Ауылдың ажары мен айбыны болғандар

немесе Д.Қонаевтың батасымен өңірлеріне «Алтын жұлдыз» тағылғандар туралы не білеміз?

Аға ұрпақ өкілдері кеңестік кезеңде «Ауыл азаматымен ажарлы», « Аулына қарап , азаматын таны» деген айдарлар газет-журнал беттерінен түспегенін жақсы біледі.Еселі еңбегімен облыс пен республикаға, сол кездегі Одаққа танылғандардың жақсы істері үлгі етілетін.Ұзақ жылдар аудандық, облыстық газетте қызмет істей жүріп, көбіне ауыл шаруашылығы тақырыбына қалам тартқан менің облыстың жетекші саласында жарқын із қалдырған Дариға Жантоқова, Наужан Дидарбекова, Алтынкүл Әлібаева, Әлімқұл Сейдалиев, Елена Свинковская, Нұрмаш Түйтебаева, тағы басқа да Социалистік Еңбек Ерлері бар еңбек майталмандары туралы жазғандарым жеке мұрағатымда сақтаулы.Сол жылдары облыстық газеттің тұрақты авторлары болған, өлкемізде қант қызылшасын өсру ісінің бастауында тұрған, Ресейдегі Ставрополь ауыл шаруашылығы институтының өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы түлегі, Ленин орденімен марапатталып, Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы атағын алған Жолтай Қадыров, өлке тарихының білгірі, өзі де тарих ғылымының кандидаты, кезінде аудандарды басқарған Әбдіқадір Жүргенов, егін шаруашылығының академигі деуге болатын агроном Озғанбай Тәукебаев сияқты ағаларымыздың жазып әкелген талай мақалаларын өз қолымнан өткеріп, газеттке дайындағаным, олардан сұқбаттар алу менің сала тарихына қанығуыма, тың тақырыптар тауып жазуыма көп көмегін тигізген еді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ел өміріндегі айшықты оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға арналған бірқатар кітаптар мен жинақтар шығаруға қатыса жүріп мұрағаттарды ақтардым, сала тарихына қатысты тың деректерді ұшыраттым. Міне, сол деректердің бірқатарымен «Ауыл-аймақ» газетінің оқырмандарымен бөлісуді жөн санап отырмын. Олардың арасында Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев айтқандай, «Өткенің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы» екенін ескеретіндер, алдыңғы толқын аға-апаларымыздың қажырлы еңбектерін мақтаныш ететіндер аз болмасына сенемін. Сонымен…

Тарихтан белгілі, 1964 жылдың 7 желтоқсанында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Пленумы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты бірінші хатшы етіп, екінші мәрте сайлады.
Келесі, 1965 жыл республика ауыл шаруашылығы үшін өрлеу жылы болды . Жыл аяғында жоғары өндірістік көрсеткіштерге жеткені үшін саланың 126 қызметкеріне Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Оның үшеуі Жамбыл облысынан еді. Олар – Меркі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әзімбек Исмаилов, осы аудандағы «Красный восток» ұжымшарының қызылша өсіретін звеносының жетекшісі Тамара Абдуллаева, Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданындағы «Трудовой пахарь» ұжымшарының төрағасы Александр Нахмановичтер болатын…
Мыңнан озғандарды ең жоғары марапатқа ұсыну үрдісі одан кейінгі жылдары да жалғасын тапты. Қазақстан Республикасының тарихына арналған қазақ, орыс тілдеріндегі оқулықтар мен кітаптардың авторы, тарих ғылымының докторы, профессор Көкіш Рыспай ағамыздың жазғанындай, мемлекет облыс ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің қажырлы еңбегін лайықты бағалады, осы саладағы 246 адам Социалистік Еңбек Ері ең жоғары атағына ие болып, 1380-нен астамы ордендермен және медальдармен марапатталды.
Бірде сыйлы ағамыз, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Нәрейім Сейдуалиев облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінде нұсқаушы болып істеген кезінде өндіріс озаттарын мемлекеттік марапатқа ұсыну мәселесімен де айналысып, сол кезгі Одақтың астанасы – Мәскеуде апталап жатқан күндері туралы қызықты естеліктерімен бөліскені бар.Айтуынша, ол заманда мемлекеттік марапаттау КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен жүргізілетіндіктен өте үлкен мән берілген. Орден, медальдерге, құрметті атақтарға ұсынылғандар тізімі облыстық партия комитетінің бюросында бекітіліп, ал, ең жоғары марапатқа—Еңбек Ері атағын алуға лайықты деп табылғандар Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бюро мүшелерімен, әрине , бірінші хатшымен келісіліп отырған.
Талай ардагердің естелігіне жазылғандай, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев республиканы басқарған жылдарда Социалистік Еңбек Ері атанғандар жоғары марапаттарын оның өз қолынан алу, жақсы лебізін есту бақытына ие болған. Айталық, 1966 жылдың басында Алматыда өткен қызылшашылардың республикалық кеңесінде Әзімбек Исмаиловқа Алтын жұлдызын тапсырып тұрып:
– Әзеке, Сізді, Сіз арқылы даңқты жамбылдық қызылшашыларды жоғары наградамен құттықтаймын, – деген екен .
Алқалы жиында, еліміздің барлық түкпірінен келген қызылшашылардың алдында кемеңгер басшының ілтипатына бөлену де үлкен бақыт қой!
Ал, Д.Қонаевтың Жамбыл облысының қызылшашыларын «даңқты» деп әспеттеп, сәлем жолдауының өз сыры бар еді. Өйткені, облыс қант қызылшасын өсіруде үлкен жетістіктерімен танылған болатын. Жетпісінші жылдары республикада өндірілген қант қызылшасының 60 пайызы Жамбыл облысының үлесіне тигенін сала ардагерлері жақсы біледі.
Балтамырды 1350 гектарға өсірген «Трудовой пахарь» колхозының төрағасы Александр Львович Нахманович те Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын Д.А. Қонаевтың қолынан алғандардың бірі.
Ол басқарған шаруашылықта Димекең бірнеше рет болған, атқарылған істерге риза болып, жылы пейіл білдіріп, өзгелерге үлгі еткен. Бір келісінде Нахмановичке «Мен ауыл шаруашылығының бес академигін білемін.Олар – Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев , Николай Головацкии, Нұрмолда Алдабергенов және, Сіз, Александр Нахманович» деген.
Кемеңгердің мұндай жоғары бағасына ие болған Нахманович 1964 жылы артта қалған шаруашылықты қабылдап алып, бас-аяғы бір жыл ішінде облыс пен республикадағы алдыңғы қатарлы, озық шаруашылыққа айналдыра білді. Қонаевтың заманында шаруашылықта 75 адам КСРО ордендері және медальдарымен, ал, төртеуі Ленин орденімен марапатталды. Соғыс ардагері, экономика ғылымдарының кандидаты А.Л.Нахманович үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Облысымыздың балтамыр өсірумен даңқы шығуына сүбелі үлес қосқандар – Меркі ауданының бригада жетекшісі Ырзабай Шаңбаев, Свердлов ( қазіргі Байзақ) ауданы «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозының звено жетекшісі Нұрмаш Түйтебаева,Қордай ауданының қызылша өсірушісі Василий Алексеевич Старокожаев, Шу ауданы Абай атындағы кеңшарының механизаторы Заманбек Досжановтар да қант қызылшасы баптап өсірудің майталмандары болды. Бұлар да Алтын жұлдызды осы дақылдан мол өнім өсіре білгендері үшін алды.
Кемеңгер басшы басқарған жылдары Қазақстан Одақтың астықты алқабына айналды, 1966 жылдың өзінде республика мемлекетке бір миллиард 37 мың тонна астық сатты. Бұған Жамбыл облысы қосқан үлес мол. Ең астықты шаруашылық Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) ауданының «Подгорный» кеңшарын 1960 жылдан басқарған директоры Николай Иванович Голик 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары республикада қой санын 50 миллионға жеткізу жөнінде ұран көтерілді. Дұрысы, мұндай тапсырма Одақтың сол тұстағы көсемі Л.И. Брежнев тарапынан берілген еді. Ең алдымен ел мүддесін ойлайтын Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бағдарламаның іске асуына күмәнмен қарағандарға « Жігіттер, саспаңдар, бұдан Қазақстанға пайда болмаса, зиян келмейді. Осының арқасында Орталықтан қаржы алып, жолдар салып, су тартып алайық» деген. Осылай болды да. Мал өсіретін аудандарға қаржы мол бөлініп, қаншама құрылыстар жүргізілді.
Ал, 50 миллиондық межеге қол жетуі асыл тұқымды шаруашылықтардың жұмысына тәуелді еді. Жоғары нәтижелерге жеткен Луговой ауданындағы Ленин атындағы кеңшардың директоры Рахым Сабденов, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың ізбасарлары Мойынқұм ауданы «Көктерек» кеңшарының аға шопаны Құдайберген Біртаев, Әбдірахман Дәуітов, Шоман Шәріпбаев, Меркі ауданынан Ошақбай Ыбырайымов. Талас ауданынан Қатпа Егембердиева, Ерғара Үдербаев,Шу ауданынан Мәртай Юсуповалар Алтын жұлдызды жоғары көрсеткіштері үшін өңірлеріне тақты.
Қазіргі Байзақ ауданындағы Жамбыл кеңшарында еңбек еткен Елена Иосифовна Свинковская туралы аудандық газетте істеген жылдары талай жазғаным бар. Сондықтан да өмір, еңбек жолын жақсы білемін. Ұлы Отан соғысы жылдары Беларуссиядан Қазақстанға отбасымен көшіп келген. Әкесі майданда қаза тапқан. 16 жасынан еңбекке араласты. Қазақ жерінен бақытын тапқан сауыншының ерен еңбегімен танылуы алпысыншы жылдары. Араға жыл салмай екі рет Ленин орденімен марапатталған бірінші әрі бірден-бір сауыншы осы Е. Свинковская болатын. 1973 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.1976 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Жамбыл кеңшарына келгенінде Д.Қонаевтың Елена Иосифовнамен әңгімелескені шаруашылық пен аудан тарихында қалған оқиға.
Ал, жетпісінші жылдары осы Байзақ ауданынан шыққан екінші Еңбек Ері Нұрмаш Түйтебаевның қызылша алқабы тұп-тура үйінің іргесінен басталатын.Еңбегімен елге танылған қызылшашы КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды, Мәскеу төрінде Одақ басшыларымен бірге маңызды мәселелерді талқылауға қатысты. Қонаев Түйтебаева еңбек еткен шаруашылықта да болғаны, жұмысымен танысқан.
Жалпы, жоғарыда аталған Еңбек Ерлерінің қай-қайсының болмасын өмір, еңбек жолдары жеке кітапқа жүк боларлық.
Өз заманында еселі еңбектерімен танылып, ауылдың ажары мен айбыны бола білгендер бүгінде арамызда жоқ.Бірақ, олардың ел үшін атқарған істері , есімдері облыс тарихында қалды.
Қорыта айтқанда , өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдары облыс ауыл шаруашылығы саласынан алтын жұлдыздар көп шықты. Бұл әрине , сол тұста ел тізгінін ұстаған, адамды танып , әділ бағалай білетін қасиет иесі Қонаевтай кемеңгер басшының «Ел қадірлесе – еңбегін сауған ерлерді құрметтесін» деген ұстанымын іске асырып отырғанының арқасы еді.

Тұрсынхан Толқынбайұлы,
журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *