Жаңа кітап жарық көрді

Сарысу ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуына, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, аудан тұрғындарына көзі тірісінде-ақ сыйлы, бауырдай болған, күнді түнге, түнді күнге ұластырып, уақытпен санаспай еңбек еткен айтулы, атпал азаматтарымыздың бірі – Қырықбай Асанұлы еді.
Қырықбай Асанов еңбек көрігін қыздыруды шебер ұйымдастырумен қатар, өмірде кездесетін сан қилы оқиғалар жайында қиып айтатын сөзтапқыштығымен жерлестерінің есінде мәңгі қалған тұлға. Соның жарқын айғағы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жерлесіміз Бергентай (Байбол) Нұрмаханұлы «Қырық қырлы Қырекең» атты екі бөлімнен тұратын кітабын жарыққа шығарды. Шын мәнісінде кейіпкердің қырық қырлы екендігіне кітапты оқыған кезде көзің жетеді. Шалғай жатқан ауданның шаруасын өрге сүйреу үшін қатты да, тәтті де айта жүріп, ағадай ақыл беріп, құрдастай әзілдесіп, еңбек адамдарын, басшы, қосшыларды жұмысқа жұмылдыра білген Қ.Асанов терең психологиясын, адуынды алғырлығын, адалдығын кітап материалдарының өн бойынан байқайсың. Кітап жас басшылар мен әлі жетіле қоймаған тәжірибесі аздау маман жұмысшыларға көмекші құрал іспеттес. Кітапта Қырекеңнің өмірлік жарқын жолдарын замандастары мен әріптестерінің естелік жазбалары арқылы нанымды жақсы жеткізген және көркем безендірілген. Жақын күндері қалың оқырман қауымының қолына да тиетін болады.
Әрқашан демеушілік, қайырымдылық шараларының ортасынан табылатын, көмек қолын созуға дайын тұратын облыстық маслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, Сарысу, Талас және Созақ аудандарының Құрметті азаматы, «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендерінің директоры Мұратқали Бақыткерейұлы Сәрсенов осы кітаптың баспаханадан шығарылуына қаржылық демеушілік көрсетті.
Қ.Асановтан тараған ұл-қыздары, ағайын туыстары Мұратқали Бақыткерейұлына шексіз алғыстарын білдіріп, алдағы уақыттарда да еңбекте табысты болып, шырқау биіктерден көріне беруіне тілектестік білдіреді.

Д.Ақділда,
Әкімшілік-шаруашылық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас менеджер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *