Шаруа, «Сыбаға»-дан құр қалма!

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018-2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеп, отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруды қарастырғаны белгілі. Осы орайда ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін арттыру үшін «Сыбаға» бағдарламасы жаңартылып, «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары тоқтатылды. Бұрын бұл бағдарлама аясында мүйізді ірі қара малын ғана алуға болатын болса, қазір қой малын да сатып алуға жол ашылды.

Бағдарлама ауылда мал өсіріп, оның өсімін арттырамын дегендерге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағдарлама шаруашылықтардағы, жеке мал иелеріндегі жергілікті малдың тұқымын ет бағытында асылдандыру арқылы ірі қара малының ет өнімділігін арттырып, өнімнің өзіндік құнын арзандатуға, мал басын өсіріп, мал шаруашылығы саласында қосымша жұмыс орындарын ашуды көздейді.
Аталған бағдарлама бойынша берілетін несиенің үстеме пайызы төмендетіліп, тиісінше қайтару мерзімі де ұзартылған. – Облыс орталығынан алыс, шөл және шөлейт өңірде орналасқан, жайылымдық жері кең біздің аудан үшін етті бағыттағы мал өсіру өте тиімді. Сондықтан да бізде ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малын өсіретін шаруашылықтардың саны артуда. Асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырларын бұрындары «Тәжібай Алашбайұлы» шаруа қожалығы ғана өсіретін болса, қазіргі кезде С. Шәкіров ауылдық округінде «Ахай», Үшарал ауылдық округінде «Әден», «Байымбет-Баба», «Ақбас», Бостандық ауылдық округінде «Көккөл» шаруа қожалықтары асыл тұқымды ірі қара малын өсіруде. Ауданда 81 шаруа қожалығы ет бағытындағы ақбас, ангус, әулиекөл тұқымдарының асыл тұқымды бұқаларын сатып алып, жеті мыңнан астам мүйізді ірі қара малына селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізуде. Оларға міне, осы етті бағытқа түрлендіру жұмыстары үшін Үкімет тарапынан тиесілі субсидиялар беріліп отыр, – дейді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай.
Өткен жылы аудан бойынша шет мемлекеттерге 52,0 тонна сиыр еті экспортқа шығарылған. Сондай-ақ Меркі ет комбинаты мен Тараз қаласындағы «Оңтүстік халал ет тағамдары» ЖШС арқылы 264 тонна қозы еті экспортталыпты.
Бағдарлама аясында өткен жылы аудандағы екі шаруа қожалығы Ресейден 37 миллион теңге көлеміндегі несиелік қаражатқа 67 (Аққұм ауылдық округіндегі «Байбәкір» шаруа қожалығы – 40, Қызыләуіт ауылдық округіндегі «Ақтөбе» шаруа қожалығы – 27) бас ет бағытындағы қазақтың ақбас тұқымды сиырын сатып алса, биыл тағы екі шаруашылық – «Ы+нтымақ» және «Кәусар» шаруа қожалықтары барлығы 112 бас етті-сүтті симменталь тұқымды құнажындар әкелінуіне қол жеткізіпті. Тағы бірнеше шаруашылық шет мемлекеттен ірі қара малын сатып алу үшін жұмыс жасауда. Шет елден әкелінген асыл тұқымды малдың әр басына мемлекет тарапынан 225 мың теңгеден субсидия төленіп отыр.
Аталған бағдарлама аясында шаруалар қой малын да сатып алуда. Өткен жылы ауданда 7 шаруашылық 85,7 миллион теңгеге 3075 қой сатып әкелген.
Жалпы «Сыбаға» бағдарламасы көздеген мақсатқа жетудің, мал шаруашылығын дамытудың тиімді жолы екендігін халық жақсы түсініп отыр. Ең бастысы, ауданда еңбек ету еркіндігі де, мүмкіндігі де бар, тек мұның бәрі шаруашылығымды дамытып, ерінбей еңбек етемін деген ниет, құлшынысқа байланысты екені даусыз.

Еркін САЙЫН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *