Мал баққанға бітеді

Қаратау ауылдық округі аумағында орна­ласқан «Дулат» — мемлекет тара­пынан көрсетіліп отырған қол­дау­ларды тиімді мақ­сатқа жұмсап отыр­ған шаруа қо­жа­лық­тарының бірі.
Бүгінде мүйізді ірі қара мен жылқы түлігінен бөлек, уақ мал басын 800-ге жеткізген шаруашылықтың алға қойған жоспары аз емес.

Мал шаруа­шы­лығымен 2014 жылдан бастап ай­на­лы­сып келе жатқан шаруа қожалығы екінші деңгей­лі банктен алған субсидия арқылы қажет­ті техника­ның қатарын толықтырған.
Айналдырып отырған істің тыныс-тіршілігі жайында шаруа қожалық төрағасы Такфир Гайсин: — «ЦентрКредитБанкі» АҚ-нан алған несиенің көп көмегі тиді. Техникадан бөлек, су тарттық. Мұның барлығы мемлекеттің іске ниет білдірген азаматтарға жасап жатқан қолдауларының арқасында жүзеге асып отыр. Сарысу ауданының шекарасында қоныс тепкенбіз. Аймақтың ауа-райы құбылмалы. Қысы қатал, бораны жиі. Бірақ, биылғы қыс малға да, жанға да жайлы болды. Жем-шөптен қысылмай шықтық,- деп жауап берді.
Жердің тоңы жібіп, күннің райы жылына шаруалардың мал төлдету науқанына қызу кірісетін шағы. Сәуір айының соңына дейін жалғасатын жауапты шақтың жұмысы айтуға ғана оңай. Өйткені, мал төлмен көбейеді. Осы көктемде аталған шаруа қожалығы 600 уақ малдан төл алмақ. Өткен жылмен салыстырғанда биыл төл басында өсім бар. Сақпанға байланысты малшыларды да арнайы жалдаған. Байқағанымыз, малшылардың тұрағы ешбір үйден кем емес. Сыртына дейін жөндеу жүргізілген, шағын, бөлек-бөлек екі отбасына шақталған. Еңбекақылары тұрақты.
Шаруа қожалығында мемлекеттің ет өнімдерін экспорттау тапсырмасы аясындағы жұмыстар да жолға қойылып келеді. Мәселен, өткен жылы «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС, «Меркі ет комбинатына» ЖШС-не 300-ге жуық уақ мал еті тапсырылған. Биыл өткізілетін ет өнімі нақтылану үстінде көрінеді.
Мал өсірудің машақаты аз емес. Мұны баққан адам жақсы біледі. Жалғыз адамға тіптен ауыр. Болашақта түлік басын көбейтуді көздеген Такфир Гайсин шаруаға екі баласын да тартқан. Жұмыс қолғабысын тигізген адамдармен жеңілдейді. Қазір олар да қат-қабат қызу тірліктің ортасында жүр.
Шаруа қожалық төрағасының алдағы жоспары да ауқымды. Ет комбинаттарына уақыт алдырып, артық қаражат шығындағаннан гөрі аумақтан сойылған малды сақтайтын мұздатқыш салу тиімді көрінеді. Ол үшін басты мәселе-электр желісін тарту.
– Егер ондай цех соқсақ, етті сақтауға жеңіл. Сондай-ақ, мекемеге өткізу де ыңғайлы болар еді, – дейді Тафирдің өзі.
Жалпы, кәсіптің оңайы жоқ. Десек те, мал шаруашылығымен айналысудың да қиындығы жетіп артылады. Түлікті бағудың тірлігі ешқашан таусылған емес. Төлдету аяқталысымен, мал қырқу науқаны басталады. Осылай кезегін күткен қауырт тірлік. Бастысы-бейнетке бейімделе білу керек. Өйкені, мал баққанға бітеді.

Нарбол Қашаған

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *