«Жас келін» әнінің авторы кім?

Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында елімізде көптеген игілікті істер жүзеге асырылуда. Жоғалтқанымыз табылып, сөнгеніміз тұтанып, қазақ руханияты қайта түлеп келеді. Тәуелсіздігіміздің көк туы төбемізде желбіреп тұрғанда бұрынғыдай ешкім біздің жігерімізді жасытып, кеудемізден кері итермейді. Сондықтан барша жұрт болып ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, оны кеңінен жаңғырту жолында ізденістер жасап, оған барынша үлесімізді қосқанымыз жөн болар еді.

Өткен ХХ ғасырдың бел ортасында дүниеге келген біз ес білген бала кезден бастап радиоқабылдағыштан берілетін қазақ радиосының концерттеріне құлағымызды түріп өстік. Ол кезде қалалықтар болмаса дала халқы «телевизорды» естіп көрмеген де еді. Ауыл халқы, алыс жайлаулар мен мал қыстауларындағы малшылар елімізде болып жатқан жаңалықтарды ең алдымен осы радиодан естіп, өнер шеберлерінің шығармаларын осы радиодан тыңдайтын. Оның бір ерекшелігі – «Qazaq radıosy»-нан берілген халық әндері мен күйлері, халық композиторлары мен кеңестік кезеңдегі қазақ композиторларының шығармалары күні бүгінге дейін құлағымызда қалып қойған сияқты. Ол кезде музыкалық туындылар қазіргідей жасандылықтан ада, бәрі табиғи болатын. Солардың қатарында халық әні «Жас келін» әні ерекше әсем, жүрекке жылы естілетін. Онда бала болдық, әннің сөзіне емес, әдемі әуеніне ғана құлақ салдық. Сол кездері бұл әнді жұрт той-томалақтарда, ауыл сахналарында жиі айтатын.
Қазір осынау ән өте сирек естіледі. «Qazaq radıosy» өзінің алтын қорындағы халық әндерінен концерт бергенде арагідік болса да осы «Жас келін» әнін бағдарламаларына енгізіп те қояды. Енді міне, осы әннің сөздерін (мәтінін) ести отырып, оған ерекше тәнті болғандаймыз. Осы әннің мәтініне бастан-аяқ назар салып көрелікші.
Жетісу келген жерім Қыбырай елі,
Алатау бөктеріне қонған жері,
Ха-лә-лә-лә, ләйлім-ай.
Ақ басты Алатаудың құшағында,
Айнадай жарқыраған Ыстық көлі,
Ха-лә-лә-лә, ләйлім-ай.
«Қыз – жат жұрттық» деген халқымызда сөз бар ғой. Яғни ән авторы Жетісу жеріндегі Алатау бөктеріндегі Қыбырай руына өзінің келін болып келгендігін білдіреді. Бірақ ол кім екені белгісіз. Дегенмен ол қазіргі Қордай өңірін жайлаған Қыбырай жұртынан тараған көп атаның біріне келін болып түскен бір беймәлім жан екенін білдірсе керек.
Қайырмасы былай (әр шумақтан соң қайырмасы қайталанады):
Көрерсіз айды-ай,
Білерсіз жайды-ай.
Жас келін ән салудан
Жалықпайды-ай,
Ха-лә-лә-лә, ләйлім-ай.
Яғни өнерлі жас өзінің ән салу жағынан да жүйріктігін еске салғандай. Ал келесі шумақта:
Жаңа ел, жаңа жерге әнмен келдім,
Иіліп, тізе бүгіп, сәлем бердім,
Ха-лә-лә-лә, ләйлім-ай.
Ұлықсат ағалардан алғаннан соң,
Жолымды құтты қыл деп отауға ендім,
Ха-лә-лә-лә, ләйлім-ай.
Зер салып қарасаңыз, оның «әнмен келдім» дегені өнермен келдім дегенді меңзеп, ал «иіліп, тізе бүгіп, сәлем бердім» дегені халқымыздың салт-дәстүріне сай келінге тән ғұрыптық міндеттерін атқарып, одан әрі үлкендердің тілегінен кейін «жолымды құтты қыл деп отауға ендім» ақ отаудың табалдырығын аттай отырып, жұбайлық өмір ертеңіне жақсы ниетпен қадам басқанын білдіреді. Бұл сөздерден біз жас келіннің әдептілігін, ақыл-парасаты мол тәрбиелі жан екендігін байқаймыз.
Соңғы үшінші шумақта:
Сағыңды сындырмайын, ақын аға,
Сөзіме ақын аға берсе баға?!
Ха-лә-лә-лә, ләйлім-ай.
Ұлықсат үлкендерден алғаннан соң,
Қосайын тамашаны тамашаға,
Ха-лә-лә-лә, ләйлім-ай.
«Сағыңды сындырмайын, ақын аға, Сөзіме ақын аға берсе баға» деген қисыннан жас келіннің жасы үлкен аға ақынмен өзінің сөз қағыстыратын ақын екендігін де аңғартады. Бірақ ізет сақтайды. «Жас келін» әні негізінен осы екі ақынның айтысы кезінде шыққан ән бе деп те ойлайсың.
Ал әннің соңы «Ұлықсат үлкендерден алғаннан соң, қосайын тамашаны тамашаға» деп аяқталады. Ол үлкендер ұлықсат берсе, тамашаны тамашаға ұластырайын деп инабаттылық танытады. Бұдан жас келіннің сауықшылдығын, төске салса өрге озған, өрге салса төске озған жүйріктігін де байқатады.
Музыка маманы болмасақ та, осы «Жас келін» әнінің әуезінен бұрын-соңды қазақ әндерінің бірде-бірінде қайталанбайтын лирикалық мәнердегі ерекшелікті байқауға болады. Соған қарағанда әннің авторы мықты өнер иесі болғандығында дау жоқ. Тек ол адам уақыт қатпарында белгісіз болып қала берген. Әйтпегенде «Жас келін» әні халық әні есебінде аталмас еді ғой. Бірақ әннің авторы өмірде болғанына шүбә келтіруге болмайды. Ол өзі бәрін қолмен қойғандай айтып тұр емес пе. Мүмкін, ел ішінде бұл кісіні білетін көзіқарақты, ойы салмақты адамдар бар шығар. Осы бір өнер иесінен тараған ұрпақтары болып жатса тіпті ғанибет. «Ақынның аты өлсе де хаты өлмейді» демекші, қазақ музыка әлемінде мәңгілік қалып қойған осынау бірегей шығарма авторы туралы біле жатсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Әскен БӘТІШЕВ, зейнеткер
Қордай ауданы, Кенен ауылы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *