Мал баққа емес, бапқа өседі

Қазір қай өңірге барсаңыз да ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының саны артып, өркенді істердің молая түскенін байқайсыз. Себебі ауыл жұртшылығы мал өсіріп, егін егудің тәуір табыс көзі екенін ұғына бастады. Жұмыстың жандануына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың да көп көмегі тиіп жатыр. Бүгінгі таңда облысымызда мол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп отырғандар аз емес. Сол қатарда Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылының «Ынтымақ» және «Кәусәр» шаруа қожалықтары бірнеше жылдан бері атакәсіпті өркендетіп, өрісті малға толтырып, ауылдастарына үлгі болуда.

Өрісі төлді, малы қоңды қожа­лық­тардың құрылғанына аз уақыт болса да ауқымды істер атқарылуда. Қос агроқұрылымның тірлігін үйлестіріп жүрген Берік Қасымовтың айтуынша, мал басын көбейтіп қана қоймай, асылдандыруға айрықша басымдық берілген. Сол мақсатта «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, өрісін асыл тұқымды сиырларға толтырған.
– ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мал шаруа­шы­лы­ғын өркендетуге баса мән беру қажеттігін үнемі айтып, саланы аяқтан тұрғызудың басым міндеттерін айқындап келеді. Шаруалардың жұмысын ширату мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде елді мекендерде атакәсіппен айналысып, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қатары жыл санап артып келеді. Көппен бірге ауыл шаруашылығы саласының бойына қан жүгірткен шарапаты мол бағдарламаның жемі­сін көрмек мақсатта өткен жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз.
Жалпы, «Ынтымақ» шаруа қожалығын 2015 жылы, ал «Кәусәр» қожалығын 2018 жылы құрдық. Екі шаруа қожалығына да жетекшілік етіп, бағыт-бағдар беріп отыратын әкеміз – Тоқтасын Қасымов. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 80 миллион теңге несие алып, Германия мемлекетінен «Симментал» тұқымды 112 Зеңгібаба төлін алып келдік. Аталмыш бағдар­ла­ма арқылы несиені 14 пайызбен 10 жылға алдық. Әрине, оңай болған жоқ. Ұйқысыз түндерді, күлкісіз күндерді бастан кешуге тура келді. Ең алдымен ғаламтор желісі арқылы асыл тұқымды сиырларды іздестіріп, жан-жақты зерттеп, зерделедік. Өйткені шет мемлекеттен алып келген кейбір асыл тұқымды сиырлар жерсінбеуі мүмкін. Сөйтіп, жем-шөп талғамайтын, жерсінуі оңай «Симментал» тұқымды сиырларға таңдауымыз түсіп, Германия мемле­ке­тімен келісімшарт жасастық. Ұзаққа созылса да бастаған жұмысымыз оң нәтижесін беріп, арнайы жүк көліктерімен сиырларды облысымызға әкелдік.
Үлкен тәуекел етіп, кәсіп бастап отыр­ған­дық­тан алға қойған үлкен жоспарларымыз бар. Бола­шақ­тағы мақсатымыз – асыл тұқым­ды сиырларды көбейтіп, ет және сүт кластерін дамыту. Сүт бағы­тын­дағы ферма, 1 000-нан астам малды бордақылайтын алаң соғу да ойымызда бар. Егер осы ойла­ға­нымыздың барлығы жүзеге асып жатса, көптеген ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыс­пен қамти алар едік. Әрине, мұның барлығы алдағы күн­дердің еншісінде,–деді Берік Тоқтасынұлы.
Мал шаруашылығы арқылы ырзығын айыр­ған шаруалар үшін ең алдымен жер мәселесі өзекті. Егер де шаруашылықта жайылым, суармалы, шабындық жер болмаса бастаған ісіңнің ілгері басуы неғайбыл. Талайдың бас ауруына айналған аталған мәселе «Ынтымақ», «Кәусәр» қожалықтарында толықтай шешімін тапқан. Екі шаруа қожалығында барлығы 1 400 гектар жайылымдық, 4,7 гектар шабындық және 27 гектар суармалы жер бар. Малға қажет шөп сол алқаптардан дайындалады. Алдағы уақытта да жайылымдық жер көлемін арттыруды жоспарлап отырғанын айтқан Берік Тоқтасынұлы асыл тұқымды сиырларды алғанға дейінгі туындаған кейбір қиындық­тар­ды тілге тиек етіп, әсіресе құжат мәселесі шаруалардың қолын байлай­тынын қынжыла жеткізді.
– Бағдарлама арқылы сиыр алмақ оймен іске кіріскеннен бастап құжат мәселесінде көптеген кедергілерге тап болдық. Мәселен, сиырларды Германиядан алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне бес мәрте өтінім жаздық. Құжат рәсімдеу ұзаққа созылып кетті. Нұр-Сұлтан қаласында құжаттар бірнеше ай жатып қалды. Мамандар түрлі сылтау айтады. Ақырында амалымыз таусылып, облыс әкімі Асқар Исабекұлына хат жаздық. Облыс әкімі және облыс әкім­дігі ауыл шаруашылығы басқар­ма­сы­ның басшысы Берік Нығмашев араласқанда ғана қозғалыс бай­қал­ды. Нұр-Сұлтан қаласында отыр­ған жауапты мамандардың сал­ғырт­тығының, жауапсыздығының сал­дарынан құжаттарды кешік­тір­геніміз үшін Германияға 7,5 миллион теңге қосымша қаражат төлеуге тура келді. Егер құжаттар уақытында дайын болғанда босқа кеткен ақшаға басқа бір жыртығымызды бүтіндеп алуға да болар еді. Егер құжат рәсімдеуде ешқандай қиындық болмаса, елдегі мал шаруашылығымен айналы­су­шы­лардың қатары тіпті еселеп артар еді. Өкінішке қарай, таусылып бітпейтін құжаттан мезі болып, тауы шағылған шаруалар көп жағдайда қолын бір сілтеп кете барады.
Одан бөлек қазір «Kolday.kz» деген портал шықты. Мәселен, біз аталған сайт арқылы өтінім береміз. Біздің өтініміміз мақұлданған күннен бастап мемлекет алған несиенің он пайызын төлей бастайды. Ал егер өтінімің мақұлданбаса, 14 пайызды шаруаның өзі толық төлеуге тура келеді. Бізге де 3-4 ай бойы 14 пайыз­ды (500 мыңнан аса теңге) өзіміз төлеуге тура келді.
Шыны керек, құжат мәселесі шаруалардың жұмысын қиындатып жіберген. Нәпақасын төрт түліктен айырған шаруа мал баға ма, әлде құжатпен айналысып, қағазға көміліп отыра ма?! Сондықтан әлі де жүйелейтін жұмыс көп. Егер жұмыс істеймін деген адамға ең бастысы еш кедергі туындатпай, құжаттарын созбақтамай, уақытында дайындап отырса үлкен көмек болар еді,– деп жанайқайын жеткізді шаруа.
Осылайша билікке базынасын айтқан шаруа көптің қолын байлап, қадамын тұсаған көкейкесті мәселенің тезірек шешілгенін қалайды. Сонда ғана шағын және орта кәсіпкерлік қанатын кеңге жаятынына кәміл сенімді.

Талғат БЕРІКБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *