«Азаматтықтардың» еңбегіне ел риза

Өмір шырайын ашқан әрбір жақсы істі, өңір жетістігін, алда атқарылар қабырғалы жобаларды, халықты азықпен қамтамасыз етіп отырған шаруашылықтарды естіп, сайын даладағы еңбек адамдарының қимыл-қарекетін көрудің өзі бір ғанибет.

Даладағы қимыл-қарекет демекші, көктем шыға кетпен-шотын, айыр-тырмасын, орақ-балтасын арқалап далаға беттейтін сол еңбек адамдарының әрбір күні қарбаласқа толы. Оларды нағыз дала батырлары дерсіз.
Кезекті жұмыс сапарымыз Тараз қаласы төңірегіндегі ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысудан басталған. Алдымен Бектөбе ауылы маңындағы «Азамат» шаруа қожалығының (төрағасы Бекжолдас Сатыбалдиев) жылыжайына бас сұққанбыз. Жылыжай ішіне кіргеннен-ақ, еңбек адамдарының тиянақты тірлігі көзге көрінген. Жылыжайдың орта тұсында тау-тау болып үйілген қияр – берекенің белгісіндей.
Біз төңірегімізге таңдана қарап тұрғанымызда қасымызға таянған жылыжай меңгерушісі Нұржан Көпбергенов бұл іспен айналысып жатқандарына 4-5 жылдың жүзі болғанын, жылына екі рет (көктем, күз айларында) өнім жиналып алынатынын, көлемі 1 гектарды құрайтын жылыжайдан алынатын өнімнің жылдық қуаты 400 тонна екендігін, қазір мұнда 16 адам жұмыс істейтінін, олардың айлық табыстары 70-80 мың теңгені құрайтынын, шаруашылықтың негізгі бағыты жылыжайда қорғалған топырақта көкөніс дақылдарын өсіру екендігін сөз етті. Ол сондай-ақ, жылыжайдың құрылысына о баста 157289,0 мың теңге жұмсалғанын, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту шарты бойынша жылыжайға электр желісі мен газ құбырын тарту үшін жалпы құны 23 млн 321 мың теңге жұмсалып, құрылыс жұмысын «Пырақ-Құрылыс» ЖШС және «ГазБірлікСервис» ЖШС құрылысшылары жүргізгенін де жасырып қалмай, сол құрылысшыларға сапалы жұмысы үшін шынайы алғысын жеткізді. Жылыжай меңгерушісінен тағы бір білгеніміз, мұнда жыл сайын қиярдың өнімділігі жоғары «Шарж» тұқымын өсіреді екен.
«Жер – байлықтың көзі, еңбекқор – иесінің өзі» дегеніміз осы шығар. Бұл аталы сөз азаматтықтарға қарата айтылғандай.

Дүйсенбек ОРМАНОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *