Картоп егуге сақадай сай

Шөбі шүйгін, жері шұрайлы Жуалы өңірінің климат жағдайы егіс дақылдарын егуге өте қолайлы. Мұнда әсіресе картоп шаруашылығы жақсы дамыған. Ал талай жылдан бері тынымсыз тер төгіп келе жатқан «Зылиха» шаруа қожалығы картоп шаруашылығынан көл-көсір пайда тауып отырған агроқұрылымдардың алды болып тұр.

Жалпы облыс аумағы үлкен болғандықтан, оның климаттық белдеулері де әртүрлі келеді. Кейбір аудандар егін егу науқанын бітуге таяса, кейбір өңірлерде енді қызып жатыр. Ал картоп егуді Қордай, Меркі, Жамбыл, Байзақ аудандарының шаруалары наурыз айының соңында-ақ бастап кетсе, биылдыққа 2 500 гектар алқапты кортоппен көмкергелі отырған Жуалы ауданының фермерлері бұл іске енді-енді кіріскелі жатыр. Өйткені Жуалының кейбір аумағы таулы келгендіктен мұнда жер әлі қыза қойған жоқ. Дегенмен ауа райының кейбір күндердегі қолайсыздығы қанша кедергі болса да, жуалылық диқандар дәнді дақылдарды егіп жатыр.
Картоп шаруашылығын дамытып, талай адамды жұмыспен қамтып отырған «Зылиха» шаруа қожалығы биыл алқап көлемін арттыруды көздеуде. Түсім көбейіп жатса, қайда сақтаймыз деп еш алаңдамайды. Өйткені шаруа қожалығының әрқайсысы 650 тонналық 2 қоймасы бар. Картоптың сұрпы жақсы болғандықтан, әрі голландиялық қоймада жақсы сақталғандықтан зылихалықтар тұрақты тұтынушыларын көрші Түркістан облысынан да тапқан.
– Картоп тұқымын былтыр Қарағандыдан әкеліп, бір жыл жерсіндіріп көрдік. Нәтижесі жаман емес. 1-сұрыпты былтырғы қарағандылық репродукцияны биыл да тұқымдыққа алып отырмыз. Біздің климатқа, жерге қолайлы болғаннан кейін биыл да осы қарағандылық картоп түрін егуді жөн көрдік. Қазір техника мен мамандарымыз, тұқым дайын тұр. Тек күн райына қарап отырмыз. Жақын күндері егуді бастамақшымыз,– дейді «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев.
Науқан басында мұнда жиырмаға жуық адам еңбек етсе, жұмыс қызған нағыз жиын-терін кезінде жұмылатын жұмысшы саны 150-ден асып-жығылады. Ал олар айлықтан бөлек, картопқа да қарық болады екен.
– Көктем шыға салысымен біз картопты сұрыптауды бастаймыз. Өйткені оның бәрі бірдей тұқымдыққа жарай бермейді. Ішіндегі жеуге жарамды ірілерін бөлек шығарып аламыз. Жұмысымызға көңіліміз толады. Айлығымыз да уақытылы беріліп отыр. Оның үстіне біз картопты базардан сатып алмаймыз. Осы жерден беріледі, – дейді шаруа қожалық жұмысшысы Назым Оралбаева.
Жуырда шаруа қожалығының дайындық жұмыстарын көріп қайтуға аудан әкімі Нарбай Ергебеков те ат ізін салды. Жұмысшылардың талап-тілегіне құлақ асқан ол мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдетілген бағадағы жанармай, минералды тыңайтқыштар төңірегінде әңгіме қозғап, шаруашылық жұмысына сәттілік тіледі.
– Облыс әкімінің қаулысымен бекітілген барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс жүргізу алгоритміне сәйкес бүгінде елді мекендерге шығып, халықпен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесіп жатырмыз. Осы іс аясында аудандағы бірегей агроқұрылымдардың бірі «Зылиха» шаруа қожалығына ат басын бұрып, жұмысымен танысып жатырмын. Бұл шаруашылық 150 гектарға жуық алқапқа картоп дақылын егіп, табыс тауып, біраз адамды жұмыспен де қамтып отыр. Қожалықтың сақтау қоймаларын, техникаларын көріп шықтық, науқанға дайындығы жақсы екен, – дейді аудан әкімі Нарбай Ергебеков.
Жылда жұмысын жандандырып, картоп алқабы аумағын арттырып келе жатқан шаруа қожалық биыл тағы бір қойманың құрылысын бастамақшы. Бұл жаңалыққа жергілікті тұрғындар да қуанып отыр.

Еркін САЙЫН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *