Жемқорлыққа жол жоқ

Қордай ауданы әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия кеңесінің отырысы өтіп, оған аудан әкімі Болатбек Байтөле төрағалық етті. Жиынға комиссия мүшелері мен бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және мекеме басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі басты сұрақ – ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының аясында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша 2019 жылдың I тоқсанында атқарылған жұмыстар барысы болды. Алғысөз Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясының директоры С.Сарғасқаеваға берілді. Мектеп директоры білім беру мекемесіндегі жемқорлықты болдырмау жөніндегі атқарған жұмыстарды тізіп берді. Бұл қатарда ол мектеп ішінде ілінген стендтер мен жаднамалар және өткізілген түрлі жиындарды баяндап, мектепте жемқорлық түсінігі жат құбылыс екенін айтты. Десе де, комиссия мүшелері тарапынан көп сұрақ қойылды. Мектептегі тамақтандыру барысы мен оның сапасын сұраған комиссия мүшелері гимназияда буфеттегі сатылымды да сөз етті. С.Сарғасқаева бүгінде мектепте 23 оқушы тегін тамақтандырылатынын айтып, тамақ сапасы үнемі қадағаланып тұратынын жеткізді. Ал, буфетте стандартқа сай емес тауарлар сатылғанын жасырмай, бұл олқылықтың алдын алғанын айтты. Мектептегі кадр мәселесінің өзектілігі жайында сөз болып, директор білікті мұғалімдерді жұмысқа тарту үшін тырысудамыз деді. Комиссия мүшелері оқушылар арасында ақша жинау фактілері және сабаққа келмейтін оқушылар бар-жоғын сұрастырды. С.Сарғасқаева сабаққа келмейтін оқушы жоғын айтып, ақша жинау түсінігі мүлдем жоқ деп сендірді. Алайда, оқушылар арасында өткізілетін ақылы конкурстардың барын айтып, кей ата-аналар соны түсінбейтінін жеткізді. Б.Байтөле мемлекет білім саласына қыруар қаржы бөлініп жатқанын еске салып, мектепке неліктен әр түрлі материалдық дүниелерді сыйға беріп жатқанын сұрады. Директор «Мектепке тағзым» атты акция аясында мектептен түлеп ұшқан азаматтар әрдайым түрлі заттарды сыйға беретінін, ол заң талаптарына сай қабылданатынын жеткізді. Осы ретте, аудан әкімі ондай жомарт жандарға материалдық дүние емес, оқушылардың қажеттілігіне жарамды заттарды сыйға беру, болмаса аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсету жөнінде ұсыныс беру керектігін айтты. Сонымен қатар, ювеналдық полиция қызметкерлерінің жұмысы жайында сөз болып, полицейлер өз қызметін тиісті деңгейде атқарып жатқаны айтылды. Жиында Сортөбе ауылдық округі ауруханасының бас дәрігері Т.Апаеваның баяндамасы тыңдалды. Дәрігер мекемедегі жемқорлықтың алдын-алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды алға тартты. Комиссия мүшелері өз кезегінде Сортобе ауылдық округінде адам санының көптігін айтып, есірткі және алкогольді заттарды пайдалану жөніндегі медициналық куәландыру жасайтын маман керектігін жеткізді. Бұл сұраққа аудандық орталық аурухананың бас дәрігері З.Қадырбекова маман тапшылығын тілге тиек етіп, ондай мүмкіндік жоқтығын айтты. ХҚКО басшысы М.Сарманов аурухана ішінде халыққа қызмет көрсету бөлімшесін ашу жайында ұсыныс айтты. Себебі, тұрғындар қажетті құжаттар үшін аурухана мен ХҚКО арасында жүріп әлек болады екен. Комиссия мүшелері ұсыныстың өте орынды екенін айтса, бұл бастама бас дәрігер тарапынан зерделеніп, қарастырылатын болды. Әрине, басты мәселе бос орынның жетіспеушілігі болып отыр.

Сайын ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *