Үміт

Қалиханның бұл маңды торуылдап жүргеніне біраз болды. Күн бұлтты, аспан түнеріңкі, дала тұнжыраңқы. Ауада ызғар бар. Мұңды жүзін желпіп, көңілін сергітіп, салқын самал еседі.
Маңайдағы тал-теректерден сарыала жапырақтар үзіліп түсіп жатыр. Қара жер де сарғайып, жанына нәр құятын жауын-шашынды аңсап-сусап жатқан сияқты. Әрнені бір ойлап, жаны жай таппай отырған Қалихан бойы тоңази бастаған соң орнынан жаймен көтеріліп, әрлі-берлі жүре бастады. Кенет, баққа қарай беттеген әйелді көріп, көз айырмай қадала қалды. Көңілі алдамапты, жақындай бергенде осыдан тұп-тура қырық жыл бұрын аңдаусызда айырылып қалған жан жарын жазбай таныды.

– Сәуле!.. – Оқыс тіл қатты.
Қаннен қаперсіз бүкшең қағып келе жатқан әйел шошына селк ете түсті. Бойын тіктеп, «Сен кімсің?» дегендей, бажырая қарады.
– Сәуле, мен ғой! Мен…
– Қалихан… – Таңырқай қараған әйелдің дауысы жарықшақтанып шықты. – Құдай-ау, қайдан жүрсің?
– Сарыала қаздай сарыла іздеп әрең таптым ғой!
– Алматыға көшіп келді деп естіп едім…
– Иә, бұл күнге де жеттім-ау!.. – Қалиханның көңілі бұзылып, жанарына жас іркілді. Әйелдің көзіне көзін тура қадады, ішіп-жеп барады. Ол именшіктеп көзін тайдырып әкетті.
Ымырт үйіріліп, төңіректі қараңғылық тұмшалап келеді. Қалихан қал­та­сынан темекі алып тұтатты. Рақаттана сорып, түтінін будақтата сыртқа шығарды.
– Қашан келдің? – Әйелдің еті енді үйрене бастағандай, еркінси сөйледі.
– Ертең тұп-тура алты ай болады.
– Алты ай?
– Иә, алты ай!.. – «Осы уақытқа дейін хабарласпай қайда жүрсің?» деп өкпе артып тұрма деген оймен, – Келе салып хабарласқым келген. Бірақ… отбасың бар екенін білем ғой! Тартынғаным да сол. Ақыры шыдай алмадым… Осы маңды торуылдап жүргеніме үш-төрт күн болды. Кеше бір ақсақалды қолтықтап бара жатыр едің… – деді Қалихан сабырмен сөз сабақтап.
– Шалым ғой… – Жүзін мұң торлады, – Жақсылықты білесің ғой! Есіңде ме, Шәуешекте екі-үш жыл бірге оқып едік. Алматыға қоныс аударып еді ғой, кеше жүрегі соғуын тоқтатыпты. Көңіл айтып шықтық.
– Естідім!.. Жақсы азамат еді, иманды болсын!
– Иә, жалған дүние!.. Жалған… Бүгін бармыз, ертең… бір Құдай біледі!.. Бәрі өткінші… Жақсылықты айтсаңшы… кеше ғана арамызда жүр еді… ал бүгін… жоқ…
– Сәл ертерек кетті демесең, Жақсылықта арман жоқ қой! Арман жоқ… Сүйгенімен бірге тұрды, қол ұстасып бірге жүрді!.. Бірге жасасты… Балалары да бауырында болды. Тарымда жүрген жылдары болмаса, отбасынан бір елі ажыраған жоқ. Біз ғой мына тақа сорлаған! Екеуміз екі жақта қырық жыл бөлек тұрдық. Қырық жыл… Тұтас бір ғұмыр ғой!..
– Иә, қырық жыл. Зымырап өте шығыпты ғой!.. Уақыт білінбей өте береді екен ғой!..
– Жоқ, мен қырық жыл білінбей өте шықты деп айта алмаймын! Қырық жыл жан азабын тарттым! Бақандай қырық жыл! Қырық жыл армандадым! Қырық жыл күттім!
– Нені?
– Сені бір көруді… Туғандарын көріп, қызықтарын қызықтай алмаған балаларымның маңдайларынан бір иіскеуді… қырық жыл аңсадым!..
Кеудесін кере ауыр күрсінді. Темекі тұтатып жатып, әйелге көз қиығын қадады. Самайын ақ қырау шалып, сұлу жүзін әжім торлаған. Бірақ қараған сайын бірте-бірте жасарып, көз алдына қыз күніндегі көрікті келбеті елестей берді…
– Сен әлі сол қыз күніңдейсің!..
– Қойшы!.. – Әйел езу тартты, – Шайтан емеспіз ғой! Қайран, жастық өтті де кетті…
– Иә, қайран, жастық, албырт шағым, ғұмыр бойғы өкініш сыйлады. Қырық жылғы өмірім сағынышпен, аңсаумен өтті!.. Қырық жылғы уақытым ойлаумен, ойланумен өтті!.. Иә, ол кезде біз жас едік! Екеуміздің алғаш танысқанымыз есіңде ме?
– Есімде, бәрі есімде!.. Оны қалай ұмытайын?!. Ол біздің қайта оралмас бақытты шағымыз ғой!..
– Көктем еді ғой құлпырған!.. Жасыл жайлау… Өзеннің жағасы, су сылдырап ағып жатқан… Алғаш көргенім… Сен сондай сұлу едің! Қылықты едің! Бір көргеннен ғашық болып едім-ау!..
– Мен де сені бір көргеннен ұнатып ем. Жан-тәніммен сүйіп едім. Амал қанша, тірідей айырыламыз деп ойлаппын ба?!. Ағайын-туыс, әке-шешемнің алқауында екі баламен Шәуешектен бері өттік… – Ауыр күрсінді. – Сен Үрімжіде қала бердің!.. – Үнінен өкпе-реніштің лебі еседі.
– Иә… оқуымды бітіріп, ­дипломымды алып, арттарыңнан іле-шала жетемін ғой деп ойлап едім! Шекараның бір-ақ күнде тарс жабылып қалатынын қайдан білейін!
– Оны кім біліпті?!. Білсек, асығыс-үсігіс кетпес пе едік. – Күрсініп, – Айналып келгенде тағдыр ғой!
– Бұлай боларын білсем, өлсем қалам ба?! Айтсам, сенбейтін де шығарсың!.. Атажұртқа өтуге талай талпыныс жасадым!.. Еш сәті түспеді. Оқуға да келмекші болдым. Бірақ арғы ойымды сезіп қойды ма, білмеймін, әйтеуір, жібермеді. Қытайдың шыбын да өте алмайтын шекарасынан қашып та өтпекші болдым, бірақ қапыда қолға түсіп, абақтының дәмін татудай-ақ таттым. Әйтеуір, жолым болмады!
– Мен де сені көп күттім. Содан… – Әйел арғы жағын айта алмай аз-маз кідірістеп қалды да, сөзінің соңын екіұштылау етіп, – қос құлыным үшін амалсыздан… – деді күмілжіп.
– Білем! Бәрін де білем! Арманым мен Сағынышымның… – Қалиханның көзіне жас іркіліп, иегі кемсеңдеді, – қал-жағдайлары қалай?
– Жаман емес, ел қатарлы тіршілік етіп жатыр!.. Қазіргі жолдасымнан бір ұлым бар!..
– Білем, білем!..
– Өзің неге қайыра шаңырақ көтермедің?
– Еш… еш қажеті болмады. Өзің де естіп жатқан шығарсың, талай жылым қытай абақтысында өтті… Жазықсыздан жазықсыз жазалану да жанға қатты батады екен. Оның бәрін айта беріп қайтейін!.. Біле білсең, мен тек сендер деп өмір сүрдім. Сендерді ғана ойладым… Ал сен менің әрқашан жанымда болдың. Қайғырсам, бірге қайғырдың, жыласам, бірге жыладың, мұңдансам, бірге мұңдандың. Сен соны білесің бе?..
– Қуансаң да бірге қуандым ғой!..
– Жоқ!..
– Неге? – Әйелдің түсі бұзылып кетті.
– Мен қуанған емеспін! Қуана алмадым. Шын қуанған кезім болған жоқ!
– Неге?
– Сүйіп қосылған сүйікті жарыңнан, бір тамшы қаныңнан жаралған сүйкімді балаларыңнан тірідей айырылсаң, қуаныштың не екенін ұмытып қалады екенсің!.. Сен оны білмеген… сезбеген… сезінбеген шығарсың!.. Өйткені менің орнымды жоқтатпаған… жоғымды білдірмеген Арманым мен Сағынышым болды ғой қасыңда.
– Алданышым да, жұбанышым да солар болғаны рас.
– Ал мені алдандыратын да, жұбататын да ешкім болған жоқ!.. Өзімді-өзім ғана алдандырып, жұбатып келемін!.. Сені бір көретініме, әйтеуір бір кездестіретініме сенгем. Сені бір көрудің өзі зор бақыт екенін білсең ғой!.. Мен саған әлі ғашықпын!.. – Дауысы дірілдеп, – Сезімім еш суыған емес. Қайта уақыт өткен сайын жалындап жана берді. Сенімен өткізген бес жыл менің ең бір бақытты сәттерім екен! Бірақ сол бес жылдың қадірін де кейін білдім ғой! Сол бес жыл ғана маған қуат беріп, түнге айналған өміріме шуақ шашып келеді. Сол сәулелі бес жыл…
– Менің де саған деген көңілім сол баяғыдай!.. Сенбейтін де, кінәлайтын да шығарсың!.. – Әйел көзіне жас алып, қыстығып сөйлей алмады.
– Кінәлап тұрғаным жоқ! Кінәла­маймын да. – Қалихан тағы темекі тұтатты. Түтінін ішіне жұтып жатқандай, құшырлана сорады.
– Оны да жаман адам деп айта алмаймын. Арманың мен Сағынышыңа қамқор болды, қолынан келген жақсылығын аяған жоқ. Ең бастысы, өгейсімедік, өгейсітпеді… Бізге керегі де сол еді. Әйтпесе, мен оған сүйіп-күйгендігімнен қосылған жоқпын!.. Бірақ сенсең, мен де сені бір көруді ғұмыр бойы армандадым. Оның жанында жатсам да, жүрегім сені іздейтін. Ғұмыр бойы саған деген сағынышым басылған емес. – Дауысы дірілдеп, көзі жасаурады, – Менде де жүрек бар, менде де сезім бар!.. Сені сағынып сарғайған сәттерімде Арманымды құшақтап мауқымды басатынмын. Аузыңнан түскендей, өзіңнен аумай қалған ғой, аумай қалған. Жүрген жүрісі, тұрысы, көзқарасы, шашының бұйралығына дейін өзіңнің жігіт кезіңді көз алдыма әкеледі. Арманымды көрем де, сені көргендей боламын!.. Сондықтан да менің жаным соның үстінде жүретін!.. Ол әрдайым сені… жастық шағымды еске салады… Сен де сондай едің!.. Мінезіне дейін ұқсайды. Сен сияқты өкпелегіш!..
– Мен әлі өкпелегішпін!..
– Не өкпелеп қалдың ба?
– Жоға… қайта қуанып тұрмын. Өксумен, өкінішпен өткен өмірімді сәулелендіре түсетін де осы кездесу. Менде осындай алданыштардан басқа ештеңе қалған жоқ.
– Мен сені баяғыда-ақ үйленіп алған шығар деп ойлап едім. Саған ғашық қыздар көп еді ғой. Есіңде ме, айналсоқтап қасыңнан шықпаушы еді, мен сені солардан өлердей қызғанушы едім…
– Жоқ, Сәулежан!.. Мен махаббатыма ешқашан да көлеңке түсірген емеспін! Жаным жаралы болса, жаралы шығар, бірақ кірлеген емес!.. Сол таза жүрегімді өзіңе қайыра ұсынғым келеді!..
– Менің… менің басқа отбасым бар ғой.
– Мен де сенің заңды күйеуің емеспін бе?!.
– Сен… сен… Оған көп уақыт өтіп кетті ғой!..
– Уақытпен ештеңе өлшенбейді ғой, Сәулеш! Саған деген махаббатымның мәңгі суымайтынын айту үшін, соны сезіндіру үшін сенімен бір кездесуді қырық жыл армандадым. Бұл кездесу маған осы үшін де қымбат.
– Қалихан-ау, менен артық сені кім білсін?!. Жаныңның жылылығы емес пе, ес-түссіз ғашық еткен.
Қалихан тағы темекі тұтатты.
– Не деген көп тартасың? – Әйел мүсіркей қарады.
Қалихан ештеңе естімегендей, еріндерін тістелей берді. Осы кезде талдардың арасынан үш-төрт қара мысық атып-атып шығып, бір-бірімен жарыса алдарынан жүгіріп өтті. Екеуі де тіксініп, бір-біріне үрпиісе қарады.
– Қайдан қаптап кеткен? – деді Қалихан оны жаман ырымға балап.
– Ана бір жерде қоқыс төгетін жәшіктер бар. Соны жағалайды…
Түн түңлігін қымтай жауып, қою­ланып келеді. Жаңбыр себезгілей бастады. Сумаңдаған суық жел Қалиханның қойны-қонышын тіміскілеп, бойын тоңазыта бастады. Бір сәт жанында қырық жыл көрмеген ғашығы келе жатқанын ұмытып кеткендей, өзімен-өзі ой қармап, үнсіз қалды. Кенет, есіне әлдене түскендей бойын тез жиып алып:
– Сәуле, – деді мойнын бұрып. – айтшы!..
– Не?.. – Әйел үрпие қарады. – Нені?
Қалихан бекер сұрадым ба екен дегендей, аз-кем кідіріп қалды да:
– Арманым мен Сағынышым кімнің атында? – деді сұраулы жүзбен.
Әйел ләм-мим деп тіл қата қоймады. Өзінен-өзі қысылып, қипақтай берді. Қалихан қыстаған жоқ, айтқызбай-ақ түсінді. Кеудесін кере ауыр күрсінді.
– Оларды сондай көргім келеді. Мен туралы айтып па едің, өзі?
Әйел көзіндегі жасты қол орамалымен жайлап сүртті де, үнсіз қалудың ретін таппай:
– Олар… біледі ғой енді… – деді иегі кемсеңдеп, – Қазір екеуі де бала-шағалы. Бәрі мені апа десе, оны… – күмілжіңкіреп, – оны ата дейді…
Қалихан төбесінен біреу суық су құйып жібергендей, сілейіп тұрып қалды. Одан әрі қазбалап ештеңе сұрамады, сұрағысы да келмеді. Тағы да темекі тұтатты. Сәлден соң тұнжыраған қалпы:
– Қырық жыл сарыала күздей сар­ғайып, бір көруді аңсап келгенде естиін дегенім осы ма еді, Құдай-ау… – деді дауысы бұзылып, – Мені осы күнге жетелеп келген үкілі үмітім еді. – Ауыр күрсінді.
– Сенің алдыңда өзімді мойныма қан жүктеген қылмыскердей сезінемін!.. – Әйел жүрек тұсын ұстап, еңкейе берді, – Ой, жаным… жаным-ай!
– Не?.. Не боп қалды? – Қалихан шошына тіл қатты.
– Жүрек қой, бәрін сезіп-біліп жатқан!..
– Иә, жүрек құрғыр сезгіш қой! Менікі де қысып жатыр… – Қалихан да алақанымен жүрек тұсын уқалай берді.
– Әне… анау менің үйім, – деді әйел алдыңғы жақта жарық жанып тұрған қараша үйді нұсқап. – Алаңдап отырған шығар! Әлі қызғанады… Сәл кешіксем, сөйлейді…
Өз ойымен әлек болып тұрған Қалихан оның сөзіне онша мән бере қоймады.
– Сәуле… – Көзіне көзін тура қадады.
– Ау…
– Біз кездесіп тұра аламыз ба?
– Кездесудің еш керегі жоқ деп ойлаймын!..
– Неге?
– Біз енді бір-бірімізге жатпыз ғой.
– Құдай-ау, сендерден жақын кімім бар?
Әйелдің иегі кемсең қақты.
– Жақынсың әрі жатсың! – Күрсініп, – Менің қазіргі жағдайым мүлде бөлек қой, Қалихан-ау! Сені түсінемін, сен де мені түсінші!.. Сен менің мәңгілік махаббатымсың! Құдай куә, мына өмірде сені сүйгендей ешкімді сүйгенім жоқ! – Жанары мөлтілдеп жасқа толды.
Тебіреніп кеткен Қалихан бойына бар күшін жия батылданып:
– Осы сөзің рас болса, қалған өмірі­мізді бірге өткізейік, Сәулеш! – деп ойындағысын айтып салды. – Сен де менің мәңгілік махаббатымсың!
Қапелімде не айтарын білмей іркіліп қалған әйел аз-кем үнсіздіктен соң:
– Адамның қолында көп ештеңе жоқ. Өмірдің бұлжымас өз заңы, әр пенденің өз жолы бар. Одан аттап ешқайда кете алмайсың. – деп күрсіне сөзін жалғастырды, – Және мен ар мен иманды шырақ етіп ұстап келе жатқан қазақ әйелімін. Енді қалған өмірімде сүттей ұйып отырған шаңырағымның шырқын бұзғым келмейді. Онсыз да өмір мені аяған жоқ!.. Сынаудай-ақ сынады. – Қыстығып, жанарынан жас сорғалады. – Әлі күнге дейін көзімнің жасы тиылмай келеді. Жанымның жарасы әлі жазылған жоқ. Жазылмайтын да шығар. Бізді қойшы, балалардың көңіліне сызат түспесінші!
– Түсіндім!.. – Қалихан ернін тістелей берді. – Мен сені жылатуға келгем жоқ!
– Жұбата да алмайсың!
– Сәулеш!.. – Қалиханның дауысы құмыға шықты.
– Ау!
– Арманым мен Сағынышымды бір көрсем деп едім!
– Қандай шешім қабылдасаң да, өз еркің! Бірақ мені араластырма. Шалым да білмей-ақ қойсын!
– Шалың білсе не болыпты, өз балаларым емес пе?! Ал екеуміз бәлкім, бақи дүниеде табысармыз.
– Өлгеннен кейін өмір жоқ қой!.. Ондай өтірік ертегіге сенбеймін! Енді мені жібер. Мәңгіге… Амандығыңды тілеймін!
– Бүйткен амандығы құрысын!.. – Қалиханның дауысы қатқылдау шықты.
– Ренжімеші!.. – Әйел Қалиханды құшақтап, басын кеудесіне тақап, қолымен арқасынан сипалады. – Сен ренжісең, маған екі есе қиын!
– Ренжімеймін! – Ғашығының көңілі үшін амалсыз өтірік айтты.
Әйел оған мұң тұнған жанарымен мөлтеңдей бір қарады да, үн-түнсіз бұрылып жүре берді. Қыстығып, жылап бара жатқанын байқады. Қалихан оған жәутеңдей қарап, сөлмірейіп тұрып қалды. Кеудесін қара мысықтар тырналап жатқандай, қыжылдатып әкетіп барады. Жүрегі қан жылап тұр. Бар асылынан айырылып қалғанын жанымен сезініп, еңк-еңк етіп егіле жылады. Қимайтын, айырылғысы келмейтін сияқты. Әйел артына қайырылып қарамастан, аяғын асыға басып үйіне кіріп кетті. Қалиханның үміті де сонымен бірге кеткендей болды: «Ең жаманы, үміттің өлгені екен ғой! – деді іштей күбірлеп, – Үмітпен өмір сүріп келіп едім!..»
Ғашығы қайта айналып келетіндей, үй жаққа жалтақтай қарайды. Бірақ көзіне тірі жан көрінер емес. Басы айналып, көзі қарауыта бастады. Үміті үзіліп, амалсыздан қайтуға бет алып, бұрыла бергені сол еді, талдардың арасынан тағы бір-екі қара мысық атып-атып шығып, жолын кес-кестеп өтті. Шошына селк ете түсті, жон арқасы шымырлап қоя берді: «Жол… жол сенікі… бақыт… бақыт па… бақыт… мее… жо… жоқ… сее… жо… жоқ… бәрі де сенікі…»
Не айтып, не қойғанын өзі де білмей, мәңгіріп тұрып қалды. Жүрегі қатты қысып, шаншып-шаншып өтті. Қол-аяғы дірілдеп, өз денесіне ие бола алмай, етпеттей құлап түсті. Әлі кетіп бара жатқан әлсіз қолдарымен қара топырақты ақырын сипалай берді: «Туған жердің топырағы-ай! – Көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті, – Іздеген бақытым осы шығар, бәлкім?!»
Осы сөзді айтты да, бойынан жан шығып кеткендей, қимыл-қозғалыссыз сұлық қалды.
Қараңғылық қоюлана түскен. Төңі­рек­ті тұман тұмшалап келеді. Қара аспан да қыстығып тұрса ­керек, селдетіп қоя берді.
Жаңбыр құйып тұр.

Думан РАМАЗАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *