Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы өзгерістер

Елімізде зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік механизмі 2009 жылдан бастап белсенді түрде қолданыла бастады. Өйткені бұл кезеңде қаржы дағдарысының салдарынан зейнетақы активтерінің табыстылығы күрт төмендеп кеткен болатын. Қаржы нарығындағы ахуалдарға қарай зейнетақы жинақтарын инвестициялаудан түсетін табыс бірде жоғары, бірде төмен болуы мүмкін. Осыған байланысты шоттағы жинақтардың сомасы мен осы шотқа нақты енгізілген жарналардың арасында айырмашылық пайда болады. Сондықтан салымшы зейнеткерлік жасқа толғанда оның зейнетақы жинақтарының жалпы табыстылығы есептеледі. Бұл ретте әрине, салымшының жинақтаушы жүйеде болған бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейі ескеріледі. Демек қаржы нарығы мен инвестициялық табысқа қатысты қандай жағдай орын алмасын, салымшылардың жинақтары сенімді қорғалған. Мемлекеттік кепілдік төлемі салымшыларға олар зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған кезде беріледі.
Зейнетақы жинақтарын қалыптастыру кезеңі бірнеше ондаған жылдарға созылатыны белгілі. Бір жағы содан да болар, кейбір салымшылар: «Зейнет жасына дейін әлі талай жыл бар, оған дейін өмір де экономика да өзгереді, жинаған ақшамыздың жайы қалай болады?» деп уайымдайды. Бірақ уайымдауға еш негіз жоқ. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет зейнеткердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның атына Қорға аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары мен мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi. Бұл норма Заңға 2003 жылы енгізілген. Осылайша мемлекет жеке зейнетақы шотындағы жинақтарды сақтау кепілдігін өз мойнына алды.
2019 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,49 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 115,8 млн теңгеге өсті. Олардың ішінде міндетті зейнетақы жарналары бойынша жинақтар сомасы 9,29 трлн теңгені құрады (жалпы соманың 97,8%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жинақтар сомасы 204,9 млрд теңге (бүкіл жинақтың 2,2%) және ерікті зейнетақы жарналары бойынша жинақтар сомасы 1,9 млрд теңге болды (0,02%). Шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 10,4 млн бірліктен асты. Жыл басынан бері қор салымшыларының шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 12,1 млрд теңгеге жеткен. Зейнетақы жинақтарының табыстылығы соңғы 12 ай ішінде (2018 жылдың наурызы мен 2019 жылдың ақпаны) 11 пайызды құрап, бұл кезеңдегі инфляция деңгейі 4,8 пайызды көрсеткен. Осылайша зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляциядан жоғары болып отыр.
Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алуға кімдер құқылы. Олар – зейнет жасына толған азаматтар, I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар, Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және осы өтемақыны алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері. Бұл ретте мұрагерлер арнайы өтініш және жеке басты кәландыратын құжатпен қатар мұра қалдырушының қайтыс болғаны туралы куәлік пен мұрагерлік құқығы туралы куәлікті тапсырады.
Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін есептеу және төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» дирекциясы жүзеге асырады.
Қорға міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден агент: «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған жеке тұлғалар. Одан кейін әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар үшін босатылады.
Қордағы зейнетақы жинақтары ай сайын ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз етуге жеткілікті болған жағдайда өздері үшін МКЗЖ кемінде күнтізбелік 60 ай бойы (5 жыл) төленген әрі 50 жасқа толған азаматтар өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы алып тұру үшін зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы. Бұл жарналардың 2014 жылы енгізілгенін ескерсек, зиянды өндірістерде жұмыс істейтін әрі 50 жасқа толған азаматтар биылдан, яғни 2019 жылдан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу арқылы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу құқығына ие болды. Жыл басынан бері осы санаттағы азаматтар 150-ден астам зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан.
Сақтандыру ұйымына аударуға жеткілікті соманы зейнетақы калькуляторы арқылы есептеуге мүмкіндік бар. Ол Қор сайтындағы «Электрондық қызмет көрсету» — «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде қол жетімді (https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcInsurance/calc.php).
Айта кетелік, біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары алушыларға тек заңнамада көрсетілген жағдайлар туындаған кезде ғана беріледі. Заң талаптарына сәйкес Қордан төленетін зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 59 жасқа толғанда) және бірінші немесе екінші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандарға төленеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың да мiндеттi және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.
Анықтама: 2020 жылдан бастап елімізде шартты-жинақтаушы құрамдауыш енгізіледі, яғни жұмыс жағдайына қарамастан барлық жұмыс берушілер жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен Қорға айлық табыстың 5 пайызын қосымша аударатын болады.

Дархан Алпысов
БЖЗҚ АҚ Жамбыл облыстық филиалының Операциялық бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *