Қант зауыты қарызын қайтарады

Стратегиялық маңызы бар тауар шығаратын өндіріс орны былтыр қаржы тапшылығына ұшырап, 100-ден астам шаруақожалықтың ақшасын бере алмай қарызға белшеден батқан еді. Қазір кәсіпорын берешегін шетінен өтей бастады.

Алайда міндеттің дер кезінде орындалмауы дәл көктемгі науқан кезінде диқаншыларды тығырыққа тіреді. Тіпті кейбір шаруалар балтамыр алқабының көлемін қысқартуға мәжбүр болған.
Қант зауыты шаруаларға 671 миллион теңге қарыз. Кәсіпорын былтыр 270 шаруақожалықтан жалпы көлемі 135 мың тонна қант қызылшасын қабылдаған. Оның ақшасын 90 күн ішінде қайтаруы тиіс еді. Келісімшарт міндеттерін бұзған зауыттың басшысы мұны былай түсіндірді.
– Қант алған фирмалар бізге біраз қарыз болып қалды. Олар да бізге ақшасын бере алмай жатыр. Сол үшін біз де ауылшаруашылыққа қарыз болып қалдық. 65 шаруашылыққа қарызбыз, – дейді Меркі қант зауытының директоры Нұржан Қарғабаев.
Қант зауытының шаруалар алдында қарыздануы жалпы өңірде егілуі тиіс қант қызылшасы алқабының көлеміне кері әсерін тигізіп отыр. Мәселен, Иса Фейзуловтың шаруа қожалығы қант қызылшасын егеміз деп 100 гектар жер әзірлеген. Алайда өндіріс орны төлемді дер кезінде жасамағандықтан, арнайы тыңайтқыштар себіліп дайындалған жердің жартысына арпа мен бидай егіп тастаған. Дегенмен шаруалар қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып балтамыр егу жұмыстарын бастап кетті.
Биыл аймақта 9 мың гектарға жуық жерге қант қызылшасы егіледі деп жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге дейін оның екі мың гектардан астамы себіліп қойған. Егер қант зауыты міндетін дұрыс орындағанда, көрсеткіш бұдан да артар ма еді?!
Қант зауыты облыс әкімдігінің араласуымен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан 500 миллион теңге алып, шаруалардың қарызының бір бөлігін өтеп бермек. Ал корпорацияның ақшасын кейін қант түрінде қайтарады. Қалған бөлігін өз күштерімен төлейді.
– Егер қант зауыты уақтылы төлемеген жағдайда, үстемақысын төлейтін болады. Бұл бұрын келісімшарттарда қаралмаған болатын. Енді төленетін уақыт мерзімдері 120 күн болып белгіленді. Қарыздың жартысын 90 күнде төлейді. Қалған 50 пайызын аталған 120 күнде төлейді, – дейді аталған жайтқа қатысты облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев.
Қант қызылшасын еккендерге тағы бір жаңалық, биыл зауыт балтамырдың келісін 10 теңгеден қабылдайды. Былтыр баға 8 теңгеден болған. Бұл шаруаларға айтарлықтай демеу болмақ. Сонымен қатар шалғайдағы аудандарға өнімді зауытқа 150-200 шақырым жерден тасымалдау тиімсіз еді. Күрделі мәселені шешу үшін Шу ауданынан қант қызылшасын қабылдау бекеті салынбақ.

Сайын ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *