Жерге еткен жақсылық жерде қалмайды

«Алғыспенен ер көгерер, жаңбырменен жер көгерер» дегеніміз осы шығар. Бүгінде кетпен, күрегін арқалап жерге еңкейген азаматтар алғысқа бөленіп жүрсе, екі күннің бірінде жаңбыр жауып, Жер-ана көк көрпесін жамылған. Жамбыл ауданында да осы көрініс.

Расында, жерде ылғал көп. Диқандардың да көңіл күйі көтеріңкі. Міне, көктемнің екінші айы да аяқталып келеді. «Осы аралықта ауданымызда нендей тірліктер тиянақталды?» деген сауалды аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маман-агрономы Амангелді Әбдібековке қойғанбыз. Ол: «Көктемнің әр күні – жылға азық» деп есептейтін диқандардың қарап отырғандары жоқ. Әрқайсысы көрпесіне қарай көсіліп, дақылдарын орналастыруда. Аудан бойынша 22 сәуірдегі мәліметті мысалға келтіре кетсем, ылғал жабу жұмысы 100 пайызға, себу алдындағы өңдеу 91,7 пайызға, көктемгі жер жырту 100 пайызға, жаздық масақты дәнді дақылдарды егу жұмысы 100 пайызға орындалды. Сондай-ақ картоп егу 70,6 пайызға, көкөніс 72,2 пайызға, бақша дақылдары 57,4 пайызға орындалды.
Дала төсінде қарбалас мұнымен аяқталмаса керек. Қазір дәндік жүгеріні, біржылдық шөпті, майлы дақылдарды, көпжылдық шөптерді, қант қызылшасын егу жұмыстары жалғасын табуда», – деді.
Диқандар жерге еткен жақсылық жерде қалмайтынын жақсы түсінеді.

Дүйсенбек Орманов

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *