты ден қойған. Өйткені бүгінгі бүлдіршіндердің ішінен ертеңгі ел тізгінін ұстарлық атпал азаматтар шығады деп сенген әр қазақ.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *