«Данқ» залы – еліміздегі дара нысан

Онда 1,5 миллионнан аса фотосурет пен шежірелер жиынтығы топтастырылған

«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран». Иә, осынау аталы сөзге терең бойлай білген әулиеаталықтар Ұлы Жеңіс мерекесін биыл да ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Таң ағарып атысымен облыс басшылары бастаған тараздықтар қалада орналасқан өңірден шыққан батыр-тұлғалар А.Сухамбаев, Ы.Сүлейменов, З.Космодемьянская, Т.Тастандиев ескерткіштеріне құшақ-құшақ гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етті.

Бұдан соң «Қаһарман ұлт-Бессмертный полк» шеруі өтіп, оған қатысқан 2 мыңнан аса адам А.Сухамбаев ескерткішінен Д.Қонаев — І.Жансүгіров көшелері арқылы Жеңіс саябағына дейін жүріп келді. Жеңістің 74 жылдығына арналған шеруге көпшілікпен бірге облыс әкімі Асқар Мырзахметов та арнайы қатысты. Аталмыш саябақтағы «Мәңгілік алау» және Бауыржан Момышұлы ескерткіштеріне салтанатты тұрде гүл шоқтары қойылып, жиналғандар марқұм майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Ол «Ерлік» мемориалды кешеніндегі мерекелік шарасына жалғасып, әскери, патриондық сарындағы әндер әуелеп, билер биленді. «Солдат ботқасы» атты шарасы өтіп, 1000-ға жуық адамға ботқа таратылды.
Бұл күні аталмыш саябақ ортасынан ашылған «ДАНҚ» залы – тараздықтар мен қала қонақтары үшін тамаша тарту болды десек қателеспейміз. Тікелей облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың идеясымен бой көтерген ерекше нысанның құрылысы саябақтың өткен жылы басталған жаңғырту жұмыстарының жалғасы болып табылады. Осы ретте еске сала кетейік, өткен жылы талай жылдардан бері жөндеу көрмеген бұл Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы бастан-аяқ жаңғыртылып, жаңаша күйге енген болатын. Толығымен өзгеріске ұшыраған саябақ түрленіп, мазмұны артып, көркі еселені түскен еді. Онда «Ерлік» мемориалды кешені ашылып, Б.Момышұлы ескерткіші, «Мәңгілік алау» осында көшіріліп, Батырлар және Данқ аллеялары салынған. Сонымен қатар келбеті келіскен саябақта Жамбыл облысынан шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының есімдері жазылған арнайы тақтайшалар бой көтеріп, «Даңқ аллеясы» маңына сұрапыл жылдары майданға аттанған 105 мыңнан аса жамбылдық жауынгердің есімі қашалып жазылды. Ауған соғысы, Семей ядролық сынақтары және Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтарға арналған ескерткіштер де саябақтың өзіндік сәнімен қатар мазмұнын да байытып тұр дей аламыз. Мұның бәрі – барша соғыс ардагерлері мен мен тыл еңбеккерлеріне жасалып отырған құрметтің көрінісі екендігі сөзсіз.
Жаңадан ашылған «Данқ» залы саябақ аумағындағы былтыр құрылысы қолға алынған «Ерлік» мемориалды кешенінің түйіні десек те болады. Өйткені, бірнеше кезеңді қамтыған кешен құрылысы осымен толық аяқталып отыр.
Айта кетейік, мұндай ерекше нысан еліміз бойынша алғаш рет бой көтеріп отыр. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұрады. Құрылысың мердігер «Жасыл ел Тараз» ЖШС-гі жүргізген.
«Данқ» залының бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Онда барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фотосурет-шежірелер топтастырылған.
Залға енген адам зұлматты жылдардың қасіретін жүрекпен сезініп, түсінеді. Оған құнды фотосуреттермен қатар, зал ішінде Соғыс, Жеңіс, Ерлік тақырыбындағы әуендердің ойнатылып тұруы да айрықша әсер ететіні сөзсіз.
Залдың бірінші бөлігінде орналасқан 1941, 1942, 1943, 1944-45 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдына алып келеді. Атап айтсақ, 1941-жылға арналған қабырғада «Барбороса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқасының, генераль-майор И.Панфиловтың, «Отан ана», Б.Момышұлының, Н.Белашевтің және басқа да барлығы 100-ден астам фотосуреттер мен 200-ден аса құжаттар қойылған. Ал, залдың 1942-жылға негізделген қабырғасы «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өреңім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын алған. 1943-жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан. Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырғада Қызыл Әскердің Европаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген. Сондай-ақ, залда «Рейхстагқа ту тігу» барельефі, «Ана қасіреті» ескерткіштерінің шағын макеттері қойылған. «Ана қасіреті» бұрышында бейнеленген суреттерден соғыс зардабын тартқан жесір ана, жетім балалардың мұң-зарың ұғынасыз. Онда жәй ырғақпен ойнатылып тұратын А.Қоразбаевтың әйгілі «Қара кемпір» термесі де жүректі шымырлатпай қоймайды . Сондай-ақ, Зал ішінде Тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Астана қаласында өткен салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Тіпті, жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де залдан тиісінше орын алғаны да көңілге қона түседі. Сонымен қатар, залда үлкен лэд экран,електронды дерекқор орнатылған. Онда кез-келген адам «Erlik kz» сайты арқылы өзінің майдангер атасы туралы мәліметпен таныса алады. Дерекқорға барлығы облыс бойынша 106 мыңға жуық соғысқа қатысушылардың мәліметі енгізілген.
Нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Тұңғыш рет ашылып отырған орталықта Б.Момышұлының бала шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей және көркемсурет бұрышы құрылған. Онда негізінен майдангер-қаламгердің шығармашылық-тұлғалық болмысын айшықтауға басымдық берілгені аңғарылады. Орталық ішінде Баукеңнің шығармашылығына арналған кітапханалық бұрыш пен жиын өткізуге арналған арнайы конференция залы жасақталған. Сонымен қатар, деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен бір фотолоборотория қарастырылған.
«Данқ» залының лентасын қию рәсіміне даңқты Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор, Мекемтас Мырзахметұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тлеуқабыл Төребеков қатысты.
– Бұл жай ғана ғимарат емес. Бара-бара бұл нағыз білім, ғылым, тарих орталығына айналады деп ойлаймын. Атам марқұм айтатын: «Мен өлгеннен кейін де тірілердің ішінде жүремін..» деп. Мінеки, бүгін ата ортамызда деуге болады. Өйткені, атаның атына арналып осындай орталық ашылып, артында қалған мол мұралары бір жерге жинақталып отыр, Әр қалада шашырап жатқан мұралардың басын бір жерге қосқанда, өте қомақты дүние болайын деп тұр,- деді өз сөзінде Зейнеп Ахметова ағынан жарылып.
Ал тарихшы, қала тұрғыны Бекқұлы Әліұлы өзінің соғысқа қатысқан жамбылдықтар туралы деректер іздеп жүріп, бірқатар көрші елдерде де болғанын айта келе, нысанның ерекшелігін тілге тиек етті. «Ресейдің 13 облысын, Белорустың 6 облысын аралап жүріп дәл осындай Даңқ залы дегенді мен көрген жоқпын. Мұражайлар, панорама, диаграмма бар. Кең көлемде барлығы қамтылған. Айталық, жамбылдық 128 жауынгер Ұлы Отан соғысында Брест қамалын қорғаған болса, сол жауынгерлердің 68-нің суреттері залдағы бір стендке сәтті топтастырылған», — деді Б.Әліұлы. Сондай-ақ, ол «Данқ» залының аты затына сай екендігін, ондағы фотосуреттер мен құжатар шежіресі қиын күндерден сыр шертіп, барша майдангерлердің данқын асқақтатып, беделін биіктетіп тұрғандығын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *