Жемқорлықпен күрес күшейген

2018 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Жамбыл облысының әкімдігі арасында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының Жарғысына қол қойылған болатын. Бүгінгі таңда жобаның жарғысына сәйкес, Жобалық кеңсе үш блок бойынша жұмыс атқаруда. Оның бірі, өңірлік маңызды салалардағы тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы орта құру болса, екіншісі, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, үшіншісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Аталған блоктар бойынша жұмыс жасау мақсатында мемлекеттік органдардың қызметтері зерделеніп, қоғам пікірі негізінде жоспар әзірленіп, бекітілді. Жоспар бойынша атқарылған жұмыстарға ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Тюлебаев тақырып-тақырыбымен тайға таңба басқандай етіп баяндама жасаған еді.

Департамент басшысы алдымен «Адалдық дүкенінен» бастады. Мұнда Мемлекеттік орган қызметкерлері және білім беру ұйымдарының оқушылары арасында адалдық пен әділдік қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігі, полиция департаменті, 2 жоғарғы оқу орнында, 7 колледж және 160 мектепте, барлығы 174 «Адалдық дүкені» ашылғандығы туралы айтылды. Бұдан кейінгі «Артық алаңдарды тиімді пайдалану» тақырбы бойынша Равиль Қуанышбайұлы:
– Жобалық кеңсемен облыстағы мектеп басшыларының кабинеттерін ғимараттың бірінші қабатына және ауданы үлкен емес бөлмелерге алмастыру бойынша 440 мектепке зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 35-50 шаршы метр аралықтағы алаңдарда отырған 74 мектеп директорларының кабиенттері 11-20 шаршы метрлік алаңдарға ауыстырылып, 866 шаршы метр алаң босатылған.
Сонымен қатар 353 жергілікті атқарушы органдар басшыларының кабинеттеріне жүргізілген мониторингпен 239 шаршы метр демалыс бөлмелері анықталып 17 мемлекеттік орган басшыларының демалыс бөлмелерінің мақсаттары өзгертіліп, мұрағат, қойма тағы басқа да өзге кабинеттерге ауыстырылды. Түгендеу жұмыстары негізінде енгізілген ұсыныс бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі ғимараттарда орналасқан 5 мемлекеттік орган, Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары, дене шынықтыру және спорт, ауыл шаруашылығы, өндіріс және кәсіпкерлік бөлімдері, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаменті коммуналдық меншіктегі ғимаратқа орналастырылып, 16 миллион теңгеден аса мемлекеттің қаржысы үнемделді.
Білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді төмендету мақсатында Тараз қаласы әкімдігіне қарасты білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңестерінің құрамына мониторинг жасалып, нәтижесінде кеңестердің құрамы қайта бекітілді. Олардың құрамына заңгерлер, партияның өкілдері, этномәдени орталықтың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, бизнес және әйелдердер қауымдастығының өкілдері, ата-аналар енгізілді. Олармен арнайы мониторингтік топ мүшелерімен бірлесіп бірнеше түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды, – деді.
Ал «Конкурсқа бақылаушы» тақырыбында кеңсе қызметкерлері білім беру ұйымдарындағы бос лауазымды орындарына, оның ішінде директорларды қабылдау конкурстарына қатысып келетіндігі баяндалды. Есептік кезеңде 8 бос орынға конкурстар ұйымдастырылып, оған 12 үміткер қатысып 8 адам жұмысқа қабылданған.
Сонымен қатар, мектептердегі бос жұмыс орындарын жариялау және педагогтарды жұмысқа қабылдау үшін «Электрондық еңбек биржасы» порталымен ықпалдастырылған jumys.sitcen.kz жүйесі енгізілген. Нәтижесінде жыл басынан бері 825 вакансия жарияланып, 802 қызметкер қабылданған. Бүгінгі таңда 23 бос жұмыс орны жарияланып тұр. Аталған жүйе «Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшылары лауазымдарына орналасу конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау» мемлекеттік қызмет түрін электрондық түрде алуға мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қабылдау

Білім беру ұйымдарының професорлық-оқытушы құрамы және студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы нөлдік төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында облыстағы 3 жоғарғы оқу орыны және 25 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар қабылдап, аталған мекемелерде «Саналы ұрпақ» фронт офистерін ашты. Бүгінде адалдық алаңы кеңсесі тарапынан әзірленген жоспарға сәйкес, «Саналы ұрпақ» фронт офистері өз жұмыстарын бастады. Жоспарда брейн-ринг, дебаттар, семинарлар, конференциялар мен форумдар өткізу қарастырылған.

«Сенім жәшігі» акциясы

Сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтарға бейім оқытушыларды анықтау мақсатында «Сенім жәшігі» акциясы облыстағы оқу орындарында бастама алды. Бүгінгі күнге дейін аталмыш акция облысымыздағы 3 жоғарғы оқу орны және 19 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде өткен. Акция аясында 3759 студенттен сауалнама алынып, оның ішінде 125 студент білім беру ұйымында жемқорлық фактілерінің бар екендігін атап көрсеткен. Нақты айтқанда ұстаздардың сыйлықты 2000-7000 теңге аралығында ақшалай және торт, гүл ретінде алатындығы белгілі болып отыр. Нәтижесінде Департамент басшылығының қатысуымен оқу орындарында мұғалімдер кеңесі өткізіліп, аты аталған мұғалімдерге ескертулер берілген.

Білім саласындағы қызметтерді рәсімдеуді автоматтандыру

Қазіргі таңда «Балабақшаға кезекке қою және жолдама беру» және «Мектепке 1-сыныпқа балаларды қабылдау» атты мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі автоматтандырылған. (eduschool.kz) (edugarden.kz);
Ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін «Электрондық үкімет» порталымен АҚ үйлестірілгеннен соң қосымша 5 қызмет автоматтандырылып іске қосылады. Олар шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және кейін үйлеріне тегін тасымалдауды ұсыну; Жалпы білім беретін мектептердегі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұсыну; Мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуы үшін құжаттар қабылдау және жолдама беру; Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арасында балалардың ауысуы немесе ауыстыру үшін құжаттарды қабылдау; Балаларды жалпы білім беретін оқу орындарының арасында ауыстыру үшін құжаттар қабылдау.
Айта кетейік, жыл соңына дейін 21 мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді eduschool.kz, edugarden.kz, zhambyltipo.kz порталдары арқылы автоматтандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 75 миллион теңге қаражат бөлінген.

Денсаулық сақтау. Заңсыз анықтамалар сату

Денсаулық сақтау ұйымдарымен «Наркологиялық» және «Психоневрологиялық» анықтамаларды беру қызметтеріне мониторинг жасалып, 2018 жыл соңынан бастап тегін берілетін анықтамаларды 181 азаматқа 183 400 теңгеге сатқандығы мәлім болды. Демек, бірқатар денсаулық сақтау ұйымдары бұл іс-әрекеттері арқылы азаматтардың білместігін пайдалана отырып заңсыз қаржыларды иемденуге жол берген. Департамент басшысы бұл ретте аталған азаматтарға төленген қаражаттарды қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.
2019 жылғы 8 ақпандағы денсаулық сақтау мекемелерімен өткізілген мәжілісінің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында, облыс аумағындағы емханаларда «Damu Med» кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне 086-У нысанындағы анықтамаларына (20.02.2019 жылдан) және еңбекке жарамсыз парақтарына QR-code енгізу (14.03.2019 жылдан) арқылы түпнұсқалығын тексеру функциясы іске қосылған болатын.
Сонымен қатар, 10 мамырға дейінгі мерзімде «Damu Med» кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне облыстағы ірі дәріханаларды тіркеу көзделуде. Оның мақсаты, емдеу мекемелерімен ұсынылатын тегін рецепттері қағаз түрінде емес, «Damu Med» мобильдік қосымшасына науқастың ЖСН нөмірін тіркеу арқылы алуға болатындай жағдай жасау болып табылады. Мұндағы мамандар осылайша көрсетілген анқтамаларды және рецепттерді қолдан жасау фактілерін мүлде жоятындығын айтады.
Құқық қорғау. Жүргізуші куәлігін беру мәселелері

Жамбыл облысы Полиция департаментінің құрылымдық бөлімдері Тараз қаласы, Қордай, Шу, Меркі аудандары алғашқы рет жүргізуші куәліктерін беру қызметіне талдау жұмыстары жүргізіліп, теориялық және практикалық емтихандардан өту барысындағы бірқатар кемшіліктер анықталған еді.
Атап айтқанда, Қордай, Шу, Меркі аудандық полиция бөлімдерінің теңгерімдерінде автодромдар мен емтиханды тапсыруға арналған көліктер тіркелмеген. Олар бөлімдер практикалық емтихандарды тапсыруды ұйымдастыру үшін келісім-шарт арқылы тегін аудандардағы автомектептердің автодромдары мен арнайы көліктерін жалға алған. Ұсынылған көліктерде арнайы бақылаушы жабдықтар орнатылмаған. Сондай-ақ, автодромдардың жол белгілері қалыпты жағдайда еместігі, автодромның аумағында тазылықтың жоқтығы секілді бірқатар белгіленген нормаларға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Және аудандық бөлімдерде теориялық тесттен өту кезінде бейне бақылау мен қоғамдық бақылау тәртіптері реттелмегендігі белгілі болды.
Одан басқа, талдау барысында ұсынылған ақпараттарға сәйкес, емтиханнан өту үшін қаңтар-ақпан айларында Халыққа қызмет көрсету бойынша Тараз қаласындағы мамандандырылған бөліміне 174 адам жүгініп, оның тек отыз бірі (17,8%) емтиханнан өткені белгілі болды.
Аталған мемлекеттік қызметті алу кезінде «Жасырын тұтынушы» әдісімен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Меркі аудандық полиция бөлімінің ғимаратында заңсыз көмекшілердің бар екендігі анықталды. Қызмет алу құны
45 000 теңге.
Осыған байланысты, Департаменттің ұсынысы негізінде ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің келісімімен аудандардағы бөлімдер арқылы жүргізуші куәліктерін беру тоқтатылып, қызмет ағымдағы жылдың 11 сәуірінен бастап тек Тараз қаласындағы Халыққа қызмет көрсету бойынша мамандандырылған бөлімі арқылы берілуде.
Бүгінігі таңда Тараз қалалық әкімшілік полиция басқармасының құрылымдық бөлімшесімен өткізілетін жүргізуші куәлігін алу емтихандарына бақылаушы ретінде Арнайы мониторингтік топ мүшелері қатарынан кезекшілік ұйымдастырып, күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Атқарылған жұмыстар қорытындысымен жүргізуші куәлігіне емтиханнан өткен азаматтар үлесі 57 пайыздан 26 пайызға төмендетілген. 2018 жылдың 4 тоқсанында 1983 азамат өтініш білдіріп, оның 1126 өтсе, 2019 жылдың 1 тоқсанында 712 азамат өтініш білдіріп, оның тек 184 ған өткен.
Осылайша, Жамбыл облысы Полиция департаментінің құрылымдық бөлімдерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша қысқартылған.

Техникалық байқау пункттеріндегі заң бұзушылықтар

Кеңсе қызметкерлері мен қоғам өкілдерінің пікірлері негізінде, Тараз қаласындағы техникалық байқау пункттерінің қызметіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, жасырын тұтыну арқылы кеңсе қызметкерлері жол көлік оқиғасына ұшыраған жарамсыз автокөліктің техникалық байқаудан өту мәселесін қарастырып, оны 3500-4000 теңгеге істеп беретіндігін белгілі болған. Орын алған мәселер бойынша өткізілген Кеңес қорытындысымен техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыратын операторлардың лицензияларын алу туралы жоғарғы органға ұсыныс жолданса, бейне жазба материалдары тиісті шешім қабылдау үшін көліктік бақылау инспекциясына берілді.

Заңсыз жол белгілерін жою

Жобалық кеңсе өкілдері полиция қызметкерлерімен бірлесіп қала көшелері бойында орналасқан жол белгілеріне талдау жүргізген. Талдау нәтижесінде жол қозғалысына қатысушылардың құқықтарының немесе жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына әкеліп соғатын Тараз қаласында орналасқан «тоқтауға тыйым салынады», «кіруге тыйым салынады» сынды 17 жол белгілері анықталып, оларды жою бойынша Тараз қаласы әкімдігіне тиісті нұсқама жолданған.
Сонымен қатар, қалада мемлекеттік қызметшілердің және басқа да тұлғалардың жол жүру ережелерін сақтауы бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырлуда. Іс-шара нәтижесінде 7 тұлға жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылса, қызметтік автокөлікті қызметтен тыс уақытта пайдалану бойынша 11 фактілері анықталып, 11 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Және азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар орталықтар ашу бойынша жұмыстар басатама алды.

«iKomek» бағдарламасын іске қосу

«iKomek» мониторинг және жедел әрекет ету орталығын ашу және халықпен кері байланыс жүйесін орнату үшін облыстық бюджеттен 60 миллион теңге қаражат қарастырылған. Аталмыш бағдарлама орталық қалада орын алатын барлық проблемалық мәселелерді шешу үшін азаматтардың өтініштер дер кезінде қабылдауға ықпал етеді дейді мамандар.

«Көші-қон» орталығын ашу

Ағымдағы жылдың 26 сәуірінде Тараз қаласы, Маяковская 42 А мекенжайында орналасқан 605 шаршы метр ғимаратта Халыққа қызмет көрсетудің көші-қон орталығы ашылды. Орталықта 14 қызметкер жұмыс атқарады.

«Сервисті әкімдік» орталығын ашу

Тараз қаласында ең алдымен жер мәселесі бойынша «Сервисті әкімдік» орталығын ашу жұмыстары бастама алды. Себебі, Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімімен 2018 жылы 5 591 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, одан бөлек мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілмеген, алайда шешімін табуды қажет ететін 3 288 өтініш тіркелген. Дәл осылай жер қатынастары бөлімімен 2 674 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, одан бөлек 6 334 өтініш келіп түскен. Өз алдына, бұл өтініштер мемлекеттік көрсетілетін қызметтер санатына жатпағандықтан Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес, екі айға дейінгі мерзімде қаралады.
Осыған орай, тұрғындардың уақыттарын үнемдеу, сергелдеңге салдырмау, сапалы кеңестер беру және «бір терезе» қағидасы бойынша қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы мен жер қатынастары бөлімдерін Қойгелді көшесі №190 мекен жайында орналасқан ғимаратында орталық ашу жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде Орталық, жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Тараз қалалық бөлімінен 50 метр, №2 ХҚКО-нан 250 метр жерде орналасады деп жоспарлануда.
Ал Шу қаласы әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында «Сервисті әкімдік» орталығы ашылды. Аталған орталықта Шу ауданы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй инспекциясы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің және коммуналық қызметтер көрсететін мекемелердің мамандары қызмет атқаруда.
Сонымен қатар, аудан орталығындағы ХҚКО-ғы орналасқан ғимаратта «Сервисті әкімдік» орталығы аясында жер қатынастары, азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының Жер кадастры және жылжымайтын мүлік және ХҚКО-ғы «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсетеді. Тағы бір айта кеттерлік жайт, азаматтарға қолайлы жағдай жасау және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында облыстағы білім беру, денсаулық сақтау мекемелері және мемлекеттік органдардың қызметтері үнемі зерделенуде. Оның ішінде әлеуметтік желілерде шешімін талап ететін хабарламалар да бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мақсатында 10 аудан және Тараз қаласының бизнес өкілдері, қоғам белсенділері, жастармен, діни бірлестіктердің өкілдерімен, мемлекеттік орган басшылығымен 80-нен аса кездесулер ұйымдастырылған.
Имамдар бұл тұста пара алған адаммен қоса оны ұсынушыны да шариғатымыздың құптамайтынын айтады. Заңды белшесінен басқандармен күрес күннен-күнге күшейіп келеді десек те, айыптылардың тосқауылдарға тосылар түрі жоқ. Сыбайлас жемқорлықпен билік қанша күрескенімен алаяқтардың араны әлі де тыйылар емес. «Бара бергенше, пара бер» деген қыртпа ұранды жанына желеу етіп, жедел түрде тірлігін тындырғысы келетіндерді ойласақ өзімізден де обал жоқ-ау деп қаламыз, кейде! Төбетке май шелпектен бір ұсынсаң бармағыңнан бірдемені әрқашан дәметіп жүретіні секілді таяқтың да екі ұшы болып тұр. Қорыта айтқанда, билік қанша басбұзар, алаяқтармен күрескенімен әр адам Ата-Заңымыз арқау болған құқығының бұзылмауын қадағаламаса алаяқтардың да саны азаймайтыны сөзсіз. Ешкімге есесін тектен-тек жібермейтін, ешкімге ар-намыс пен адал нанын жегізбейтін, тәуелсіз құқығының құнын кез-келген азамат білсе екен дегіміз келеді.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *