Әулие ананың батасы

«Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген сөзді қашан, кім айтқанын ешкім білмейді. Шариғатқа жүгінсең имамдардың уағызы дұрыс. Ал, менің бір апайым көптен бері әулие «жағалап» жүр. Өзінің емшілігі де бар сияқты. Ол кісі Түркістан, Сайрам, Арыстан бап, Маңғыстау жағын тегіс аралаған шығар-ау, шамасы. Жақында сол кісі бір маңғыстаулық көріпкел әйелді ертіп алып келіп тұр. Көріпкелге, балгерге аса сене бермейтін едім, оның үстіне құдай жолында жүрген адамға бұл дұрыс бола қояр ма екен деп те ойладым. Дегенмен апатайымның көңілін жықпай мәшинемді от алдырып көне сүрлеуге түсіп, адакүдік оймен атажұртқа шықтым.
Ол кісі де бала-шағасымен, біз де құдай қосқан қосағымызбен екі көлікте селкілдеп келеміз. Жол бойы әруақты қозғап: «…бір екі атаң бар екен аты аталмаған, солар саған аян берген. Бара көрерміз, табамыз» дейді көріпкел әйел. Мен ішімнен: «Атам заманннан бері қара жердің астында жатқан адамды қалай табады? Әлде осы сыпатты кісілердің өлген адамдардың рухымен тілдеседі дегені рас па, екен?» дегенімше болған жоқ жүрдек көлігіміз «Былабайға» да келіп қалды. Естуімше Былабай біздің ұрпақсыз дүниеден өткен бір атамыз. «Бәлкім бұл кісілердің іздегені сол кісі шығар» деп әлгі диқан бабамыздың тары еккен ескі жұртына жақын тоқтай қалдым.
Көріпкелдің пірі бар екен…Бекет ата, Ақ бура әулие дей ме, құдай-ау. Бір кезде ол атан түйедей боздап, алақанын аспанға жайып, ішінен дұғасын оқып алдымызда жатқан жатаған жотаға қарай беттеді. Өзім де іштей «зират сол жота жақта болуы мүмкін ғой» деп ойлап келе жатқанмын. Әлде бұл көріпкелдерің адамның ойындағысын оқи ма, әйтеуір төбеге жеткен соң отыра қалып қолын аспанға жайып құран оқи бастады. Арада шәй қайнатым уақыт өтті-ау, дегенде әлгі ақ жаулықты пірадар: —Мына төбеде үш адамның бейіті жатыр. Біреуі жаңағы өздеріңіз айтқан Былабай кісі. Өзінен ұрпақ жоқ-ау, шамасы. Жанында жатқан екеудің бірі молда да, екіншісі осы үйдің қойшысы, әйтеуір туысы емес,—деді кәдімгі бір о дүниеге өзі барып келгендей,—қалған туыстары сонау тау бөктерінде жатса керек,—деді міз бақпай.
Қол жайып, бата жасаған соң тау бөктеріне қарай жылжыдық. «Әулие бұлақ» деп аталатын ескі қоныста ілгеріде Қолаң ападан тараған екі атаның ұрпақтары тұрғанын, бұл қойнаудың жәй ғана елді мекен емес кезінде жоңғар шапқыншылығы кезінде Сәмен батырдың жасағы тұрған қосын болғанын айғақтайтын ту тіккен тасы бар екенін тарихшы-шежіреші болған соң жақсы білетінмін. Көріпкелім Тоғызақ батыр бабамыздың өзінің бауырларымен бірге жерленген қорымын да дәл тапты. Дегенмен, ескі қорымда бұған дейін де көріпкел кісілер болған. Соның біреуі Рысбек есімді бақсы. Ол атан түйеге мініп соғысатын Тоғызақ батыр бабамызды «айдаһар күзетіп жатыр» деген болатын. Ал, мына емші жемісі осыдан жиырма жыл бұрын жойылып, орны айдауға айналған аңыздан «қолына ұршық ұстаған, шашы өкшесіне түскен сары апаны көрдім, шамасы бейіті тегістеліп кеткен болуы керек» деді ешбір күмән-күдіксіз. Біз сапарлас болған соң ба көріпкелдің айтқанына сенер-сенбесімізді білмей бұлақ басына келдік. Бұл бұлақтың көзін сол жаңағы айтқан Қолаң апа ашқан деген ел ішінде сөз бар. Ол кісінің шын аты Ұлбосын. Келе-келе бұлақтың суы көбейіп, бір ру елге ішсе сусын, ауырса жанына шипа болған. Содан болуы керек бұлақ әулие бұлақ аталып кеткен. Бүгінде жұрт осы аңғарды «Әулие бұлақ» деп атайды.
Әлгі кісі апатайыма «жоғын» тауып берді. Аян берген екі атасын да осы маңнан іздеп жүріп тауып, басына құрбан шалдыртып, екі бірдей мал сойғызды. Осы жолы ол кісінің көріпкелдігіне күмәні қалмаған кісілер тамырын ұстатып, шыбын жанына шіркеу болатындай ем-дом жасатып жатты. Бір кезде емші маған және жанымда отырған жарыма қарап: —Сіз екеуіңіз жаңадан бас қосыпсыздар. Қолаң апа жаңа түскен келінді әулетке қабылдады. Батасын беріп жатыр,—деді. Біз бір-бірмізге қарап, жылы жымидық. «Апыр-ай, молдалар аузынан тастамай айтып жүрген ақида яғни сенім кілті осы ма?»деген ой келді маған. Бұл да бір Алланың рақымы шығар. Өйткені ананың табанының астында жаннат бар деген ғой. Ел әулие деп атаған ана батасын беріп жатса, ол да бір жақсылықтың нышаны шығар.Бұл да болса кешегі жалғыздың жанына жалау болатын сөз емес пе. Мейлі, оны емші айтсын, мейлі о дүниеде жатқан Ұлбосын ананың рухы айтсын, бәрібір емес пе. Бата жерде жатпайды деген осы да.

Сейсен Қожеке

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *