Аудандағы маңызды мәселелер айтылды

Жуырда облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Т.Рысқұлов ауданына барды. Сапар барысында өңір басшысы аудандағы бірқатар шаруа қожалықтарын, өндіріс орындары мен әлеуметтік және білім, денсаулық сақтау нысандарын аралады. Сондай-ақ, аудан тұрғындарымен және жастармен кездесулер өткізді.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Т.Рысқұлов ауданындағы жұмыс сапары «Луговой Жылқы Зауыт» ЖШС-нің құрама жем дайындау зауытының жұмысымен танысудан басталды.
2016 жылы құрылған зауыт бүгінде 11 пайыз қуаттылықта жұмыс атқаруда. Жылына 12 мың тонна өнім шығаруда. Кәсіпорын жүктемесін толық қуаттылығына көтеру мәселесі көтеріліп отыр. Айта кетейік, зауыт толық жүктемесімен жұмыс жасаған жағдайда жылына 109 мың тонна мал азығын дайындауға қауқарлы болмақ.
Қазіргі таңда 5 адам зауыттың жұмысын дистанционды түрде басқаруда. Олардың орташа жалақысы 92 мың теңгені құрайды. Өндірістің өнімділігімен танысқан өңір басшысы мал азығының сапасы мен тауар өндірудегі тиімділік тетіктерін атап көрсетті.
Бұдан әрі облыс басшысына ауданның әлеуметтік-экономикалық тыныс тіршілігі жайлы презентация көрсетілді. Онда ауыз су, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, білім, мәдениет, Құлан ауылының бас жоспары мен жобалары таныстырылды. Бас жоспарға қатысты мәселе көптің көңілін күпті етті. Себебі баспана салуға берілген жер аумағы егістікке тиесілі болып шыққан. Салдарынан жұмыс басталмай тұр. Қаражат бөлініп қойған. Істің қалай бұлай болғанына аудан әкімшілігіндегі мамандар да аң-таң. Барлығы бір ауыздан енді тек облыстық маслихаттың шешімін күтіп отырмыз дейді. Облыс әкімі бұл мәселенің анық-қанығын жан-жақты зерделеуді тапсырды.
Содан соң аймақ басшысы Асқар Мырзахметов Көкдөнен ауылдық мәдениет үйінің фоэсінде аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуге көп балалы аналар мен зиялы қауым, ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңестің өкілдері қатысты. Онда негізінен аудандағы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың әлеуметтік мәселелері көтерілді. Жиында Көгершін ауылының ақсақалдары облыс әкімінен мәдениет үйінің қажеттілігін айтып, мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қарайласуды сұрады. Негізінде бұл ауылда қаншама уақыттан бері қаңқасы қалған, қазірде жеке меншікке өтіп кеткен нысан бар екен. Бірақ оның иесі меншігін 110 миллион теңгеге бағалап отырған көрінеді. Оның орнына облыс әкімі қазіргі заманауи тұрғыда тиімділігі мойындалған шағын мәдениет үйін салудың артықшылықтарын атап өтті. Және сол орталықта жұмыс жасайтын ақпараттық орталықтардың жұмысымен де халықты түбегейлі таныстырды. Мектеп мәселесінің де мүмкіндігінше назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Ал ауыл әкімдігінің тозығы жеткен ғимаратын шаруа қожалықтармен тығыз әріптестік байланыс орнату арқылы да шешуге болатынын ұсынды. Жақсылық ауылының тұрғындары 15-20 жыл бойы жер ала алмай жүргендерін жайып салды. Және ауылға 4 жыл бұрын су жүргізгендер арық атыздарының барлығын тас-талқан етіп, қайта қалыпқа келтірмегендігіне шағымданды. Сондай-ақ, таудан келетін ағын су тастақ жермен ағатындықтан, ауылға судың 5-тен 2-ақ пайызы келетін көрінеді. Сол үшін каналға мұқтаж екендерін жеткізді. Ал Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары көгілдір отын сұрады. Айтуларынша, осыдан 5 жыл бұрын газ тартып беремін деп уәдесін үйіп төккен бәз біреу, халықтың ақшасын жымқырып, жұмыстың 5-ақ пайызын тындырып, тайып тұрған. Содан бері одан хабар да жоқ, көгілдір отын да көзден бұлбұлдай ұшқан. Аталмыш ауылтұрғындары дәрігерлік аудитория ғимаратының да ескіргенін жеткізді. Ауыз су мәселесі 7-8 жыл бойы жергілікті халықтың жанайқайына айналса да, әлі күнге шешімін таппаған. Жобалық сметалық құжаттары да әлдеқашан әзірленген. Тұрғындар ауыз су егістіктен артылмайды деп отыр. Құлан ауылындағы жалғызбасты көпбалалы аналар баспана мәселесін көтерді. Асқар Исабекұлы бұл тұста көпбалалы отбасылардың саны бойынша Түркістаннан кейін Жамбыл өңірі екінші орында тұрғанын тілге тиек етіп, баспана мәселесін шешуде аудан әкіміне бірінші кезекте көпбалалы, жалғызбасты аналарды назарда ұстауды тапсырды. Сондықтан ауыл әкімдері салынған уақытысы жиырма жылдан аспаған бос үйлердің тізімін, баспанаға мұқтаж отбасылардың құрамын шұғыл анықтап, берулері қажет екендігі міндеттелді. Жақсылық ауылының тұрғындары мал жайылымы мәселесін де назардан тыс қалдырмады. «Жайылымдық жер болмаған соң, мал асырау да қиындады дейді» олар. Аудандағы ауылшаруашылығы саласының мамандары мәселенің бар екенін мойындап отыр. Сондықтан олар ауылдан 5-7 шақырым аумақта жатқан жерлер қайтарылып, ауыл игілігіне беруді жоспарлап отыр екен. Луговой ауылының тұрғындары трассадағы көлік бақылау инспекциясының көзіне түспеу үшін ауыр жүк көліктері ауыл ішімен айналып өтіп, салдарынан тақтайдай жолды тас талқан еткенін жеткізді. Және 10 мыңнан аса жергілікті халықтың басым көпшілігі жастар болғандықтан, спорт кешенінің қажеттілігін айтты. Асқар Исабекұлы ауыл жолын жүк көліктеріне шегелей шектеуді тапсырып, спорт кешені жоспарда тұрғандығын жеткізді. Ал құландық тұрғын инклюзивті білім беруге ауыл мұғалімдерінің біліктілігі жетпейді деп сынға алды. Мүмкіндігі шектеулі баласын ортадан бөліп, дөрекі мәнез танытқан медицина мен білім саласының мамандарына назын айтты. Облыс басшысы бұл мәселені шешуді жиын барысында бірден өзінің орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызына жүктеді. Айтылған факті бойынша жұмыс жасап, ісіне салғырт қараған мамандарға қажет болса қатаң шара қолдануды тапсырды.
Кездесуде тұрғындардың тілек-өтініштерін тыңдаған өңір басшысы көпшіліктің әрбір сұранысы мен мәселесіне жеке-жеке тоқталып, қажетті көмектердің барлығы мүмкіндігінше жасалатынын жеткізді.
Облыс әкімі «SV Агро» ЖШС-нің 150 га қарқынды алма бағының жұмысымен танысты. Жоба құны 5,3 миллиард теңге болатын бақта алма және шие ағаштары өсірілуде. Көшеттер Польша, Ресей, Италия мемлекеттерінен әкелінген. Маусым кезінде мұнда 100-ден аса адам жұмыспен қамтылады.
Асқар Исабекұлы Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханасына ат басын бұрып, жай-күйін барлады. Құлан ауылында орналасқан аурухананың жұмысы, дәрігерлік құрамы туралы бас дәрігер Шындос Мырзалиев баяндады.
Т.Рысқұлов ауданындағы жұмыс сапары барысында Асқар Мырзахметов «Астана» шаруа қожалығының сүт өнімдерін өңдіретін шағын зауытына арнайы барды. 2016 жылы құрылған зауыттың жобалық құны 80 миллион теңгені құраған. Ал, жобалық қуатына келер болсақ, кәсіпорын тәулігіне 5, жылына 1500 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы.
Сондай-ақ, өңір басшысы ауданға қарасты ауылдық округ әкімдері және бизнес өкілдерімен кездесті. Кездесуде кәсіпкерлер өз жұмыстарын жандандыру барысында туындап отырған түйінді мәселелерді алдыға тартты. Асқар Исабекұлы өңір экономикасын көтеру үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту керектігін, ол үшін тиісті барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалатынын жеткізді. Облыс басшысы әр ауылда кем дегенде бір ауылшаруашылық кооперативтерін құрудың маңыздылығына тоқталды.
А. Мырзахметовтің Т.Рысқұлов ауданындағы жұмыс сапары аудандық Мәдениет үйінде түйінделді. Онда Асқар Исабекұлы ауданның бір топ жастарымен кездесті. Айта кетейік, бүгінде ауданда барлығы 64 443 халық бар болса, оның 14 453-і, яғни, 22 пайызы жастар. «Жастар жылына» орай ауданда ауқымды шаралар қолға алынған. Жастарды әлеуметтендіру жұмысы да назардан түспек емес. Ағымдағы жылы 718 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланса, алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша 192 жас жұмыспен қамтылыпты. Ауданда өткен жылы «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту жобасы аясында 24 жоба ұсынылып, 12 жоба грант иегері атанған. Оның 4 жобасы жалғасын тауып, жастар өз кәсіптерін дамытуда. Жас кәсіпкер Фарида Қылышова шаруасын одан әрі шарықтату үшін қолдау сұраса, студент Нұрсұлтан Берікбаев мамандық таңдау бойынша өңір басшысынан кеңес сұрады. Асқар Исабекұлы қыз баласының сұлулық салоны секілді көз үйренген кәсіппен шектеліп қалмай, ауылшаруашылығы саласына ден қойғандығын ерекше атап өтіп, алдағы уақытта қиындықтарды жеңе білуге дайын болуды, ісінің өнімділігін өрістетуді тілге тиек етіп, оның мәселесіне жауапты мамандарға қолдауды тапсырды.
Осылайша аймақ басшысының Т.Рысқұлов ауданындағы жұмыс сапары қорытындыланды. Бір күндік іс сапары барысында ауданның басты бағыттары – экономикалық және әлеуметтік салалардағы жұмыстар сараланып, бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Мұрат ӘЛІМ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *