Қаратаудың қойнауы – қазба байлық

Өңіріміз кеңес үкіметі кезінде күллі одаққа фосфор өндірудегі алдыңғы қатарлы аймақ ретінде танылғаны жалпыға аян. Бұл іске қарт Қаратаудың қазынаға толы баурайынан алынған кеннің қосқан үлесі зор. Жалпы, Қаратау фосфорит бассейнінің ұзындығы 150 шақырымды, ал ені 35 шақырым аумақты алып жатыр. Аталған аумақта фосфор кен орындары 1930 жылдары ашылған. 1935-36 жылдары арнайы экспедиция келіп, 40 шақты кен орнын анықтаған. Соның ішінде бүгінгі таңға дейін тау-кен өндірісінде тыңғылықты еңбек етіп келе жатқан «Қаратау» және «Шолақтау» кеніштерінің тәуелсіз Қазақстанның химия өнеркәсібінің өркендеуіне үлкен септік болып келеді.
Бір ғана мысал, «Қаратау» тау-кен өндіру кешеніне былтыр 3708,2 миллион теңге инвестиция тартылды. Бұл 2017 жылдағымен салыстырғанда 2 есеге көп. Ал биыл бұл соманы тағы есеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кешенде өндіру жұмыстары 1 461 мың тоннаны құрады. Және де 1 547 318 тонна өнім өндірілді. Ал биыл 2 миллион тоннадан астам руда өндіру көзделіп отыр.
Өндіріс көлемін үнемі арттырып келе жатқан кеніште жуырда жаңа қондырғыларды іске қосты. Атап айтқанда Елбасының «Қазақстанды цифрландыру» саясатына орай, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің Орталық байыту фабрикасы мен Ұсақтау-сұрыптау фабрикасына технологиялық процестерді басқаруды автоматтандыру жүйесін (орысша АСУТП) енгізу қолға алынып, алғашқы жобалау-сызба жұмыстары жүргізіліп жатыр. «АСУТП» толық іске қосылғанда өндірілетін фосфор өнімдерінің өзіндік құнының төмендеуіне, өндірістік қауіпсіздік шараларының жақсаруына ықпал етеді. Сонымен қатар биылғы жылы «Micromine» бағдарламасы іске қосылуда. Micromine бұл геологиялық барлау мен үш өлшемді (3D) модельдеуден бастап тау-кен өндірісін бақылау, деректерді жоспарлау мен басқаруға дейін өндірістік циклді толығымен қамтитын кен алу өнеркәсібі үшін кешенді шешім болып табылады.
Заманауи талаптарға сәйкес геологтар мен маркшейдерлердің жұмысы осы бағдарламаның көмегімен іске асырылады. Сол себепті, 2019 жылдың инвестиция бюджетіне бағдарламаны кәсіпорынға енгізу және мамандарды оқыту мақсатында 31, 973 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қазіргі таңда керекті құралдары алынып, енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешенде жаңадан алынған техникалар бойынша айтатын болсақ, биылғы жылы Белоруссиядан жүк көтергіштігі 130 тоннаны құрайтын 6 «БелАЗ» автокөлігін алу жоспарланып, оның 3-і пайдалуға берілді, қалған 3-і жақын күнде келеді деп жоспарлануда. Жалпы кешендегі ескірген техникалардың құрамы ауыстырылып, жаңа техникалармен толықтырылуда. Сондай-ақ, өткен жылы, яғни 2018 жылы Ресей елінен соңғы үлгідегі экскаватор техникасы алынған болатын, биылғы жылы да тағы біреуін алу жоспарланған. Кешендегі техникалар талапқа сай. Барлық көлік құралдарына GPS мониторлық жүйесі орнатылған.
Осының өзі өңірдегі өндірістің өрге басуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан химия өнеркәсібі қызметкерлерінің еңбегі елеулі екенінің дәлелі болсып тұр. Сондықтан, жыл сайын мамыр айының соңғы жексенбісі химиктер күнін атап өту мызғымас дәстүрге айналған. Жуырда біз атап өткен кен орындарында қызмет ететін химиктер кәсіби мерекелерін кең көлемде тойлады.

«Қазфосфат» ЖШС филиалы «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені еңбеккерлері өз төл мерекелерін өндірістегі лайықты табыстарымен қарсы алды. Төл мерекелерін мамыр айының 25-і күні «Фосфорит» спорт кешенінде дүбірлетіп, шалқар шабытпен атап өтті.
Мереке осы кешендердің директоры М.Б.Сәрсеновтің бекіткен іс-шаралар жоспары бойынша дайындалып ұйымдастырылды. Спорт кешені мерекеге сай безендірілді. Мереке сәні төрге тігілген қазақы ақшаңқан киіз үйлер болды. Оларды «Қаратау» ТКӨК-нің Көксу кеніші, Орталық байыту фабрикасы, Ұсақтап сұрыптау фабрикасы тікті. Түрлі жалаушалар мен жүздеген түрлі-түсті шарлар көздің жауын алғандай. Футбол алаңының көрермендерге жақын тұсында заманауи үлгідегі сахна орналастырылды. Сахна төріндегі «Химиктер күні мерекесі құтты болсын!» деген мерекелік ұран алыстан менмұндалайды. Құрметті қонақтар мен ардагерлерге арнайы орындықтар қойылды және кілем төсеніштермен көмкерілді. Стадионға кіреберісте кәсіпкерлердің саудасы қызуда. Футбол алаңының екі қапталында кешен спортшыларының баскетбол мен волейболдан жолдастық кездесулері жалғасуда. Сонымен қатар, арнайы қойылған ойын алаңшаларында балалар ойын көрігін қыздыруда. Бәрі жарасымды. Мерекені бастауға сақадай сай тұрды.
Химиктер күні мерекесін аудандық мәдениет үйінің «Айжанқыз» бишілер тобы «Мерекеге тарту» биімен ашып берді. Мұнан соң құттықтау сөз кезегі мен марапаттау мәртебесі «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендерінің директоры, «Құрмет орденінің иегері М.Б.Сәрсеновке берілді. М.Б.Сәрсенов өз құттықтауында фосфор өндірісі қолға алынған өткен ғасырдың 40 жылдарынан бастап фосфор өндірісінің даму жолдарына тоқтала келіп, кешен еңбеккерлерін төл мерекелерімен құттықтап, отбасыларына амандық, еңбектеріне толайым табыстар тіледі. Ең алдымен ақылшы ардагер ағаларымызды сахнаға шақырып сый-сияпат жасады. Сонан соң кешенде ұзақ жылдар еңбек еткен бірнеше азаматтарды «Еңбек ардагері» медалімен, жемісті, үлгілі еңбек еткен, өз ісінің білгірлерін «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері» төсбелгісімен және «Қазфосфат» ЖШС басқармасының Құрмет Грамоталарымен марапаттады. Марапаттаулар көрермендердің ұзақ қол шапалақтауларымен көмкеріліп отырды.
Бұдан соң Сарысу ауданының әкімі Қ.Қ.Мәдібек, аудандық маслихат хатшысы С.А.Бегеев, қала әкімі С.Ү.Мамытов, «Еврохим Қаратау» ЖШС-нің өкілі Б.Байділдаевтар құттықтау сөз сөйлеп, бірнеше адамға аудан әкімінің, аудандық маслихаттың, Нұр Отан партиясының құрмет грамоталарын, сыйлықтарын табыстады.
Құттықтаулар мен марапаттаулар аяқталған соң мерекелік тақырыпқа сай М.Б.Сәрсеновтің сөзіне жазылған «Қазыналы Қаратау» атты әні шырқалды. «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені өнерпаздарының дайындаған «Қаратаудан Қазфосфатқа дейін» атты театрландырылған қойылымы көрсетілді. Мереке соңы «Қаратау» ТКӨК-нің вокальды-аспаптар ансамблінің концертімен жалғасын тапты.
Жиналған қауым өткізілген іс-шараға өз ризашылықтарын білдіріп, қуаныштарымен бөлісіп жатты. Іс-шара ардагерлердің құрметіне жайылған мерекелік дастарханмен аяқталды.

Д.Ақділда,
Әкімшілік-шаруашылық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас менеджер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *