Жайылымдық жердің жетіспеуіне не себеп?

Бүгінде Жамбыл облысының жалпы жер қоры 14 426,4 мың гектарды құраса, оның 65 пайызы, яғни, 9 миллион 406 мың гектары жайылымдық жерлер. Ал, осы жайылымдық жерлерді пайдалануда тиісті талаптар қаншалықты сақталып отыр? Бірқатар аймақтарда мал басына шаққанда жайылымдық жерлердің тапшылығының туындауына не себеп? Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында осы және өзге де сауалдарға жауаптар беріліп, кездесіп отырған мәселелер талқыланды.

Жиында облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов баяндама жасады. Ол жалпы жайылымдық жерлерге жүргізілген талдау қорытындысына тоқталып, «Жайылымдар туралы» Заңының талаптары мен нормаларының орындалмай отырғандығын тілге тиек етті. Басқарма басшысының айтуынша, бекітілген жайылымдар жүктемесі нормаларының сақталмауынан елді мекендер маңындағы жайылымдардың тозу үрдісі мен мал басына шаққандағы жетіспеушілігі туындап отыр.
Айта кету керек, ҚР «Жайылымдар туралы» Заңының 15 бабы бойынша ауылдық елді мекендердің аумағындағы мемлекет меншігіндегі жайылымдар жергілікті халықтың ауыл шаруашылығы жануарларының аналық (сауын) мал басын ұстау бойынша беріледі. Шартты мал басына қажетті жайылым алаңының жүктемесі ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі бұйрығына сәйкес 8-10 гектар қарастырылған десек, өңірдегі елді мекендегі тұрғындардың аналық мал басына шаққандағы бұл көрсеткіші 4 гектардан айналып отыр. Оған тұрғындардың малдарын жылдың төрт мезгілінде де ауылда ұстап отырғандығы себеп екен.
Басқарма басшысы мал басы мен иелігіндегі жайылымдық жерлерінің аумағы сәйкеспейтін шаруа қожалықтардың да бар екенін ашып айтты. Атап айтсақ, жүргізілген зерделеу нәтижесінде 17 ірі шаруашылықта тиесілі мал басын жайылымдықтарына рұқсат етілген нормамен есептегенде 207 мың 542 гектар артық жайылым алқабы пайдаланып отырғандығы анықталған. Бұл бағытта әлі де зерделеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі сезіледі.
Асқар Исабекұлы нормаға сәйкес өңірдегі барлық елді мекендердің қайта есептеу мен саралаудан өткізу керектігін баса айтты. Ауылдық округтердің паспортын әзірлеу барысында да бұл мәселеге жіті мән беруді тапсырды. Облыс басшысы нормативтерді облыс деңгейінде қайта қарауды, ол бойынша аудандардың ерекшеліктерін ескерудің маңыздылығын жеткізді. Сондай-ақ, орман қорындағы жерлерді тиімді пайдалана отырып, жайылымдардың жетіспеушілігін барынша табиғи жайылымдар есебінен шешу керектігін алдыға тартты. Бұл тапсырмалар облыс әкімінің өкімімен бекітілген аудан, ауыл әкімдерінің жұмыс алгоритмі негізінде жүзеге асатын болады. Барлық есептеулер мен саралау жұмыстары аяқталғанша, жайылымдық жерлерді бекітуге уақытша шектеу қойылды. Жиын қорытындысымен жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеліп, тапсырмалар берілді.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *