Өнер-білім бар жұрттар…

Рухани кемелділік пен өркениеттің бел бастауы – Ұлы өнер «Өнерлі елдің өрісі кең» деп дана халқымыз текке айтпағаны ақиқат. Еліміз егемендігін алып, тұғырлы тәуелсіздігіміз төрімізге құт болып қонған 27 жылдың ішінде мәдениет саласы да қарыштап дамуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бір тармағында өнер саласына баса назар аударып, ұлттың ұлттығын айшықтайтын мәдениетімізге үлкен үміт артатынын жеткізді. Олай болса рухты еркіндікке бастайтын рухани ордалардың орны халық үшін қашан да бөлек. Соларды бірі де бірегейі өнердің темірқазығы – Театр.

Жамбыл облыстық қазақ драма театры ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған рухани асыл қазынамызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында 80 жылдан асатам уақыт аянбай тер төгіп келеді. Бүгінде аталмыш театр қасиетті сахна кеңістігінде айшықты өнерімен із салып келе жатқан еліміздегі қадау-қадау біргей өнер ордаларының бірі. Киелі Әулиеата өңірінде 1936 жылы құрылған Жамбыл облыстық қазақ драма театры осы өңірдегі мәдениет пен өнердің қасиетті қарашаңырағы десек артық айтқандық емес.
Өнер ордасы 83-ші маусымын үстіміздегі жылы жазушы-драматург Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты драмасының премьерасымен ашқан болатын. Әр жылдары театр Польша, Мысыр, Араб Республикасы, Ресей, Өзбексан, Қырғызстан, Тәжікстан, Татарстан, Румыния секкілді бірқатар елдерде театр фестивальдарына қатысып, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық театр фестивальдарының лауреаты атанды. Солардың бірі де, бірегейі 2017 жылы Румыния елінде өткен Халықаралық театр фестиваліне «Қыз Жібек» саунд-драмасымен қатысып, әлемнің 23 елінен келген өнер ұжымдары арасынан топ жарды. «Ең үздік қойылым» және «Ең үздік театр» номинацияларын және Бас жүлдені жеңіп алған Жамбылдық театрдың шеберлігіне барша ел таңдай қаққан болатын.
Сондай-ақ, 2017 және 2019 жылдары Ақтөбе қаласында өткізілген экспериментальді қойылымдардың Халықаралық театр фестиваліне, бірінші жолы Қ.Қасымовтың «Қыз Жібек» саунд-драмасымен, ал, екінші жолы Б.Жандарбековтің «Томирис» экспериментальді драмасымен барып қатысып, лайықты номинациялар бойынша жүлделі оралды. Алда келе жатқан маусым айында театр ұжымы Татарстанның Қазан қаласында өтетін Халықаралық театр фестиваліне де «Қыз Жібек» саунд-драмасымен барып қатысуды жоспарлап отыр.
Өткен 83 жылдық тарихында театрдан 3 Қазақстанның Халық артисі, 23 Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 2 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1 ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 12 Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, 5 ҚР Мәдениет саласының үздігі, 10-нан аса Халықаралық және Республикалық театр фестивальдарының лауреаттары, бірнеше Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаттары, сонымен қатар, көптеген орден-медальдардың иегерлері шықты. Театрдың негізін қалаған алғашқы труппасында Шәріпбай Сәкиев, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Мұхаметқали Табанов, Молдаш Сәкиев, Тұраш Әбуов сынды және т.б дарынды өнер иелері қызмет етті.
Сонау 1936 жылдан 2000 жылдар аралығына дейін әр кездері театрдың шығармашылық-көркемдік жұмыстарына жетекшілік еткен бас режиссерлар мен көркемдік жетекшілер: Мақсұт Майтанов, Рәміш Әбдірахманов, Жәнібек Арғынбаев, Әбубәкір Ордабаев, Борис Аренович Лурье, Ғайни Хайруллина, Тұрар Дүйсебаев, Мен-Дон-Ук, Тілек Ерғалиев, Рашида Шарафутдинова, Асқар Тоқпанов, Жақып Омаров, Маман Байсеркенов, Аманжол Сәлімбаев, Ерғали Оразымбетов, Асқар Дүйсебаев, Оразхан Кенебаев, Қуандық Қасымов сынды азаматтардың еңбектері ерекше. Ал, одан беріде, соңғы жылдары театрда Камат Касенов, Әлия Баймаханова сынды режиссерлер көркемдік жетекші қызметін атқарып, театр репертуарының жақсара түсуіне еңбектерін сіңірді.
Жамбыл театрына әр кездері көптеген белгілі режиссерлардың айшықты қолтаңбалары қалған. Олардың қатарында белгілі қырғыз режиссері Бообек Ибраев, қазақтың беткеұстар өнер дарабоздары Әзірбайжан Мәмбетов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Есмұхан Обаев, Нұрқанат Жақыпбаев, талантты режиссерлар Әскер Құлданов, Шопан Кәрібаев, Тастан Өтебаев, Мұрат Бекхожин, Алтынбек Оңалбаев, Мұрат Ахманов, Болат Ұзақов, Рүстем Жаныаманов және басқа да көптеген режиссерларды атауға болады.
Театрдың тұңғыш директорлары Қасым Қырқымбаев, Тәжімет Әлмұхамедовтер болса, театр ұжымын одан беріде әр жылдары Сәдуақас Ирғалиев, Әбіл Төлебаев,Тұрар Дүйсебаев, Әлібек Әмзеұлы, Шопан Кәрібаев, Атахан Апсаматов, Талғат Сұлтанбеков, Сыпатай Өсербаев, Талғат Сұлтангереев, Құрманғазы Демешов, Қуандық Қасымов, Асқарбек Сейілхан, Ғани Садырбаев басқарды.
Театрдың 2014 жылдан бергі қазіргі директоры ақын, драматург-жазушы, әрі театртанушы, ҚР Мәдениет қайраткері Болат Бекжанов, көркемдік жетекшісі талантты актер әрі режиссер, Халықаралық және республикалық театр фестивальдарының лауреаты Мәлік Ақүрпеков. Ал бас суретшілері болып, әр жылдары Д.Роот, А.Белолипецкий, Мейрамғазы Рахыжанов, Владимир Воложанкин, Нартәжі Құдайбергеновтер қызмет істеді. Бүгінгі таңда бас суретші ҚР «Мәдениет саласының үздігі» белгісінің иегері, 2016 жылғы «Еңлікгүл» театр сыйлығының лауреаты Рахат Сапаралиева.
Жамбыл театрының репертуар-қоржынындағы шетелдік және ұлттық классикалық туындылар мен өзге де авторлардың түрлі жанрдағы шығармаларын қоспағанда, жергілікті авторлардың драматургиялық еңбектері де театрдың шығармашылық-көркемдік жұмыстарын жақсартуға көп септігін тигізіп келеді. Жергілікті жазушы, қаламгерлерден Арғынбай Бекбосынұлының, Әлдихан Қалдыбаевтың, Кәрім Баялиевтің, Бақтияр Әбілдаевтың, Елен Әлімжановтың, Мұрат Сыздықовтың, Көсемәлі Сәттібайұлының, Болат Бекжановтың шығармалары театр репертуарынан берік орын алған. Белгілі театр сыншылары Яхия Шынәсілов пен Достай Еселбаевтың және басқа да өнертанушылардың еңбектері театр өнерін дамыту мақсаты үшін жиі пайдаланылады.
Театр құрылған уақыттан бері, оның труппасында талай буын өнер иелері актерлік қызметтер атқарып, сахна өнері жұлдыздарына айналды. Бұл ретте, театр тарихында өшпес іздері мен өзіндік қолтаңбалары қалған сахна саңлақтарын қатарында Шәріпбай Сәкиев, Мұхаметқали Табанов, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Отарбай Тұрымқұлов, Тәжімет Әлмұхамедов, Нұргүл Майтанова, Гүлсара Тұрымқұлова, Молдаш Сәкиев, Тұраш Әбуов, Әмір Абланов, Қарабала Тайшықов, Маутай Жұмағұлов, Сарби Абаева, Ынтымақ Жарболов, Жомарт Абызбаев, Сара Абызбаева, Қали Қасымбеков, Шаймұрат Халықов, Галина Жұмағұлова, Фатима Нұрымова, Күләш Сәкиева, Сәдуақас Ирғалиев, Раушан Досжанова, Әбілқайыр Ибраев, Ибадулла Құлтаев, Бақтораз Саршаев, Гүлжамал Батырғалиева, Жамал Шәймерденова, Қасымхан Қайсабаев, Тұрсынтай Жәкенова, Тұрар Ізбасаров, Сабыр Ысқақов, Зекен Мейірманов, Алтын Ружева, Мақсұт Салықов, Жорабек Шүленбаев, Үмбетәлі Әлжанов, Шәмшәгүл Жаменкеева, Қарабай Сатқанбаев, Спандияр Мұқышев, Көпесбай Бейсенбаев және тағы басқалардың есімдері еш ұмытылмақ емес.
Жамбыл театрында әр кездері қызмет атқарған Сағынбек Рахышев, Райхан Махпирова, Оразғали Әбділманов, Ораз Насымханов, Төлентай Жүршиев, Мағзұм Бақытжанов, Әтіркүл Дүйсекенова, Гүлбаршын Өскенбаева, Асан Омарбеков, Сансызбай Серікбаев, Жасұзақ Әйтпенбетов сынды белгілі өнер иелерінің де театрдың шығармашылық жетістіктерінде өзіндік іздері бар.
Ал ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрсифат Салықова, Қазақстанның халық артисі Мәкен Рахымжанова, ҚР еңбек сіңірген артисі Майра Әлімбетова, ҚР еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлшат Қыпшақова, Әбиірбек Тінәлі, ҚР Мәдениет қайраткерлері Несіпкүл Омарбекова, Жүніс Әлімбеков, Халықаралық және Республикалық театр фестивальдарының лауреаттары Анар Сағымбекова, Мәлік Ақүрпеков, ҚР Мәдениет саласының үздігі Құрақ Оразбаев, Галина Қойшыбаева, ҚР Мәдениет қайраткері Алтай Сәтібеков, Айжан Атымтаева, Мәкен Райсханова, Ерсін Қалыбаева және тағы басқа өнер жұлдыздары кейінгі буын жастарға ақылман ұстаз болумен қатар, киелі сахнаның тұғыры спетті театр өнерінің бүгінгі белгілі тұлғалары.
Бұлармен қатар, бүгінде Жамбыл театрынан Мәмбет Қожалиев, Кенен Ақүрпеков, Жандар Қырықбаев, Әбу Шоңбаев, Анара Алтыбаева, Руслан Оразалиев, Перизат Рыспанбетова, Жадыра Құлтаева, Ризат Қылышбаева, Зарина Асан, Гауһар Сұлтанбекова, Нұрсұлтан Маханов, Елжан Жармұхамедов, Абзал Дәулетбақов, Әсем Қондыбаева, Индира Мұстафаева секілді кейінгі буын талантты артистер болашақтарынан зор үміт күттіріп, қанаттанып өсіп келеді. Бұлардың бәрі де Жамбыл облыстық қазақ драма театрының қалыптасу, даму, өркендеу тарихында өзіндік іздері бар белгілі сахнагерлер.
Театрдың бүгінгі ағымдағы репертуарында 30-дан аса қойылым болса, оның ішінде өз еліміздің, сондай-ақ, шет ел классиктерінің жұртшылыққа кеңінен танымал «Отелло», «Еңлік-Кебек», «Қыз Жібек», «Ақан сері-Ақтоқты» сияқты туындыларымен қатар, бүгінгі күн тақырыбындағы, тарихи тақырыптардағы шығармалар, әр түрлі комедиялар, балаларға арналған ертегілер мен шағын сюжетті спектакльдер жетерлік. Өткен екі жыл көлемінде театр репертуары Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» идеяларын насихаттау мақсатында, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық пен нашақорлыққа және діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес тақырыптарына арналып, бірнеше жаңа қойылымдармен толықты. Олар: 1) Б.Жандарбековтің «Сақтар» романының желісіндегі Сақ патшайымы Томириске қатысты оқиғалар негізінде дайындалған «Томирис» атты сахналық қиял жанрындағы экспериментальды жаңа қойылым.
2) Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің жастарға арналдған «Дипломмен ауылға!» бағдарламасын насихаттайтын «Беу, қыздар-ай!» атты комедиясының қойылымы.
3) Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың Кеңес үкіметінің соңғы жылдары саяси қуғын-сүргінге түсіп, басынан өткен қиын тағдыры баяндалатын драматург М.Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары» атты драмасының қойылымы.
4) Б.Айдарбековтің діни экстремизм мен терроризмге және нашақорлыққа қарсы күрес тақырыбына жазылған «Тағдыр тәлкегі» атты драмасының қойылымы.
5) Т.Нұрмағамбетовтің «Аса мәртебелі Сейф!» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбына жазылған комедиялық драмасының қойылымы.
6) Жазушы-драматург А.Бекбосынның белгілі тарихи тұлғалар Бәйдібек биге, Домалақ ене-Нүриләға және аты аңызға айналған Ақсақ Темірге қатысты тарихи және аңыз-оқиғалар ізімен жазылған «Домалақ ене» атты символикалық драмасының қойылымы.
7) Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арнап жазған Б.Есеналиевтің «Таң сыры» атты драма-элегиясының қойылымы.
Бүгінгі таңда театр тарапынан Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы тапсырмаларды іске асыруға бағытталған мәдени-көпшілік шаралар тұрақты өткізіліп келеді.
Театрдың алыс-жақын аудандарға гастрольдік және көшпелі қойылыммен шығып, ауыл халқына мәдени қызмет көрсетуі жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, 2019 жылдың 4-9 ақпан аралығында облыстық қазақ драма театры Меркі ауданына гастрольдік сапармен барып, аудан орталығында және осы ауданның Сұрат, Сыпатай батыр, Мың қазан, Екпінді, Андас батыр, Қостаған және басқа да бірнеше ауылдарында балаларға арналған ертегілер мен тәрбиелік мәні зор бірнеше қойылымдар көрсетті.
18-22 ақпан аралығында Жуалы ауданының ауылдық елді-мекендеріне гастрольдік сапармен барып, ауыл халқы мен мектеп оқушыларына Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» мелодрамасының және А.Атымтаеваның «Жаңғырған жаңа күн» ертегісінің көшпелі қойылымдарын көрсетті.
2019 жылдың 1-11 наурызы күндері Жамбыл облысының Байзақ ауданына театрдың көшпелі қойылымы ұйымдастырылып, А.Атымтаеваның «Жаңғырған Жаңа күн» атты ертегі қойылымы ауыл мектептері мен ауыл клубтарында сахналанды.
2019 жылдың 10 сәуірі күні Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Амангелді ауылына театрдың көшпелі қойылымы ұйымдастырылып, М.Абайділда мен С.Пірмановтің «Балшық бала» атты қиял-ғажайып оқиғаға құрылған ертегі қойылымы ауыл мектебі мен клубында сахналанды.
2019 жылдың 15-18 сәуірі аралығында Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 1 топ шығармашылық ұжымы Жамбыл облысы Сарысу ауданына гастрольдік сапармен барып, М.Абайділда мен С.Пірмановтің «Балшық бала» атты қиял-ғажайып оқиғаға құрылған ертегі қойылымын Жаңатас қаласында, сондай-ақ, ауыл мектептері мен клубтарында сахналады.
2019 жылдың 18-19 сәуірі күндері Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Айша бибі, Аса ауылдарына облыстық қазақ драма театрының көшпелі қойылымдары ұйымдастырылып, М.Абайділда мен С.Пірмановтің «Балшық бала» атты қиял-ғажайып оқиғаға құрылған ертегі қойылымы ауыл мектептері мен клубтарында сахналанды.
2019 жылдың 23-24 сәуірі күндері Жамбыл облысыЖамбыл ауданының Пригородный, Жалпақтөбе, Турксиб ауылдарына облыстық қазақ драма театрының көшпелі қойылымдары ұйымдастырылып, М.Абайділда мен С.Пірмановтің «Балшық бала» атты қиял-ғажайып оқиғаға құрылған ертегі қойылымы ауыл мектептері мен клубтарында сахналанды.
2 мамыр күні Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Бесағаш ауылына облыстық қазақ драма театрының көшпелі қойылымы ұйымдастырылып, М.Абайділда мен С.Пірмановтің «Балшық бала» атты қиял-ғажайып оқиғаға құрылған ертегі қойылымы ауыл мектебі мен клубында сахналанды.
«Актер мен режиссер театрдың жаны болса, оларға дүркін-дүркін «дем» салып, жандарына жаңа күш беріп отыратын айрықша шығармашылық орта ол – драматургтер мен театр сыншылары және өнертанушылар» екендгін айтады сахна шеберлері.
– Өмірдің өзіндей кіршіксіз, таза өнер ордасы болып саналатын театр өнерін, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіне дұрыс пайдалану қажет. Жас ұрпақ жеткіншектеріміз өте әсершіл, кез-келген икемге тез иілгіш келетіні аян. Осы себепті жас жеткіншектердің сабақтан тыс уақытта бір мезгіл өзінің жан-жақты дамуына да, болашағына да пайдалы саналатын көпшілік шараларға барып, қатысып, мәдениет, өнер, спорт әлемі сыйқырларынан өзіндік рухани азық алуларына қолдау көрсету – ата-аналардың да, педагог қауымының да басты парыздарының бірі деп білемін. Театр – балалар үшін рухани өсуге, әдемілік пен әдептілікке тәрбиелейтін бірден-бір эстетикалық өнер ордасы. Өресі биік өнер де, көрерменге көрікті ой салар өнер де осы театр, – дейді Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов.
Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов театрды «Ең сымбатты өнер» деп сипаттаса, Ғабит Мүсірепов «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп тамсанады. Иә, расында тынымсыз тіршіліктің тынысын тап басып, көрермен алдында бетпе-бет суреттейтін, өмірдің өңін өңдеусіз сахна үстінде сипаттайтын театр өнері қай халықта болмасын биік һәм өшпейтіні ақиқат.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *