Қара өлеңге піріндей сыйынатын қаламгер

Қамбар Қойшыбайұлы өлке тарихын жаңаша пайымдауға үлес қосып келеді

Қарт Қаратаудың қапталындағы Талас ауданынынан тарих пен әдебиетке, төл өнерміз бен мәдениетке, ұлттық руханиятқа сүбелі үлес қосып келе жатқан атпал азаматтар аз шықпағаны баршаға мәлім. Солардың бірі – белгілі журналист, жазушы Қамбар Қойшыбаевты 75 жас мерейтойымен құттықтай отырып, қаламдас әріптесінің үзік ойларын жариялағанды жөн көрдік.

Соңғы жылдары қаламдасымыз Қамбар Қойшыбайұлы облыстық. республикалық басылымдарда , соның ішінде «Ауыл аймақ» газетінде де бірқатар зерттеу мақалаларын жариялады.Егерде туған еліміздің арғы-бергі тарихына, атамекен атауларына, атақты тұлғаларға қатысты жарияланымдардың қай-қайсы да көлемі үлкен-кішілігіне, қандай басылымда жарық көргеніне қарамастан тарихты тануымызға көмектесетінін ескерсек, онда тарлан журналистің жемісті шығармашылық ізденістерге барып жүргені үлгі етуге тұрады.
Жасы алты мүшелден асса да қалам –қағазды серік еткен Қамбар Қойшыбайұлы танымал тұлғалар көп шыққан Талас өңіріндегі Аманкелді ( қазіргі Сәду Шәкіров) ауылының тумасы.Атасы аймаққа белгілі жылқышы болған, ферма басқарған. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген.Буыны бекісімен тайға мініп, жер шолып, табиғат аясында өскен бала Қамбар мектеп бітірісімен ауылға қажет мамандықты игермек ниетпен Жамбыл зооветеринарлық техникумына оқуға түсті.Оны бітірген соң туған жеріне оралып, «Ойық» кеңшарының №4 фермасына зоотехник болып орналасты. Сол кезде-ақ аты аңыз болып айтылатын атақты директор Әнуарбек Тәжімбетов басқаратын шаруашылықтың даңқы дүрілдеп тұрған.Іскерлік ахуал бар жерде әрине, малшылар мен мамандардың құлшыныстары да ерен, өндірістегі жетістіктері де зор. Жас маман ісіне тез төселіп алды.Отарларды, ірі қара табындарын атпен жиі аралап тұрды.Осындай сәттерде қиялы шарықтап, табиғат көріністерінен алған әсерін ер үстінде келе жатып қағазға түсіретін.Өлең-жырға әуестігі мектеп қабырғасында жүргенде оянған. Тырнақалды жазғандары 1964 жылдың күзінен бастап аудандық газетте жарияланған.
Еңбек жолын жаңа бастаған шағы Қамбар Қойшыбайұлына осындай сәттерімен де ыстық.
– Ойық аулы менің қиял-арманымды қияға жетелеген, шығармашылығыма жол ашқан –киелі мекен,- деп еске алады бүгінде.
Өлеңге құштар жас маман өзімен қатар, бірге еңбек етіп жүрген өнерге бейім, әнші, күйші жастардың басын қосып, көркемөнерпаздар үйірмесін құрды. Өндірісте өнімді еңбек ете жүріп, бос уақыттарын өнерлерін ұштауға арнап, мәнді, мазмұнды өткізетін ойықтық жастар елге таныла бастады.
Кеңестік дәуірде тапсырылған істі атқаруда ғана емес, қоғамдық жұмыстарға қатысуда да өзін жақсы таныта білген, бойында ұйымдастырушылық қабілеті бары байқалған жастарды жоғарылатып отыратын. Зоотехник Қамбар Қойшыбайұлы аудандық атқару комитетіне нұсқаушылыққа шақырылды. Жұмысына төселе бастағанына аз уақыт өтпей облыстық «Еңбек туы» газеті ақындық сапарына сәт сапар тілеп топтама өлеңдерін суретімен қоса берді. Сол кезгі астана—Алматыдағы іргелі оқу орны- Қазақ мемлекеттік университетіне сырттай оқуға түсті. Мұның бәрі аз абырой емес еді.
Аудандық атқару комитетінде де жақсы атақты болып, аудан басшыларының назарына іліксе де мансап қуған жоқ. Өлең деп соққан жүрегінің әмірін тыңдады.Өз қалауымен ол кез «Ленин жолы», қазірде «Талас тынысы» аталатын аудандық газетке ауысты. Журналистік жолы осылай басталды. Сол жылдарда бірге қызмет істеген ақын Күләш Ахметова «Талас тынысында» жарияланған естелігінде былай деп жазғаны бар: «Газеттің сол кезгі редакторы Мүтәліп Ережепбаев пен редакция қызметкерлері Әбдірахман Әбдірәсілов, Қамбар Қойшыбаев өз тәжірибелері мен ақылдарын, жылы пікірлерін еш уақытта аяған емес.Алғашқы мақаламның, суреттеме, очерктен өлеңге дейін қалай талқыланып, қалай теріліп басылғаны көз алдымда».
Аудандық газетте де Қамбар Қойшыбайұлы өзін әр қырынан таныта білді.Бір өзінен 56 Еңбек Ері шыққан ауданда қол жеткен жетістіктерге арналған алқалы жиындарда озаттар өлеңмен таныстырылатын. Оның авторы әрине, бойында ақындық қасиет барын танытқан Қамбар Қойшыбайұлы . Ал, сахна сыртында микрофон ұстап тұрып оқитын, дауысы Левитаннан кем түспейтін әрі әншілігі де керемет Алтынбек Оразбеков еді. Екеуі ауданның әуесқой артистері Бейімбет Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі» комедиясын сахналаған кезде басты рольдерді орындап та ел қошаметіне бөленгені де өткеннің еншісіндегі оқиға.1969 жылы драмалық үйірмелер мен халық театрларының республикалық байқауында жоғары баға алған таластық өнерлі жастар ұжымы Мәдениет министрінің бұйрығымен «Ақкөл халық театры» атағын алуына да Қамбар Қойшыбайұлының қосқан үлесі бар. Туған ауданының атынан суырып салма ақындардың облыстық айтысына қатысып, Байзақ ауданының өкілі Әлен Мәдешовпен тең түсіп, жыр додасынан жүлделі оралғаны да сол жылдары.
Қолтаңбасы қалыптасқан, қай тақырыпқа да еркін жазатындығымен танылған әрі Қазақ мемлекеттік университетінің журналисика факультетін сырттай оқып бітірген Қамбар Қойшыбайұлы 1972 жылы облыстық «Еңбек туы», қазіргі «Ақ жол» газетінің Талас ауданы бойынша меншікті тілшісі қызметіне шақырылды, аз уақыт істеп, сыннан өткен соң, редакция аппаратына алынды. Ауыл шаруашылығы бөлімінің аға тілшісі болып еңбек етті. Майталман журналистердің ортасында шеберлігін ұштап, ауыл шаруашылығы тақырыбына қалам сілтеуге әбден төселді. Екеуміздің танысуымыз да осы кез.
Қамбар Қойшыбайұлы 1984 жылдың жадыраған жаз айында қалаға тиіп тұрған Байзақ ( ол кез Свердлов атында) аудандық газетінің бас редакторы болып келді.
Бұл шақта мен « Село жаңалығы» — «Сельская новь» деген қосарлы атпен қазақ және орыс тілінде екі бөлек, аптасына үш рет шығатын осы газетте ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып істейтінмін. Редакциямызда қалыптасқан шығармашылық ұжым бар еді. Бағымызға орай, жаңа редакторымыз ұстамды, сабырлы адам болып шықты.Ешкімді орнынан қозғаған жоқ.Негізінен бөлім меңгерушілеріне арқа сүйеді, тақырыптық жоспарлардың орындалуын талап етіп отырды. Қамбар Қойшыбайұлының бүгінде Роза Мецгер, Света Бирюкова сынды бір кезгі әріптестерін алғыспен еске алатыны сондықтан.Орыс редакциясында кадрлар тұрақтамайтыны көп қиындық тудыратын.Осындай кезде институтты жаңадан бітірген Нұрғали Әбілдаев келіп, олқымыз толған еді.Орыс тілінде жазатын, елгезек Нұрғали жұмысына тез төселіп кетті.Аудандық партия комитетінің назарына ілікті. Солардың нұсқауымен партия қатарына қабылдадық, әрине, кепілдеме жазғандардың бірі өзім болдым. Көп ұзамай аупарткомның аппаратына нұсқаушылыққа шақырылды. Одан облыстық партия комитетіне ауысты, әр жылдарда қалалық газет редакторы,қала әкімінің орынбасары болды.Кейінірек журналистікке қайта оралып облыстық «Знамя труда» газеті бас редакторының орынбасары, «Вечерная Астана» газетінің бас редакторы болды. Бүгінде республиканың бас басылымы – «Егемен Қазақстанда» қызмет істейді.
Тағы бір жас , он сегіз жасында фототілші болып келген, Ынтымақ аулының тумасы Желеу Бұралхиев аудандық газетте істеп жүргенінде ішкі істер қызметіне шақырылды.Талас аудандық мемлекеттік автоинспекциясының бастығы қызметінен, подполковниек шенінде зейнетке шықты. Тараз қаласында тұрады.
Әлі есімде, 1985 жылы баспасөз мерекесі- 5 мамыр қарсаңында облыстық полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитет жыл сайын ұйымдастыратын байқау қорытындысын жариялады. Біздің аудандық газет екінші орынды жеңіп алғанын біліп, мерейіміз тасығаны бар.
Қандай жағдайда да сабырлы қалпынан танбайтын Қамбар Қойшыбайұлы бәрімізге жайлы басшы болған еді. Бір таңқаларлығы— сөзге сараңдығы, ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтіні, сирек күлетіні тұңғыш редакторым Ғани Әлиевтен еш аумайтын. Кейін ғой , облыстық газетке ауысқанымда «Знамя труда» газетінің ақпарат бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген Ғани ағамызбен бір әңгіме үстінде Қамбар Қойшыбайұлы екеуінің бір ауыл, бір елден екенін білгенім. «Адам топырағына тартып туады» деген бар. Бір кездері аудандық газетке Ғани ағамызды іздеп келіп тұратын Шона Смаханұлының, өмірден ерте кеткен талантты ақын Серік Томановтың кіндік қандары тамған Ойық топырағында бір қасиет барына шүбәсіз сенемін.
Тәуелсіздік жылдары «Ауыл жаңалығы» атанған аудандық газеттің 70 жылдығы 2010 жылы аталып өтті. Осы шарада өзгелермен қатар Қамбар Қойшыбайұлын да жолықтырып, бір жасап қалғанымыз күні кеше сияқты.Оның Байзақтан кейін Талас аудандық газетінде жемісті еңбек еткенін, бертінде аудандық мәслихат депутаты, аудандық мәслихат тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланып, осы қызметтен зейнеткерлікке шыққанын, Тараз қаласында тұратынын білуші едім.
Сол күннен бері де он жылға таяп қалыпты. Осы уақыт ішінде мақаламның әлқиссасында айтқанымдай, Қамбар Қойшыбайұлы аз да болса, саз жазып зерттеу мақалаларымен көрініп келеді.Ұлт газеті «Ана тілі», тарихи тақырыптарды кеңінен қозғайтын «Түркістан», өз облысымыздағы «Ақ жол», «Арай», «Ауыл аймақ», «Ғұмыр дария» газеттерінің оқырмандары оның есіміне қанық. Рас, кітап шығара қойған жоқ.Есесіне республикалық журналдар мен баспалардан шыққан жинақтарға енген еңбектері баршылық.2010 жылы «Сенім» Жамбыл баспа орталығынан «Ақтаңгер» деген атпен шыққан кітап Қамбар Қойшыбайұлының осы аттас көлемді естелік-эссесімен ашылады.Оқи отырып ел мен жер шежіресіне жетіктігіне, өзі де қамқорлығы мен шарапатын көрген Әнуарбек Тәжімбетов пен оның үзеңгілес серіктерінің халқына сіңірген еңбектерін, биік адамгершілік қасиеттерін ұтымды жеткізе білген шеберлігіне риза боласыз.
Тарихтың нанымды деректерге сүйеніп жазылғанына жетер не бар? Қай тақырыпты қозғамасын Қамбар Қойшыбайұлы шежірелі әңгімелерге жетік ауыл қарттарынан естігендері мен мұрағаттарды ақтарып тапқан құжаттарға сүйенеді. Содан да сөзі дәлелді, айтқан пікірі қисынды.Осыдан да болар ұмытылған жер-су атаулары, кеңестік биліктің ел мен жерге тигізген зардаптары туралы бұрын айтылмай келе жатқан жайларды арқау еткен «Шымылдықтау. Көсегеннің көк жоны» , «ГПУ қиратқан кесенелер», «Көсемге хат жазған Құлжабай» , тағы басқа да зерттеу мақалалары қызықты оқылады.
Кеңестік биліктің өктемдігі дегеннен еске түсіп отыр, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде, Талас ауданына ағын су бөлуде әділетсіздік орын алған еді. Осының салдарынан малды өңірдің экологиялық ахуалы нашарлап кеткені сол шақта аудандық газетте істеп жүрген Қамбар Қойшыбайұлын аз толғандырған жоқ. «Өзен, көлге кім ие?» деген көлемді мақала жазып, «Ленин жолында» жариялады. Онда ағын су бөлуде алақолдық танытып отырған облыстық деңгейдегі басшылардың аты-жөндерін тізіп атап, облыстық агроөнеркәсіп комитетінің (облыстық ауыл шаруашылық басқармасы ол кез осылай аталатын) төрағасының орынбасарының Талас ауданының жерінде, дәлірегі «Бостандық» кеңшарының Жамантұз аталатын өңірінде облыс шаруашылықтарынан жиналған барлық улы химикаттар қалдықтарын төгетін көмбе салу туралы ұсынысын өткізбек қаракетпен шешім қабылдатқалы жатқанын айтып дабыл қақты. Ағын су орнына, у бермек, Ақкөлді «екінші Арал» жасамақ ниеттерін әшекереледі.
Журналист мақаласы үлкен пікір туғызды. Құлақтанған ел дабылы жоғары орындарға жетіп аудан бір қатерден құтылды…
Мақаламыздың кейіпкерінің қалам қарымын танытатын мұндай мысалдарды көптеп келтіре аламыз.Көзкөргендерін, өз басынан өткергендерін де эссе- естеліктеріне арқау етіп келеді.Кезінде өзі оқыған техникум түлектері туралы «Қақтық қанат Құланнан» атты көлемді эссе жазды. Артынша осы оқу орнының алғашқы түлектерінің бірі болған, есімі әлемге танылған жазушы туралы « Айтматов және оның Жамбылдық курстастары» мақаласы жарияланды.Сәл кейінірек қаламынан туған « Әулиеата әм Айтматовтар әулеті» ( «Ауыл аймақ», 29 желтоқсан 2018 жыл) де оқырмандарына тың деректерге қанықтырды.
Талай ұрпақ шырқаған, жұрт аузынан түспей келе жатқан «Жамбыл жастарының вальсі» әні қалай туған?». Қамбар Қойшыбайұлының осындай тақырып қойылған мақаласы сазгер Садық Кәрімбаев пен ақын Шона Смаханұлының шығармашылық одағы туралы әсерлі баяндайды.
Өлке тарихын жаңаша пайымдауға үлес болып қосылған осындай сүбелі мақалаларымен танылған Қамбар Қойшыбайұлы өлең жазуда да өз өрнегімен көрініп жүр. Ұлт газеті «Ана тілінде» шыққан «Дүниенің басы- шын, арты жалған» топтамасында кісілік келбетін арман өлшеуге, осы арқылы артқа үлгі қалдыруға үндейді. Ал, «Тарихтың тіні, қазақтың ділі-қара өлең» топтамасына енген жырлары да оқырмандарды бей-жай қалдырмайды.
Деректі өлеңдер, толғаулары да өз бағасын алып жатыр.Бір мысал, «Таласта тумаларым тұрады» деген дана тұлға, елу жыл ел ағасы болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ата-бабаларының мекеніне келіп тұрғаны белгілі. Осы жайында Қамбар Қойшыбайұлы «Дегдар Димаш» атты толғау жазды. Оны Халықаралық Қонаев қорының облыстық бөлімшесіне келіп, қор мүшелері алдында оқып берді.Дана тұлғаның халқына сіңірген еңбегі, бойындағы адами қасиеттерін өлең жолдарымен жеткізе білгені өз бағасын алды.Толғау осы жолдардың авторы құрастырған «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» естеліктер жинағының бірінші кітабына енді.Кітап үлкен сұранысқа ие болып, тез тарап кетті. Содан да облыс әкімдігінің нұсқауымен қосымша мың данасы шығарылып, облыстың барлық кітапханалары алды.
«Менің пірім әрдайым сыйынатын, қасиетті қазақтың қара өлеңі».Бұл – Қамбар Қойшыбайұлының жүрегін жарып шыққан өз сөзі, қаламгерлік ұстанымы.
Бүгін Қамбар Қойшыбайұлы 75 жасқа толды.Өмірінің осынау белесіне қаламгерлік қаракетін тоқтатпай, абыроймен көтеріліп отырған сыйлас әріптесімізге алда да мықты денсаулық, шабытты шығармашылық тілейміз.

Тұрсынхан Толқынбайұлы,
журналист
Тараз қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *